Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Шетелдіктер ұлттық ойындарды тамашалады

Жаңаталап ауылындағы «Құлагер» ипподромында «Atyrau Invest-2017» инвестициялық форумы аясында ұйымдастырылған шарада қала тұрғындары, қала қонақтары және шетелдіктер ұлттық спорт түрлері – «Жамбы ату», «Қыз қуу», «Теңге ілу» және «Көкпар» ойындарының көрсетілімін тамашалады. 

Ұлттық ойындар ұлықталды

Көрсетілім шарасын Атырау Ұлттық спорт түрлері  клубының директоры Өнербек Жанбала ашты.

Бабаларымыз ежелден ат құлағында ойнап, мергендік өнерді де барынша меңгерген. Олардың ізбасарлары – бүгінгі ұрпақ. Әсіресе, Асланбек Жанбалаев пен Темірлан Есдәулетовтер жамбы атуда алдына жан салмады. Бірінен-бірі өтетін мергендердің өнеріне жұртшылық дән риза болды.

Ұлттық ойындар ұлықталды-2

Теңге ілу сайысы  – бозбалалар мен жігіттердің ат үстіндегі ептілігін ұштайтын ойын. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалғандар да көп болды. Ептілік пен жылдамдық, мықтылық пен ерекше жігерді талап ететін теңге ілу сайысында Әсет пен Дәурен есімді жігіттер ұлттық ойынның көркін қыздырды.

Келесі бағдарламаны «Қыз қуу» сайысы жалғастырды. Сөреге Айдана Байжанова мен Кеңсат Нұрбол  шықты. Нәтижесінде Айдана белсенділік танытып, көрермендерді таң қалдырды.

Бұдан кейін тұлпардың ғана емес, рухы мықты жігіттердің сынына  түсуге ниет білдірген көкпаршылар ортаға шақырылды. Ойын барысында «Нарын ересектер» мен «Нарын жастары» командалары өзара сынға түсті.

Ұлттық ойындар ұлықталды-3

Мишель  ПЕТЕРМАНС,

Қазақстан  Республикасындағы

Белгия корольдігінің елшісі:

– Қазақстандықтар өте қонақжай халық екен. Өз үйімде отырғандай сезімдемін. Ұлттық тағамдарыңыз тіл үйіріп,  кең далада көкпар, қыз қуу ойындарын көргеніме өте қатты қуаныштымын. Қазақ мәдениеті, дәстүрі өте бай екеніне көз жеткіздім. Маған бүгінгі «Қыз қуу» ойыны ұнады. Мен де дәл осылай ойнағым келеді.  Ұлттық спорт ойындары қазақтардың байлығы деуге болады. Ал, Атырау жері – ата-дәстүрі сақталған нағыз қазақтардың мекені. Көкпар ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең тартысты ойындардың бірі деп көп еститінмін.  Бұл ойын нағыз азаматтықты танытып,  жігерді қайрайтын, жігіттің сұлтаны ғана айналысатын спорт  екенін байқадым.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button