ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІ ӨҢІРДЕН БАСТАЛАДЫ

Қоғам
7 / 100

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінде өңірде көптеген оңды өзгерістердің барын баяндай келіп, шешімін күткен проблемалар мен алда тұрған келелі міндеттерді де атаусыз қалдырмады.

Еліміздегі ең үлкен индустриялық аймақтың бірі болғандықтан алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуі қажеттігін атап өткен Президент келесі кезекте елімізде, соның ішінде өңірде автожолдарды жақсартуға, одан кейін халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткішін көтеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға айрықша көңіл бөлу керектігін меңзеді. Осыларды міндет ретінде жүктеумен бірге нақты тапсырмаларын да берді.

Осылайша, Мемлекет басшысы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 млн.тоннаға арттыруға болатынын айтса, республикалық маңызы бар жолдардың 85 және облыстық маңыздылықтағы жолдардың 60 пайыздан астамы орташа және одан да төмен деңгейде екеніне тоқталды. Сол себепті де, 2025 жылға дейін жергілікті автокөлік жолдарының 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруді міндеттеді. Бұған ел қазынасынан 50 млрд.теңге қаржы бөлінетінін атап өтті. Одан әрі, Атырау облысында орташа еңбекақының 360 мың теңгеге жуықтайтынын, мұның республикалық көрсеткіштен 1,6 еседен аса жоғары екенін тілге тиек еткен Президент аймақта таяу жылдары 31 мың адамды жұмыспен қамту жоспаланып отырғанын алға тартты.

Коронавирус індетінің жаңа толқыны келгелі бері өңірімізде ғана емес, бүкіл елімізде эпидемиологиялық ахуалдың күрделеніп, жағдайы ауыр және өте ауыр науқастардың көбейіп кеткенін айта келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартып, мүмкіндіктерін арттыру кезек күттірмейтін міндет болып табылатынын жеткізді.

 Экономиканы дамыту, халықтың әлеуметтік деңгейі мен әлеуетін көтеру үшін шағын және орта кәсіпкерліктің өрісі мен көкжиегін кеңейту керек. Өз ісін ашып, жеке бизнеспен, белгілі бір кәсіппен шұғылдануға ниетті азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті, отбасылық немесе үй бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Мұны өз басым толығымен құптап, қолдаймын.

Тағы бір ойға түйгенім, елді мекендерді көгалдандыру, орман-тоғайларды қалпына, қоршаған орта мен экологияны сауықтыру. Бұл тұрғыда мұнай-газ өнеркәсібі, өзге де өндірістік салаларда жұмыс жасап жатқан ірі компаниялар мен іргелі кәсіпорындарға нақты тапсырмалар бере отырып, оларды осы бағыттағы жұмыстарға тарту. Бұған бәріміз де атсалысып, өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартып, өркениет көшіне ілесіп отыруын қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осыларды жоспарлы түрде жүзеге асыруға облыстың мүмкіндігі де, әлеуеті де жетеді. Тек соны ұтымды да, тиімді пайдаланып, елдің игілігіне жұмылдыра білсек болғаны. Өйткені, елдің өркендеуі өңірден басталады.

Владимир РОЗМЕТОВ,

«АтырауАгроӨнімдері» ШҚ жетекшісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған