Теңіз жағасындағы теңдессіз порт
Жылыой ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында екі кезеңдік құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Алдымен, Құрсай каналына шлюз қондыру жұмыстары қолға алынуда. Екіншіден, Батыс Прорва кен орнынан бес шақырым жерде жаңа өзен порты салынуда. Енді «ТШО» мекемесіне қажет және басқа да мақсатта ең ауыр жүктер Атырауға су жолымен жеткізілетін болады. Порттың 90 пайызы «ТШО», қалғаны «ТенгизСервис» ЖШС-не тиесілі болмақ. Сондай-ақ, порттан Прорва кен аймағы мен Теңіз кенішіне дейін жол төселеді. Шамамен 2022 жылы үшінші буын зауытының құрылысы мен 2025 жылы 160 ұңғыманың бұрғылау жұмысы біткен соң, ол «ТенгизСервис» мекемесінің құзырына өтпек.
Порт құрылысы «модуль» деп аталатын бес тоннадан жоғары салмақтағы жабдық блоктары арқылы орындалады. Модульдерді тасымалдаушы кемелер Вьетнам мен Румынияда құрастырылады. Қазір алғашқы кемелер де дайын болды. Бір блоктың салмағы екі тоннаға жуықтайды. Олар Қазақстан, Оңтүстік Корея және Италияның өндіріс алаңдарында дайындалып, Теңізге тасымалданатын болады.
Жалпы, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға компания өткен жылдың бірінші жартысында 200 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады. Былтыр Маңғыстау облысында «ЕРСАЙ» өндіріс алаңында жүк түсіру, тиеу жұмыстары мен көліктің өтуіне арналған құбыр эстакадасының құрылысы басталды. Ал, Италияда газ-турбиналық генераторлар дайындалып жатыр.
Тұтастай алғанда, Келешек кеңею және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобалары қолдағы қаражатты үнемдеу мақсатында бірге дайындалады. Табысты түрде жүзеге асқан Шикі газ айдау – Екінші буын зауыты жобасына сүйене отырып, ККЖ мұнай өндірісін жылына шамамен 12 млн. тоннаға (тәулігіне 260 мың баррельге) ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Атқылаушы ұңғымалардың ернеуіндегі қысымды азайтып, қолданыстағы алты технологиялық желі қысымын арттыру арқылы Теңіздегі зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуіне жол ашылмақ. Осылайша, Келешек кеңею және Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобаларының нысандары қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай жобаланып, салынады. Аталған жоба арқылы көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тауарлар мен қызметтер кең ауқымда пайдаланылатын болады. Ал, бұл өз кезегінде ел экономикасына орасан зор пайда әкелмекші.
Амандық Абдол