Тапсырма мерзімінде орындалуы тиіс
Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Мұнда негізінен тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы, жұмыс жүргізудегі кездесіп отырған проблемалар, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды. Алқалы жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің орынбасарлары, басқарма, департамент, өзге де құрылым жетекшілерімен бірге тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатынасты.
Қоныстой көбейіп келеді
ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, биыл елімізде 9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Оның қаржыландыру көлемі 830 млрд. теңгені құрайды.
— Осының бәрі, ең алдымен, «Нұрлы жол» бағдарламасының, Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шараларының аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға қарай 4,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделген, — деді министр.
Осы жылы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамытуға 442,5 млрд. теңге бөлінген. Оның денін Ұлттық қордан бөлінген қаражат құрайды. Осы ақша халықтың игілігіне айналып, баспананың зары өткен талай жан қуаныштарына қол жеткізеді деген үміт бар. Бұл мәселеде Қазақстанның Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі де елеулі рөл атқармақ. «Нәтижесінде, мемлекеттің қаражаты есебінен соңғы екі жылда 22,6 мың отбасы және жылдың соңына дейін қосымша 6,8 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 2017 жылы 33 мың пәтер салынатын болады» деді Қуандық Бишімбаев.
Баспананың аумағы кішірейе ме?
Үкімет отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев көпшілікті елең еткізген бір ұсыныс айтты. Ол 2017 жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын баспананың аумағын 80 шаршы метр деңгейінде сақтау мәселесі.
— Құрылысы 2017 жылы басталатын жобалар бойынша мемлекеттік бағдарламаның барлық қатысушылары ауданы 80 шаршы метрге дейінгі жобаларды әзірледі. Алайда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылдан бастап пәтерлердің көлемін 65 шаршы метрге дейін шектеу енгізілді. Осылайша, құрылыс салушылар бұрын әзірленген жобаларды қайта қолдана алмайды. Бұл құрылыс компаниялардың қосымша шығындарына және жобалау-сметалық құжаттаманы келісуді алты айға дейін ұзартуға әкеледі. Құрылыс салушылармен жоспарлы жұмыс жүргізу мақсатында 2016 жылдың деңгейі — 80 шаршы метрге дейінгі нормативтің күшін 2017 жылға ұзарту ұсынылады. Бұл шара келер жылы келісім-шарт жасау үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Кезек көбейе түсті
Елімізде тұрғын үйлердің саны көбейген сайын, бір қызығы, тұрғындардың да кезегі өсуде. Оның қатары соңғы екі-үш жылда шектен шығып кетіпті. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев оның себебін ҚР Ұлттық экономика министрінен сұрады.
— Бізде кезекке қою тетіктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда қарастырылған. Шынымен де кезекке тұра алатын азаматтардың санаты бізде өте көп. Олар алатын табыстарының деңгейіне қарай бөлінбейді. Сол себепті заңға белгілі бір жаңғырту жүргізу қажет болып тұр, — деп жауап берді Қ.Бишімбаев.
Министрдің тағы бір атап өткені, бүгінде елімізде жалға берілетін және сатылатын үйлер көптеп салынып жатыр.
Жаңа бағдарламаны жұртшылық талқылайды
«Нұрлы жер» бағдарламасы жұртшылықтың талқылауынан өткеннен соң Үкімет басшысының қарауына беріледі. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жасалып жатқан жаңа бағдарламалардың негізгі міндеттерін атап шықты.
Бағдарламада екінші деңгейдегі банктердің қолжетімді ипотекалық қарыздар беруі арқылы сұранысты ынталандыруды, тұрғын үй салу үшін құрылыс салушыларға қолжетімді қарыздар беруді, Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үй салуды, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды, тағы басқа мәселелерді қамтиды.
Аймақтардағы проблема қалай шешімін табады?
Қазіргі уақытта елімізде жалпы құны 88 млрд. теңгенің 98 денсаулық сақтау кешені салынып жатыр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жылдың соңына дейін тағы да 52 нысан аяқталуы тиіс.
— Биыл 76 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі күні 24 нысан, яғни бір аурухана, үш емхана және 20 дәрігерлік-амбулаториялық фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, — деді ол.
Алайда, түйінді мәселелер де аз емес болып тұр. Бірқатар аймақтардағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жыл соңына дейін аяқталмай қалуы мүмкін. Соған мысал ретінде Қарағанды мен Ақмола, Қызылорда облыстарындағы жағдай сынға алынды.
Жылына – 50 мектеп
Білім саласындағы жағдайға бүгінде ерекше маңыз берілуде. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндағанындай, 2015 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, 156 апатты және үш ауысымды мектеп болған. Оларды жою 2018 жылдың аяғына жоспарланыпты. Көпшілігі Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында екен.
— Өткен жылы 6, биыл 51 мектеп салынып отыр. Келесі жылы 99 білім ұясы ашылады. Жыл сайын оқушылар санының өсуі мен урбанизация үдерістері жүріп жатқанына тоқтала кету керек, — деді осы тұста министр.
Министрлік мектебі тапшы өңірлердің арнайы картасын әзірлепті. Аталған құжатқа сәйкес, 2018 жылдан бастап жыл сайын кемінде 50 мектеп салу қажет болмақ.
Құрылыстың барысын жеке бақылауына алады
Білім саласына қатысты өңірлердегі ахуалға тоқталған Үкімет басшысы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа мектеп, балабақша құрылыстарының барысын жеке бақылауға алуды тапсырды.
Аймақ басшысы білім саласына қатысты жергілікті проблемаларды шешуге баса маңыз беріп отырғанын баяндады.
— Түйінді мәселенің бірі – Нұрсая шағынауданындағы мектеп. Біз оны келесі жылы пайдалануға береміз. 2014 жылдан бері келе жатқан екінші мәселе – жұмыстардың сапасыз жүргізілуіне байланысты балабақшаның пайдалануға берілмеуі. Біз бұл нысанды да таяу уақытта іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Мақат ауданындағы мектеп құрылысын да осы жылы аяқтаймыз. Тұрғын үй құрылысы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді. Барлық қаржы игерілді, — деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Бұдан өзге, өңір жетекшісінің тоқталғаны, қазіргі уақытта облыста 44 көп қабатты және 15 бір қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол жоспарға сәйкес пайдалануға берілетін болады.
Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев құрылыс нысандарын салуда отандық материалдардың үлесін арттыруды тапсырды.
— Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылында бір миллионға жуық отбасы баспаналы болды. 1,4 мың мектеп іске қосылды, 1,3 мың денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Сол себептен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дейін қалған аз уақыттың ішінде жоспардағы нысандардың барлығын белгіленген мерзімде тапсырып, тұрғындарға жұмыстардың аяқталғандығы туралы есебімізді беруіміз қажет. Осы ретте жоспарлы жұмыстарды соңына дейін жеткізуге бізде мүмкіндік жеткілікті» деді Премьер-министр.
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.