Елу беске келер ең…

тағылым Жаңалықтар

Атырау журналистері мен қалың оқырманы облыс айнасында ұзақ жыл тілші болып қызмет істеген Елена Таңбаеваны өте жақсы біледі. Қаламы қарымды, ойы ұшқыр, өзі турашыл Елена қара тасты қақ жара сөйлеп, өз пікірін  қасқая тұрып айта алатын. Бір өкініштісі – ғұмыры тым қысқа болды. Марқұм тірі жүрсе, дәл бүгін елу беске толар еді.

тағылым

Ата-ененің ақ батасы

Елена келін атанып, босаға аттағанда, Мақымовтар шаңырағының қарттары болды. Мінезі ашық, өзі пысық келін келген күннен  үй шаруасын дөңгелентіп алып кетті. Қонақтарды күту, жайлау – бәрі жас келіннің мойнында. Оның бұл ісіне атасы мен енесі риза бо-лысты. Келіндерінің үйді тазалап, не тамақ дайындап жүріп, ән салатын әдетін байқаған енесі: «Біздің Лена әнді кәнігі әншілерден кем орындамайды!» – деп, мәз болып отырады екен.

Ал, өзі келгеннен кейін үй ішін жаңартып, жиһаз, аудио-видео құрылғылар сатып ала бастайды. Соның бірі – үлкен түрлі түсті теледидар. Ол кезде мұндай дүние кез келген үйде бола бермейтін. Үйге тума-туыс-тың бала-шағалары келіп, теледидар қарайын десе, енесі марқұм: «Тимеңдер, ол – Ленаның телевизоры. Бұзып тастайсыңдар!» – деп жақындатпайтын көрінеді.

Қамқорлығы – бір төбе

Елена ауыл балаларын, не  басқа жақтан келген жастарды үнемі қамқорлап, қанатының астына алып жүретін. Қалаға жаңа келген жас журналистер қатарында Тарас Наурызәлі, семейлік Сәния Тойкен, оралдық Бауыржан Қалиолла, қызылордалық Құралай Қуатовалар болды. Оларға Елена ата-анасындай қамқор боп, біріне – қаражатпен, екіншісіне – үйімен, үшіншісіне бас-қа да қажеттіліктермен көмектесіп бақты.

Қазіргі күнде бұл аты аталған журналистер елге танымал қаламгер, ақын, журналист бол-ған.

тағылым2

Әке орнына әке болды

Ауған соғысы салған жара Еленаның өмірлік қосағы Бекболды 37 жасында алып тынды. Онсыз да жасы келіп отырған қарт ана баласының ажалына төзе алмай, сарыуайымға салынды. Ақыры көп ұзамай, ол кісі де бақилық болды. Енді Нұрберген мен Дәурен – көзінің ағы мен қарасындай қос ұлды жетілдіру Еленаның өз мойнына түсті.

Өр мінезді ана балалар не сұраса, соны істеген жоқ. «Бәрінің шегі болады» деген принципті басшылыққа алып, ұлдарды пайым-түсінігі мол адам етіп тәрбиелеуге тырысты. Жылдар жылжып, тұңғышы Нұрберген Айнагүлдей  ибалы келін түсірді. Екеуінен Зерде-лімдей немере сүйді. Өзінде қыз болмағандықтан ба, әлде немеренің орны бөлек болды ма – Елена кішкене Зерделімін ерекше жақсы көрді. «Қызым кішкене өсіңкіресін, сосын жұмысыма алып келемін…» дейтін марқұм елжіреп.

Жанашыр құрбы, қимас дос

Еленаның қандай журналист, қандай жар, қандай ана, қандай ене болғанын оған жақын жүрген жандар өте жақсы біледі. Ал, ол қандай құрбы еді?

Мүшел жасы – 49-ында  тосыннан келген ажалы  бәрімізді есеңгіретіп тастады. Жанына жақын жүрген мен оның осы ажалымен көпке дейін «келісе» алмай жүрдім. Біз «басым», «қан қысымым» деп ыңылдап жүргенімізде, ол: «Түу, қойыңдаршы, сілкініңдерші бір. Ауырам десеңдер, ауру баса береді. Тіріліңдер одан да!» – деп, бізге рух, күш-қуат беріп қоятын. Ұжымда той-томалақ бола қалса, лезде «Сен барасың ба? Сен барсаң, мен де барамын!» дейтін. Ұдайы жанашырлық тілегін айтып, ертеңгі күннен үміт үзбеуге шақыратын.

Қайран, Елена, тірі болсаң, бүгін елу бесіңді тойлап, ақ тілегімізді бір өзіңе арнап отыратын едік. Амал не, бәрі де көрген түстей көз алдымыздан өте шықты. Енді  артыңда қал-ған ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсың…

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз