Жаңбырбай Сұлтанғалиевтің журналистік жолы туралы сыр-баян

Мерей Жаңалықтар

Мерей

Ол – техник-телетайпист

Жаңбырбай туралы ойласам, бел-белестердің арғы жағында жауқазыны құлпырған көктемгі қыр беткейі     елестеп, сол бір алпысыншы жылдардың бас кезіндегі   жастық шағымыз шарайнаға түскендей дөңгеленіп көз алдыма келеді.1961 жылдың жазында облыстық газеттің редакциясында қызмет істей бастаған кезім. Бірде жұмыc бөлмесінен шыға бере дәліз есігінен кіріп келе жатқан аққұба өңді, шашын желкесіне қарай жылмита тараған жас жігітке тап болып, бұған дейін таныспасақ та, қол алысып амандастық. Өзінің жүріс-тұрысынан, қимылынан жинақылықтың, жанарынан өжеттіліктің нышаны аңғарылып тұрғандай еді. Ол қолындағы буда-буда қағазға көзімнің түскенін сезгендей: «Орталық Комитеттің Пленумының телетайп арқылы бе-рілген материалдары ғой» деді де, секретариатқа қарай кетті.

Бұл редакцияда техник-телетайпист болып істейтін Жаңбырбай Сұлтанғалиев болатын. Ол кезде жоғарыдан келетін ресми материалдар телетайп аппараты арқылы қабылданатын. Коммунистік партияның съездері болғанда телетайп күндіз де, түнде де жұмыс істей береді. Мұндай жағдайда техник-телетайписке көмектесуге журналистер жіберіледі.

Бір күні маған да кезек келді. Телетайп тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Жанында буда-буда материалдар. Бір мезетте телетайп кілт тоқтады. Неге тоқтағанын білмек болып, сұрайын десем, әріп таңбалары бар түймелерді қалай теруді жөнді білмеймін. Өзімше әріптерді тере бастағанымда телетайп аппараты зыр етіп жүріп кетті де,артынша ашуға булыққан жазулар пайда болды: «Ұйықтап отырмысың, неге тез жауап бермейсің, анда-санда әріп санап отыра беремісің…» Мен тағы тере бастадым. Осылайша әріптерді түрткілеп отырғанда үйге барып тынығып алған Жаңбырбай келе қалды. Қуанғанда не болар, менің  торға түскен торғайдай бол-ған күйім лезде өткен шаққа айналды…

«Әбуғали аға сияқты журналист болсам…»

Иә, Жаңбырбай өз ісінің шебері еді. Ол  оншақты жылдан кейін редакцияның ауыл ша-руашылық бөліміне әдеби қызметкер болып ауыстырылды. Сол жылдары оқырмандар оның облыс ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері мен науқандық жұмыстың барысы туралы жазған мақалаларын талай рет оқыды. Жаңбырбай – ағаға қарап ой түзеп өскен қаламгер.

– Менің қаламгерлік жолға түсуіме тәлімгер журналист Әбуғали Ғабдуллиннің зор ықпалы болды, – дейді Жәкең өз естелігінде, – мектепте оқып жүрген кезімде облыстық газеттен Әбуғали Ғабдуллиннің жазған мақалаларын қызыға оқып, осы кісідей журналист болсам деген арманның жетегінде жүрдім. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезден бастап Новобогат (қазіргі Исатай) аудандық газетіне өзім туып-өскен ауылымның тыныс-тіршілігі, еңбек адамдарының жетістік-тері туралы, шаруашылықтың көктемгі егіске әзірлігі жайында хабар-ошар, шағын мақалалар жазып үйрендім. Менің облыстық газетке келуім де Әбуғали ағаның арқасы еді. Ол мені ізденімпаздыққа, мәселе көтеруде батылдық қасиетке, адалдыққа, шыншылдыққа  баулыды.

«Көрінбейтін майданда…»

… Уақыт-құдірет адам ыр-қына көнген бе? Ай артынан ай аунап, жыл артынан жыл жылжып өтіп жатты. Жаңбырбай Сұлтанғалиев секретариатқа жауапты хатшының орынбасарлығына ауысты. Мұнда да мігірсіз тірлік. Мақала жазуға мүмкіндік жоқ. Сөйтіп, ол «көрінбейтін майданның жауынгері» болып шыға келді. Осыған орай Жәкең алпыс жасқа толғанда «Осы жұрт Жаңбырбайды біле ме екен?» деген тақырыппен мақала жазған едім.

Редакцияның «кухнясынан» бейхабар оқырман газеттің қалай шығатынын біле бермейді. Мұндағы жұмыс сан қырлы. Осынау сан алуан жұмыстың штабы –секретариат. Ол редакция бөлімдерінің жұмыстарын бір арнаға біріктіреді. Газетті шығаруға дайындағанда қолжазбаны теруге, әзірлеу, макет жасау, нөмірді техникалық жағынан ойластыру, беттердің барысын бақылау, корректорларды назарда ұстау, Жәкең осы алуандас жұмыстардың бел ортасында мұрнынан шаншылып отырады. Редакцияның жұмыс жоспарының орындалуын, қызметкерлердің еңбек тәртібін қадағалау да – секретариаттың міндеті.

Тағы да баяғы қағазға шұқшию. Теруге кететін материалдарды соңғы рет қарап, макеттің қажетті тұстарын ерекшелейді, қанша жол екенін есептейді, қандай әріппен және қандай форматта теру керек екені көрсетіледі. Теруге жіберілген және теріліп жатқан қорда тұрған портфельдегі материалдардың жол мөлшерінің есебін жүргізіп отыратыны және бар. Әрбір қызметкер күніне қанша жол материал тапсыратыны жөнінде норма белгіленеді. Жаңбырбай осы күнделікті норманың орындалуын да жауапты хатшымен бірге қадағалап отырады. Ретуштан шыққан фотосуреттерді іріктеу, нөмірді беттеу үстінде түзету… Шұқыма жұмыстар толып жатыр-ау, толып жатыр.

Жәкең редакцияда қырық жылдан астам уақыт еңбек етті. Жұмыс десе өлуге бар. Мезгіл-мекен дегенді білмейді. Анау-мынау ауруды да елемейді. Ішегін сүйретіп жүре береді. Қызмет бабында мазасыз, ыссы. Әлдеқалай нөмірге баратын материал кешіктірілсе немесе түпнұсқа таза болмаса, Жәкеңнен жақсылық күтпе, бастық демейді, басқа демейді, «қара аспанды төндіреді». Жұмысбасты болып, сіркесі су көтермей жүрген сәтінде шарт сынып, сабасынан асып кететіні де бар. Бірақ, қайтуы жылдам, кекшіл емес, көпшіл. Өз пікірін іште өлтіріп әдеттенбеген. Жұмыс бір ыңғайланып, саябырсыған кезде өзінің әзілдесетін адамдарымен, құрдастарымен уытты қалжыңымен «ұрынып», күлкіге кенелетін кездері де жоқ емес.

Жәкеңнің жұбайы Қымбат Әбдірахманова да редакцияда жұмыс істеді. Ол еңбексүйгіш-тігімен, парасаттылығымен ұжымда құрметке бөленген жандардың бірі. Бұл күнде екеуі де зейнеткер. Уақыт тілі тоқтаусыз айналуда. Өмір Жәкеңе де сексеннің абыздық еншісін берді, құтты болсын! Ұлы мен қызының ақ тілектері мен пәк ниеттері ата-аналарының үстінде Жәкең бұл өмірде ағайын-туысқа да, ұрпағына да дән риза. Еңбек етті – көпшілік сыйлады, жар тапты – аялады, бала сүйді – бақыт тапты, пер- зенттерінің оқуы да, тоқуы да баршылық. Осыдан артық қандай бақыт керек?!

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ,

ардагер-журналист.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз