Тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды
Қызылқоға ауданына қарасты Көздіғара ауылдық округінің Қоныстану ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен төрт отбасы жаңа баспанаға ие болды. Жаңа үйлердің кілтін аудан әкімі Қанат Әзмұханов табыстап, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанованың хабарлауынша, биыл көктемде республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Б.Шалағұлов бастаған мобильді топ шалғай ауыл тұрғындарының өтініштерін тыңдап, үйлері суға кеткен азаматтарға қолдау көрсету шараларын қарастырған болатын. Партия филиалының тұрақты бақылауында болған мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың өтініші оң шешімін тапты.
–Жалпы, аудан бойынша су тасқыны салдарынан 24 үйге зақым келгені анықталды. Оның басым бөлігі ауылдан шалғай орналасқан қыстақ үйлері. Қазір төрт отбасы жаңа үйлерге қоныстануға дайын, ал қалған 20 отбасыға өтемақы толық көлемде төленді, — дейді А.Ахметжанова.
Тұрғызылған жаңа үйлердің әрқайсысы 128 шаршы метрді құрайды. Олар заманауи типтік үлгіде салынып, барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Тұрғындар атынан сөз алған ауыл ақсақалдары мемлекет пен жергілікті билікке алғыстарын білдіріп, қиындықтарды еңсеру жолында көрсетілген қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ