Шетелде қазақ тілі қалай оқытылады?
Шетелдердегі сан мыңдаған қандастарымыздың ұлттық сана, қазақы қалыптан ауытқымауы үшін қазақ тілін ұмытпай, ұрпақтарына үйретудің, тілдік қорын молайтып, өзара сөйлесудің мәні зор. Тағдырдың жазуымен әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қазақтарға тіл үйренуде түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Бір елде жоғары оқу орнында арнайы курстар ұйымдастырылса, енді бірінде арнайы қосымша дәрістер оқытылады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Шетелдік оқу орындарындағы қазақ тілін оқыту мен қандастарымыздың ана тілінде білім алуы» тақырыбында онлайн өткен халықаралық конференция қатысушылары қазақ тілін оқытудағы ерекшеліктер мен мүмкіндіктер, жетістіктер мен кедергілер тақырыбында кеңінен сөз қозғады.
«Отандастар» – іргелі істер ұйытқысы М е м л е ке т т а р а п ы н а н т ү р л і қолдаулардың арқасында атакүлдікке оралған немесе Қазақстанда оқуды жөн көрген студенттерге Білім және Ғылым министрлігі арқылы бөлінген стипендия, гранттарға қоса, оқу орындарында қарастырылған жеңілдік түрлері де бар. Соның айқын дәлеліндей ауқымды басқосуға мұрындық болған Атырау университетінде қазір 59 қандас түрлі бағыт бойынша білім алып жүр. Атырау облыстық әкімдігі және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен алқалы басқосуға Түркия, Франция, Иран, Мажарстан елдерінен қатынасқан ға лымдар мен шетелдегі қазақ қауымдастығы төрағалары тақырыптың аса маңызды екенін атап көрсетіп, ойпікірлерін ортаға салды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма Төрағасыректор Саламат Идрисов конференция жұмысын ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Оқу орнында қарастырылған жеңілдіктер, қандастардың оқуларына қатысты мәліметтерді келтірген ол жүйелі жұмыстарды жалғастыра беруге мүдделі екенін айтты. «Отандастар» қоры – қандастарға қатысты атқарылатын игі іс-шараларға әркез ұйытқы болып жүрген іргелі құрылым. Конференцияға қатынасқан қор өкілі Нұрымжан Жұмағазиев алдымен бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға алғыс білдірді. 2018 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан ұйым аз уақытта ауқымды істер атқарды. Бірнеше бағыттарды қамтыған салалық жұмыстың бір тіні — қазақ тілі. Шетелдегі қандастарға арнап, 12 мемлекеттің 31 қаласында қазақ тілін үйретуге арналған онлайн сынып ашылғанын айтқан Нұрымжан Қасымұлы былтыр 1000-нан аса қандасқа 333 сабақ өткізіліп, 300-ден астам дәріс оқушыларына тиісті сертификат табысталғанын атады.
– Тіл үйренуге түрлі мүмкіндіктер қарастырылуда. Мәселен, You tube желісінде «Отандастар» каналы бар, сол жерде 63 сабақ жүктелген. Былтыр 7 мемлекетте «Тіл қазына» жобасы ұйымдастырылды, әлі де жалғастыру жоспарда, — деді ол.
Қордың ұйымдастыруымен «Тіл – достық көпірі» жобасы және «Әлем қазақтары» ісшарасы арқылы АҚШ, Монғолия, Ресей, Өзбекстан, Ирандағы отандастар кездесуі ұйымдастырылғаны да зор жетістіктің бірі. Сонымен қатар, балалар үшін де түрлі іс-шаралар қарастырылған. Қор өкілінің сөзінше, бұл жастардың қазақ тіліне қызығушылығын оятып, тіл үйренуге ұмтылысын арттыратыны сөзсіз. Мәселен, «Қазақ тілін үйренді» деген сертификаты бар, 7 мемлекеттен жиналған 150 бала алғаш рет 2019 жылы Қазақстанға келген. Ал, кейінірек «Ұлы дала елі» халықаралық әдеби шығармашылық конкурсына қатысқан 34 баланың 4 жеңімпазына Қазақстанға келудің сәті түсіпті. Осы сапардан соң, екі бала Қазақстанда оқуға таңдау жасап, бүгінде отандық жоғары оқу орнының студенттері қатарында. Пандемиялық шектеулерге байланысты тоқтап тұрған шараны қалыпты ахуал орнаған соң, қор қайта жалғамақ. Қоңырдың арманы орындалып жатыр В е н г р и я д а ғ ы Қ а з а қ қауымдастығының төрағасы Оңайша Мандоки конференцияның маңызы зор, аталған мәселеге халықаралық дәрежеде назар аударылуы құптарлық іс екенін атап көрсетті.
Мажарларға қазақ тілін үйретудегі Иштван Қоңыр Мандокидің еңбегі зор болғанын жеткізген ғалым осы дәстүрдің жалғасып келе жатқанын айтты.
– Мен университетте сабақ беремін. Қыпшақтар мен мажарларға тіл үйретумен қатар, қазақ дәстүрлерін таныстыруды да назарда ұстаймыз. Будапештте Қазақстаннан келген 500- ге жуық студент бар. Айына бір рет кездесеміз, сол шараларда Абайдың қара сөздерін, Бауыржан Момышұлының еңбектерін таныстырамыз. Түркі халықтарының ортақ тілі болса деген Қоңыр Иштванның арманын ақиқатқа айналдырар жолда жұмыстанудамыз, — деді ол.
Ресейден байланысқа шыққан «Жолдастық» Астрахан облыстық қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымында еңбек ететін Әлия Ғұмарова облыс көлеміндегі 32 мектепте, өзі дәріс беретін Астрахан техникалық университетінде қазақ тілі факультатив ретінде оқытылатынын жеткізді. Орынбордағы «Бәйтерек» қорының өкілі Дана Ғарифоллаева да қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздың бірі. «Орынборда қазақ тіліне қызығушылықтары зор жандар аз емес. Мәселен, шәкірттеріміздің арасында 5 жастағы бүлдіршін де, 54 жастағы аға буын да бар» деді ол. Қазақ тілін үйренгісі келетін студенттерге дәріс беретін Түркияның Мұғла Сыткы Кочман университетінің ғалымы, доцент Экрем Аянның айтуынша, 1993 жылдан бастап бауырлас елде қазақ тілі, мәдениеті, фольклоры, тарихы үйретіледі.
Бұл – ғалым Э.Аян ұстаздық ететін оқу орнынан басқа 23 университетте қалыптасқан дәстүр. Конференция жұмысына қатынасқан Түркиядағы қазақ студенттері, магистрлік дәрежесіне оқып жатқан болашақ ғалымдар шығармашылық бағыттағы жұмыстарымен таныстырып, салт-дәстүрге байланысты 12 томдық кітапты аударып жатқанын айтты. – Бауырлас елдің Қазақстанға деген қызығушылығы зор. Түркиялық ғалымдардың еңбегінің нәтижесінде Абайдың қара сөздері, Ыбырай Алтынсарин, басқа да танымал ғұламағалымдардың еңбектері, тарихи кітаптар аударылды, — дейді олар. «Балалар ата-тегінен ажырамасын» Сегед университетінің Алтаистика кафедрасында қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқитын Раушангүл Мұқышева мажар студенттеріне қазақ тілін оқытудың 1998 жылдан бастап жолға қойылғанын атады. Мәдениетінде қыпшақ дәстүрі сақталған елде тіл оқытудың кемшін тұсы да, ұтымды жағы да бар.
– Мажарстан – қазақ тілін ресми түрде оқытуды қолға алған елдердің бірі. Қазақ тілін оқымас бұрын түркі тілдерінің стилистикасы мен грамматикасын меңгереді. Бұл – қолайлы. Алайда, кириллицамен оқу қиындықтар келтіретіні жасырын емес, — дейді ғалым.
Эйфель мұнаралы елдегі қазақтардың ыстық ықыласын жеткізген Франциядағы Қазақстан елшілігі жанынан құрылған «Қорқыт-Абай» мәдени орталығының қазақ тілі мұғалімі, доцент Құралай Қалиева атажұрттан қоныс аударған қандастардың балаларына ана тілін, өнері мен мәдениетін насихаттау мақсатындағы жұмыстарымен етене таныстырды.
– Ф р а н ц у з о т б а с ы л а р ы н д а тәрбиеленіп жатқан қазақ балалары да бар. Солардың ата-аналарына «балалар ата-тегінен ажырамасын, орталыққа аптасына 1 рет алып келсеңіздер» деген өтініш айтамыз. Олар да мүмкіндікке қарай, қатынасуға тырысады, — деді ол.
Ирандық ғалым, Горган қаласындағы қазақ сыныбының оқытушысы Асқар Қазақ онлайн форматтағы сабақтар өткізілетінін айтып, баяндамашылардың пікірін жалғады. Ал, Стамбулдағы қазақ сыныбының оқытушысы Нұргүл Берікболова – Түркия елінде журналистика мамандығын оқыған бұрынғы студент, қазір «Қазақ елі» журналының редакторы. – Мен – қазір «Қазақ хандығы» сериалын түрік экрандарынан көрсету бағытындағы жоба құрамындамын, — деген ол атқарылған жұмыстар мен журналдың бағыт-бағдарынан хабардар етті. Конференцияда соңғы баяндама жасаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің көптілді білім беру факультеті, көптілді дайындық кафедрасының оқытушысы, магистр Жадыра Нәжіб оқу орнындағы қандастарға қазақ тілін оқытудың өзектілігін атады.
Шараға арнайы қатынасқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Әсия Қыстаубаева қатысушыларға алғыс білдіріп, Алғыс хат табыстады. Конференция модераторы, университеттің Халықаралық әріптестік және интернационалдандыру бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Әшірханова қатысушы ғалымдардың тақырыптық баяндамаларын Атырау университетінің газетінде жариялауға, одан әрі бірлесе жұмыс жасауға әркез дайын екенін жеткізді. Қатынасушылар қандастар тақырыбын қаузаған алқалы жиынға қатысу арқылы елге деген сағынышын басуға сеп болған шара ұйымдастырушыларына зор алғыстарын жеткізді.
Гүлжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ