Велошабандоз Жұмабай Отарғалиев Атырауға келді

281af03a 1528 44d6 9217 721c78e151c4 Жаңалықтар

Осыдан екі ай бұрын сапарын Атыраудан бастаған Қазақстан теміржолы саласының ардагері, ақтөбелік велошабандоз Жұмабай Отарғалиевтың ұлы бабамыз Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына арналған республикалық велошеруі мәресіне жетті. Саяхатшы елдің барлық облыс орталығын аралап, өткен дүйсенбіде қайтадан мұнайлы өңірге ат басын тіреді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов бастаған топ ардагер спортшыны облыстық әкімдіктің алдында, даңқты қолбасшы, Мысыр мемлекетінің билеушісі болған Бейбарыс Сұлтан ескерткішінің жанында салтанатты жағдайда қарсылап алды.  Маңызды сапарының жемісті аяқталуымен құттықтап, ескерткіш сыйлық табыс етті.

Жиһангез Жұмабай Сәденұлы сапарының алдында әуелі 49 мың теңгеге велосипед сатып алған екен. Арақашықтығы 350 шақырымдай болатын Шалқардан Ақтөбеге дейін 4-5 күн жол жүріп, тәжірибе жасап көрген. Содан кейін ғана республиканың түкпір-түкпірін аралауға бел буыпты. Ол өзінің сапары барысындағы естеліктерімен бөлісті. Барлық өңірде де жылы жүзді қабылдаулар болғанын айтып, ризашылық сезімін білдірді.

98deebac 8c2e 4935 a5ef d8da04359f62

– Мен жасымнан спортты серік еттім. Елді велосипедпен аралап, саяхаттау –  бала кезгі арманым болатын. Бүгінгі шақта осы арманның орындалып жатқанына қуаныштымын. Алғаш велосипедті тізгіндеген кезде аяқтарымның құрысып, ауырсынғаны рас. Кейін оған үйреніп кеттім. Сапар барысын алдын-ала жоспарлап, аялдайтын, тамақтанатын тұстарды белгілеп алдым. Қолымда өзіме ыңғайлы етіп жасақтап алған картам да бар. Енді мен үшін велосипедпен саяхаттаудың еш қиындығы жоқ. Велоспорттың адам денсаулығына пайдасы зор. Сондықтан барша тұрғынды осы бағытқа бет бұруға шақырамын, – деді Ж.Отарғалиев.

Саяхатшының сапарында шығысқазақстандықтар сый ретінде үстіне арнайы шапан жауыпты. Жиһангез оны өзінің жүріп өткен жолдары кейінгі жас ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне апарып тапсырды.

Жасы жетпісті алқымдаса да зейнеткердің алға қойған мақсат-міндеттері көпке үлгі. Ол ендігі уақытта Атырау қаласында ардагерлерге арналған волейбол клубын құрғысы келеді. Сонымен қатар жастар арасында патриоттық сезімді нығайту мақсатында бірқатар жұмысты қолға алмақшы екен.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз