Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

СУ ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ


Биыл Атырауда ескірген су тазарту қондырғылары жаңартылып, жаңғыртылады. Бұл туралы қала әкімі Қайрат Оразбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында хабарлады.


-Жаздың келуімен байланысты қаланы сумен қамтудың қиындап, проблемалардың туындайтыны жасырын емес. Бүгінде облыс орталығы мен Мақат ауданын сумен жабдықтайтын «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты су тазарту қондырғылары ескірген. Сондықтан олар қазіргі уақыт пен заман талабына сай келе бермейді. Мүмкіндігінше жаңартып, жаңғыртып, қажеттілікті толықтай қанағаттандыратындай жағдайға жеткізу – күн тәртібінен түспейтін, кезек күттірмейтін міндет. Сол себепті, биылдан бастап халықты сапалы да таза ауыз сумен қамтамасыз етіп, жақсарту бағытында бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, — деді Қайрат Құлымұлы.
Оның айтуынша, онда қала аумағындағы Дамбы, Еркінқала, Жұмыскер, Ақжар және басқа ауылдарды таза сумен қамту үшін 12 жаңа қазан орнату жөнінде тендер өткізіліп, қазірде соған байланысты ұйымдастыру-жобалау шаралары жалғасуда. Маусым айында бұларды монтаждап, орналастыру жұмыстары басталады. Әрине, бұл шаруа бұрынырақ қолға алынуы керек болғанымен, тендерді өткізу барысында мемлекеттік сатып мәселесіне қатысты жіберілген қателіктер мен кемшіліктердің салдарынан оны екінші мәрте жариялауға тура келіпті. Сөйтіп, мердігер мекеме мен қаржы көлемін анықтау біраз кешіктірілген. «Ештен де кеш жақсы» дегендей, бүгінгі таңда олқылықтардың бәрі жойылып, нақты жұмыс басталып та кетті. Осы тұста ескерер бір жайт, тұрғындардың суды ең көп тұтынатын уақыты – таңертеңгілік және кешкілік мезгіл. Тұрмыстық қажеттіліктен бөлек, олар суды үй маңындағы бау-бақша мен тал-теректерін суаруға да пайдаланады. Содан келіп, судың қысымы төмендеп, жетпестік, тапшылық қалыптасады. Алдағы уақытта іске қосылуы ойластырып отырған жобалар осы мәселелердің оңтайлы шешілуіне мүмкіндік береді.
Ойын осылайша сабақтаған шаһар басшысы одан әрі журналистерді «Атырау облысы су арнасы» КМК қарамағындағы су көтеру және айдау стансасының базасында іске қосылуы көзделіп, эксперимент ретінде қолға алынып отырған жобалармен таныстырды. Соның ішінде, болашақта Атырауға қандай жоба ұтымды әрі тиімді екенін анықтау мақсатында мамыр айының басында осында орнатылып, сынақ ретінде іске қосылып отырған екі пилоттық модульге тоқталып өтті.
-Түсінікті болу үшін айта кетейін, өздеріңіз көздеріңізбен көріп отырған мына шағын су тазарту қондырғылар келешекте салынатын имараттың кішірейтілген үлгісі. Осы айдың соңына дейін бұларда Жайық өзенінен тікелей тартылған су тазартудың (сүзгілеудің) бірнеше кезеңінен өткізіліп, тұтынушыға мөлдір де сапалы күйінде жеткізіледі. Басқаларымен салыстырғанда Жайықтың суы өте таза және қауіпсіз. Жылдың өзге мезгілдерінде ол өте тұнық болатындықтан, тәжірибені жүзеге асыру үшін дәл қазіргі уақыт таңдалынып отыр. Өйткені, лайланған судың құрамы мен сапасын айыру осы жағдайда оңайырақ болмақ. Жасыратыны жоқ, кезінде осында №5 сүзгілеу стансасын салу жөнінде жоба жасақталды. Әйтсе де түрлі себептермен ол соңына дейін жеткізілмей аяқсыз қалды. Өзге де көптеген бастамалар көтерілгенімен, бәрі де орындалмады. Жұмыс жасап төртеуінің де алдының пайдалануға берілгеніне тоқсан жылдан асып, тозығы жеткен. Әр жылдары ішінара реконструкциялау жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, қажеттілікті толығымен қанағаттандыруға қауқарсыз екенін ашық айтуымыз керек. Ендігі орнатылатын қондырғылар бұрынғысындай көп орын алмайды. Көлемі жағынан да айтарлықтай кіші. Дегенмен қуаттылығы жоғары болады, деп күтілуде. Оған қоса, қолданылатын реагенттердің түрі мен сапасында, жарамдылық мерзімінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мына модульдік үлгідегі екі қондырғының бірі Ресей елінде шығарылған болса, екіншісі Қазақстанда дайындалған отандық өнім. Зерделеу жұмыстары аяқталғасын осы екеуінің қайсысы тиімді екені (құны, қуаттылығы, жарамдылық мерзімі мен төзімділігі тұрғысынан) анықталады. Таңдалынған жоба мақұлданып, бір ұйғарымға келгесін нақты жұмыс та басталады, — деп түйіндеді әңгімесін қала әкімі.
Мұның сыртында қаладағы жазғы суару-суландыру жүйелерін жетілдіру, кәріз желісінің жұмысын жақсарту да күн тәртібінде тұрғаны атап өтілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button