Табыстың кілті – елдегі татулықтың нәтижесі
Елде тыныштық, бірлік барда ғана мемлекет дамиды, гүлденеді. Бұл – қалтқысыз қағида. Елдің ынтымағын сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелер жауапкершілік мол. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәншүк Мәменовамен әңгімелесіп, көкейдегі көп сауалға жауап алған едік.
– Мәншүк Ермекқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі бірқатар мәселеге тоқталды. Онлайн форматта өткен алқалы жиынның ерекшелігі неде болды деп ойлайсыз?
– Иә, бұл жолы идеологиялық және практикалық сипаттағы бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Мемлекет басшысы Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керектігін, барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиістігіне де тоқталды…
Қазақта «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген сөз бар. Қазіргі таңда еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты. Осы орайда, болашаққа бағыт-бағдарды айқындауға Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары маңызды роль атқарып келеді. Бабаларымыз «Жерұйық» жерді, құтты мекенді аңсап, төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат еткен. Бүгінде сол бейбіт өмірде мамыражай тірлік кешіп отырмыз. Бұл – елдегі бірлік пен татулықтың нәтижесі. Табысқа жетудің де кілті осында.
Сессия кезінде Президент Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажеттігін баса айтты. Өйткені Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда жинақтап, жүйеленіп алған негізгі идеологиялық тұжырымдар, Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі.
Сессияда көтерілген қай мәселе де мемлекет үшін маңыздылығымен ерекше. Бұл тек бірлесіп, абыроймен атқарылатын шаруа. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сол себепті де бұл іске Ассамблея мүшелері мен еріктілер белсенді түрде қатысатын болады. Себебі, біздің күшіміз – бірлікте! Мұны уақыттың өзі дәлелдеген.
– Өңірдегі этносаралық ахуалға тоқтала кетсеңіз?
– Облыста этносаралық қатынастар саласындағы ахуал тұрақты, өңірде этностар жинақы тұратын елді мекендер жоқ. Сол себепті де моноэтностық аймақ болып есептеледі. Өңірде 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Жалпы, этномәдени бірлестіктердің қызметі саясиландырылмаған. Барлық бірлестіктің жетекшілері Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік саясатын жан-жақты қолдайды, өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына белсенді атсалысады.
Бүгінде облыс Ассамблеясының жанынан Ақсақалдар, Аналар кеңестері, журналистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, ғылыми-сараптамалық тобы, Медиация кабинеті, Кәсіпкерлер қауымдастығы белсенді жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі жаңғыртылып жатыр. Яғни, мәдени-бұқаралық іс-шаралардан ағартушылық қызметке және этносаралық коммуникацияларды дамытуға бағытталып келеді.
Атырау облысы бойынша этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуді облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
– Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар. Олар ана тілін үйренуге, баспасөзге, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік алды. Олар өздерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын осы күнге дейін сақтай отырып, ұлттық мерекелерін еркін тойлай алады. Ал, олар мемлекетіміздің нығаюына қандай үлес қосып отыр?
– Қазақстан халқының тарихын, дәстүрін, қолөнерін, тілі мен мәдениетін таныстыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы бастау алып, аталған жоба бойынша облыстық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бірлік-Единство» этнофестивальдары өткізілуде. «Иверия» грузин, «Светоч» славян, «Татулық» татар-башқұрт, «Довира» украин, «Тхониль» кәріс, «Былина» орыс, «Видергебурт» неміс, «Каспий» дағыстан, «Новруз» әзербайжан, «Ынтымақ» өзбек, «Пәрвәз» ұйғыр және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінің, орыс, славян және казактар бірлестігі қауымдастығының филиалы өкілдерінің қатысуымен қазақтың ұлттық мәдениетін таныстырумен қатар, қазіргі жаһанданған әлем жағдайында ұмыт болған қазақтың ұлттық дәстүрлерін көрсету шаралары өткізілді.
Кешегі өткен сессияда ел Президенті тіл мәселесін де көтерді. Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету мақсатында «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ-сі арасында Меморандум жасақталып, «Тіл» орталығы жасақтаған жоспар аясында оқу курсына этнос өкілдері белсенді қатысуда. Мемлекеттік тілді оқыту кезінде замануи білім беру технологиялары, жаңа әдістемелік құралдар қолданылуда. Сонымен қатар, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Короблевтің бастамасымен өңірдегі 6-67 жас аралығындағы этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді тегін оқыту курсын ұйымдастыруда. Алдағы уақытта «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жаңа тағайындалған төрағасы Н.Тикаевтың қолдауымен мемлекеттік тілді үйрету курсын ашу жоспарланып отыр.
Облысымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әзербайжан, өзбек, неміс, грузин, орыс, украин этнос өкілдері қазақ тілін жеңіл үйрену жолдарымен бөлісті. Мақал-мәтелдер, ұлағатты сөздерден құралған бейнеролик дайындалды. Облыстық этномәдени бірлестіктері төрағаларының, қоғамдық келісім, Аналар кеңестері, қоғамдық пікір көшбасшыларынан құралған ақпараттық-түсіндіру топтары қала және аудандық, ауылдық деңгейлерде этносаралық қатынастарды нығайтудың тетіктерін түсіндіру, этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық пікір, жақсы көңіл-күй қалыптастыру, қазақстандық қоғамда азаматтардың толерантты санасын, бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыру мақсатында кездесулер өткізді.
– Қазір қоғамда Ассамблеяға этностардың мүддесін қорғайтын ұйым ретінде қарайтындар жоқ емес. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Ассамблея тек этникалық топтар үшін қызмет істейді деген қате түсінік. Ассамблеяның барлық жұмысы қазақтар мемлекет құраушы субъект, полиэтносты халықтың тарихи, мәдени-рухани өзегі екендігіне негізделеді. Бұл ретте Ассамблея этностарды қазақ халқының айналасында біріктіру саясатын жүргізеді. Бірлік, ең алдымен, өз мемлекетін құрып, барлығын өз жерінде біріктіретін қазақ халқы үшін қажет.
Тәуелсіздік таңында беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды «этникалық және діни қақтығыстарға байланысты ыдырайды» деп болжағаны көпшіліктің есінде. Збигнев Бжезинский өзінің «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында Қазақстанды этноконфессиялық негізде бөліну ықтималдығы жоғары елдер – «Еуразиялық Балқан» қатарына қосты. Бірақ, бұл пессимистік болжамдар орындалмады. Бұл рольді Ассамблея өз мойнына алып, еліміздегі барлық этносты мемлекет құрушы ұлттың айналасына жинап, абыроймен атқарды.
Ассамблея полиэтникалық халықтың интеграциялық өзегіне айналды – ешкім өзін-өзі оқшаулаған жоқ, басқа жаққа қашып кетпеді. Бүгінде ел азаматтарының 95%-дан астамы өздерін Қазақстанның біртұтас халқы деп санайды. Ассамблея бүкіл Қазақстан халқының мүдделерін білдіреді және қорғайды.
– Жасыратыны жоқ, қоғамда Ассамблеяны түрлі ұлт өкілдерінің мерекелерін ұйымдастыратын ұйым деп те қарайды. Сіздің ойыңызша, біздегі бірлік туралы ұғым бір күндік шарамен шектеліп жүрген жоқ па?
– Егер сізден шетелде қазақтар кім, олардың ерекшелігі неде деп сұраса, сіз бірінші кезекте домбыраны қолыңызға алып, шаңырағы бар киіз үйді тігіп, киіз төсеп, қазанды ортасына қойып, дастарханға ас тартып, алдарына «бұл – қазақтың еті» деп қоясыз. Солай ма? Бұл біздің қасиетті дүниеміз – және ол кез-келген халықта бар!
Сондықтан дәстүрлі мәдениетті сақтау және дамыту – Қазақстан этностарымен жұмыстағы маңызды бағыттарының бірі. Дегенмен, ҚХА барлық этностарды Қазақстанның біртұтас халқына біріктірумен айналысады, қазақстандық бірегейлікті, қазақстандық патриотизмді, жалпыазаматтық құндылықтарды қалыптастырады және мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілетеді.
Мемлекет басшысы атап айтқандай, Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі ролін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!».
– Ел арасында аталған ұйымды қаржыландыруға да қыруар қаржы жұмсалады деген пікірлер бар. Осы қаншалықты шындыққа жанасады?
– Ассамблея этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардан тұратын қоғамдық институт болып табылады. Оның құрамына кіретін этномәдени бірлестіктердің қызметіне бюджеттен қаржы бөлінбейді.
ҚХА құрамына кіретін түрлі қоғамдық құрылымдарды (аналар, ақсақалдар, медиация кеңестері, қоғамдық медиаторлар және т.б.), сондай-ақ этномәдени бірлестіктерді мемлекет қаржыландырмайды. Олардың барлығы қызметін коммерциялық емес негізде, қоғамдық бастамамен, демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырады. ҚХА әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүргізеді, қайырымдылықпен, волонтерлікпен, этносаралық негіздегі жанжалдардың алдын алумен, медиациямен, өскелең ұрпақты тәрбиелеумен айналысады, қоғамдық бақылауды жүзеге асырады, этностар арасында мемлекеттік тілді үйренуді насихаттайды, ұлттық мәдениетпен, әдет-ғұрыптармен, салт-дәстүрлермен және т.б. таныстырады.
Осы ұйымдардың барлығы да қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кету керек. Оларға ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметі мен бастамаларын қолдайтын ҚХА желісі бойынша гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру көзделмеген. Жергілікті деңгейде этномәдени бірлестіктерін тарта отырып, этносаралық келісімді, халықтың интеграциясы мен бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыратын және қаржыландыратын жоғарыда айтып өткендей «Қоғамдық келісім» КММ-сі жұмыс істейді.
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ