Спортқа ынталы жастар көп
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде қазақша күрестен кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында біріншілік өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған жа-рыста өңірдегі оқу орындары арасынан сегіз команда қатысты.
Аталмыш біріншілікте 51 мен 78 келі салмақтағы палуандар бағын сынады. Жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қазақ күресін дамыту, жастардың шеберлігін шыңдау болып табылады.
Ең мықтыны анықтайтын төрешілер де кәсіби мамандардан құралған. Бас төреші – №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжанов болды.
Командалық есеп бойынша жарыстың қорытындысында, бірінші, екінші орындарды С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледждің қос құрамасы еншілесе, үшінші орынға Бизнес және құқық колледжінің палуандары ие болды. Кейінгі орынға Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенттері лайық деп танылды.
Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен кубоктар табысталды.
Жеңімпаз атанған команданың белсенді мүшесі, 3 курс студенті Ерасыл Әлжанұлы өткен жылғы колледжаралық жарыста «Колледж барысы» атағын жеңіп алыпты. Ерасыл бізбен әңгімесінде, «Әрбір оқу орнында спортқа бейім жастар көп. Мұндай біріншіліктер оларды шыңдайды, үлкен жарыстарға шығуына жол ашады»,- дейді.
Ерасылдың ендігі мақсаты – самбодан әлем чемпионатына қатысу. Қазір ол электромеханикалық жабдықтар мамандығында оқи жүріп, №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады.
Нұргүл Ысмағұлова