Түйінді мәселелердің тиімді шешімі

npo Жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйым өкілдері облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуовамен кездесті. «Атырау Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында фасилитация форматында өткен басқосуда алдымен басқарманың 2023 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік жобалары таныстырылды.

Бүгінде облыста 752 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соның ішінде 192-сі белсенді жұмыс атқарып келеді. 624 бірлестік Атырау қаласында ашылса, қалғаны аудандарда тіркеуде. Биыл басқарма үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен 18 жобаны жүзеге асырмақ. Оның 8-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде, қалғаны грант бойынша жүргізіледі.

– Осы жұмыстар аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жобалық кеңсе жұмысы ұйымдастырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді шаралар да бар. Жастарды уақытша маусымдық жұмысқа орналастыруда «Жасыл ел» еңбек жасақтары негізінде қызметтер көрсетіледі. «Көңілді тапқырлар клубы» қозғалысын дамыту, жастардың стартап жобаларын қолдауға бағытталған «Atyrau youth hackathon» инновациялық идеялар жобасы да қолға алынады, – деді Гүлнұр Жалғасқызы.

Ал, грант бойынша халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту іс-шаралары жасалады. Сонымен қатар, жастар бастамаларын қолдау және белсенділікті арттыруда коворкингкеңістік құру жоспарланған. Ақпараттық технологиялар құралдары арқылы жастардың шығармашылық әлеуетін және ақпараттық-коммуникативтік қабілеттерін жетілдіру де көзделсе керек.

Бұрынғыдан өзгерек ұйымдастырылған бұл күнгі басқосу қоғам белсенділерінің өзара пікір алмасып, ойларын ортаға ашық айтуына мүмкіндік берді. «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шахарман Ерсейітова биылға жоспарланған жобалардың ішінде ұлттық құндылықтар, соның ішінде ұлттық киімдерді жаңғырту жобаларының орын алмағандығына жұрт назарын аударды. Ал, «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев осыдан 8 жыл бұрын БҰҰ дайындаған «Тұрақты даму мақсаттарына» қоғамның әлі қол жеткізе алмай жүргенін басым айтты. Кездесуге әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын 25 үкіметтік емес ұйымның өкілі қатысты. Олар 4 топқа бөлініп, басқарманың үкіметтік емес ұйымдармен қолға алған биылғы жобаларды бірлесе талқылады.

Алдағы уақытта іске асырылар жұмыстарды саралап, нақты ұсыныстарды алға қойды. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын жобаларды жандандыру, білім бағытындағы гранттарды көбейту және гранттарға өтініш беру туралы курстарды жиі өткізу, үкіметтік емес ұйымдарға арналған орталықтандырылған ғимарат ашу туралы ұсыныстар айтылды. Жиын соңында басқарма басшысы Гүлнұр Сүйеуова талқыланған мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап айтты.

– Бүгінгі жиында айтылған ойпікірлердің әрқайсысы өзекті. Алаңға жиналған топтар өте орынды мәселелерді көтерді. Биыл шілде, тамыз айларында үкіметтік емес ұйымдармен жасалатын жобалардың келесі жылғы жұмыс жоспары жасақталады. Сол кезде осы кездесуде айтылған сұраныстарды саралап, жобаға енгізу қарастырылады, – деді ол.

Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері «келесі басқарма басшыларымен кездесу форматы осы бағытта жалғасса» деген ойларын да айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз