«ТӘУЕЛСІЗДІК – ТІРЕГІМ, ТӘБӘРІГІМ!»
Додаға түскен 14-17 жас аралығындағы өнерлі өрендердің бірі өзін вокалдық қырынан танытса, енді бірі актерлік шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар, өнерпаздарға әншілік орындау шеберлігі, шығарманы көркем тілмен жеткізу композициясы, мазмұны мен образдың музыкалық үндестігі, киімі, би қимылы, мәдениеті, даралығы, ерекшелігі, көркем образды ашуы, әдеби тіл байлығы және сахна мәдениеті талаптары міндеттелді.
Сайысқа Кіші өнер Академиясының директоры Долорес Тасқарина, Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі Қанағат Қалиұлы, ақын, журналист Гүлия Иманова, қолөнер шебері Нұргүл Дәлелхан, «Таланттар академиясының» президенті Аят Мәдібекұлы қазылық етіп, әділ бағаларын берді.
Үздіктердің өнерлері сараланып, біздің өңірдің біраз өнерпазы жоғары орындарға ие болды. Атап айтсақ, вокал жанры бойынша Махамбет ауданынан Ильяс Нәсімов және сол ауданның Қосарал орта мектебінің түлектері трио жанры бойынша ән орындаған Айкөркем Бағытжанова, Асыл Шағылбаева, Құралай Қуанышева, сондай-ақ Кіші өнер Академиясының вокалды жанры бойынша Әсем Сергеева, Сұлтан Әділ, Ідірбай Байбақты және басқа өнерпаздар бас жүлдеге ие болды.
Лауреат атанған өнерпаздар да аз болған жоқ. Олардың ішінен атап айтқанда дуэт құрып ән айтқан Құрманғазы ауданынан Ерасыл Ерболұлы мен Арайлым Ғабдукәкім, Индер ауданынан Ержан Сағынбаев және басқа жүзге тарта өнерпаздарымыз лауреат атанды. Сайысқа қатысушы өнерпаздардың барлығы да марапатталды.
— Өткізіп жатқан сайысымыздың басты мақсаты – бойында таланты бар бүлдіршіндерімізді өнерге баулу. Оларды өнерге тәрбиелеп, үлкен сахналарға шығару, -дейді осы шараны ұйымдастыруға ерекше атсалысушы, аталмыш ұйымның өкілі Сәулемай Сатқанғалиева.
Аян ҒИЗЗАТОВ,
С.Демирел университетінің
журналистика мамандығының 1-курс студенті.