Өз несібеміз – өзімізден!

Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жерінің мақсатты нысаны айқындалады, онда қандай өнім егілетін-егілмейтіні, тыңайтқыштың қандай түрлері пайдаланылатын-пайдаланылмайтыны реттеліп отырады.

Мен мұны тәжірибелі бағбаншы ретінде айтып отырмын. Осындай талаптар арқылы жердің азып-тозып кетпеуі немесе қаңырап бос жатпауы қамтамасыз етіледі.   Менің  де жылыжайым екі жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қызылқоға – құмды жер болғандықтан, егін тұрмақ, мал өсіру де оңай емес. Оның үстіне су да тапшы. Десе  де,  жылыжай салып, егін өсіру – отбасымның  көптен бергі жоспары еді.

Осыдан екі жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау филиалынан 3 млн. 500 мың теңге көлемінде несие алдым. Осылайша, Кеңес үкіметі кезінде «Ақкөл» учаскесінде бау-бақша өсірген тәжірибеммен жылыжайда қияр өсіруді қолға алдым. Бүгінде жылыжайым жылыту қондырғысымен, ауа алмастырғыш құрылғымен, тамшылатып суару құбырымен жабдықталды. Ал, суды ауламдағы бес метр тереңдіктегі құдықтан алып отырмын.

Айтайын дегенім – бірінші кезекте қаңырап бос жатқан, арамшөп басып  кеткен жерлерді қайта қалпына келтіріп, игеріп, оған қаржы мен жаңа технологиялар тартып, сапалы өнім шығарып, ел игілігіне пайдалану жағын ойлағанымыз жөн. Осы орайда, Елбасының мораторий жариялау жөніндегі шешімі өте дұрыс, жұртшылықтың мәселенің мәнісін түсініп алуына уақыт керек.

Марат ТӨЛЕУОВ,

«Ақжол» шаруа қожалығының басшысы, 

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз