Кәсіподақ «Менің таңдауыма» үн қосты

касиподак Сергей Сағынұлы Жаңалықтар

Бүгінгі қоғамда өзекті мәселелердің бірі – мамандық таңдаудағы қателіктердің салдарынан туындайтын қажетті мамандардың тапшылығы. Осындай жайттың алдын алу үшін Атырау қалалық әкімдігінің бастамасымен жасөспірімдер арасында қала мектептері бойынша «Менің таңдауым» жобасы ұйымдастырылған болатын.

Жобаның басты мақсаты – болашақ талапкерлерге мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, әртүрлі сала мамандары өз кәсіптері жөнінде ақпараттандырып, түсінік жұмыстарын жүргізу. Аталған жобаға Кәсіподақтар орталығынан үн қосуға ниет білдіріп, мектептерде оқушылармен кездесу өткізген сала белсенділерінің пікірін тыңдадық.

 

Сергей  АЛПАТАНОВ,

– «Мұнайгаз кешені қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

касиподак Сергей Сағынұлы

– Бұл бастама 9-11 сынып оқушыларының ой-өрісі мен рухани-адамгершілік құндылықтарының дамуына бағытталған. Мен оқушыларға еңбек жолым мен  еңбектегі жетістіктерімді айтып, мамандық таңдаудың маңызын, жастар ескеретін жайттарды жеткіздім. Оқушылармен ой бөлісіп, сұрақтарына жауап бердім. Көздерінде жалын бар оқушылармен пікірлесудің өзі ғанибет! Біздің сұхбатымыз олардың мамандық таңдауда дұрыс шешімнің қабылдануына бағыт- бағдар бола алды деген сенімдемін.

 

Әйгерім ТҮСІПҚАЛИЕВА,

Атырау облысы кәсіподақтар орталығының бас маманы:

кәсіподак түсіпкалиева

– Қоғамда «әдебиет пәні бойынша мамандықтарды (филология, журналистика) таңдасам басқа саладағы жұмыстардан шеттетіліп қаламын» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Осы тұрғыда, керісінше, медицинада, техникада, физика, математика, география, туризм салаларында да әдебиетшілер мен журналистердің атқаратын өзіндік рөлі ерекше. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек.

 

Салтанат РАХИМОВА,

– «Мұнайгаз кешені қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрайымы:

касиподак рахимова

– Мамандық таңдау – ертеңді ойлау. Сондықтан, әрбір жас үлкен өмірге қадам басарында болашақтың көшінен қалмайтын, қоғамға қажетті мамандық таңдауға тырысады. №33 мектептің 9-11 сынып оқушыларымен мамандық таңдау туралы пікірімен бөлістім. Әңгіме арқауы – мұнай-газ саласы мамандықтарына қатысты болды.

Атырау – мұнай-газ шикізатына бай, мұнай газ өндіруден республикада алдыңғы қатарда тұрған облыс. Жерасты байлығын игеруші мамандар дайындайтын жоғары оқу орны туралы жан-жақты түсінік бердім.

Сонымен қатар, заңгер мамандығы – халыққа қызмет көрсету саласында мемлекет пен азаматтық қарым-қатынастардың дамуымен бірге маңызы артқан кәсіптің бірі. Мен өзім заңгер болғандықтан, осы мамандықты таңдауымның себебін білгісі келген оқушыларға ақыл-кеңесімді айттым. «Менің таңдауым» жобасы жастардың болашақ мамандық таңдаудағы қадамына жолашар болады деген ойдамын.

 

Гүлнәр ШАЙХАШЕВА,

«Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы:

касиподак шайхашева

– Бүгінгі шәкірттерді қоғамда болып жат-қан ахуал көп толғандырады. «Елімізге қандай мамандар жетіспейді?», «Әр саладағы мамандардың қызмет көрсету сапасы неге ойдағыдай емес?», «Шет елдерде білім алған жастар неліктен Отанына қайтып келгісі келмейді?», «Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы жоғары оқу орнын бітіргендерге қарағанда неге қиындық тудырады?»

Міне, көрдіңіздер ме? Оларды «жоғары оқу орнын бітірген соң жұмыс таба аламын ба, таңдаған мамандығым көңілімнен шыға ма?» деген сұрақтар алаңдатады. Кейбір оқушылар өз таңдауларына ата-аналарының қарсы шығып жататынын да жасырмады. Ата-ана ұрпағының қаражаттан тарықпай өмір кешуін ойлайды. Ол да жөн шығар. Бірақ, баланың ертеңгі күні сүйікті  ісімен айналысып, дүниенің бір кірпіші болып, кетік  жеріне  қаланғанын ойлауымыз керек.

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз