Ауыл әкімдеріне артылған міндет

06a90775 e2d3 495e b4ee 42fac2d3f480 Жаңалықтар

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Аймақ басшысы сайлауда халық сеніміне ие болған ауыл әкімдерін құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы «бұл біз үшін стратегиялық мәні бар айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік» деп ерекше маңыз берген еді. Облысымыз бойынша да саяси науқан өз дәрежесінде, жоғары
бәсекелестік деңгейінде өтті, – деді облыс әкімі. Өз кезегінде сөз алған Атырау қаласы, Қайыршақты ауылдық
округінің әкімі Шапхат Қалиев алдағы жоспарларын ортаға салды. «Сайлауалды бағдарламамда елді мекендерде халық санының артуы халықтың сұранысының өсуіне байланысты округте 3 мектеп, 6 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Оларды осы жылы аяқтау жоспарда тұр. Бұл нысандарды іске қосу үшін
бар күшімді саламын және көрсетілген жұмыстарды орындау үшінхалықтың сенімін ақтауға қызмет етемін» деді ол. Ал, «Адал» партиясы атынан сайлауға түскен, Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов жас болса да, өзінің бар білімі мен күш-жігерін ауылды көркейтуге жұмсайтынын жеткізді.
Жиын соңында аймақ басшысы ауылдық округ әкімдеріне «ҚР жергілікті өзін-өзі басқару туралы» тұжырымдамасына сәйкес, алдағы уақытта жергілікті басқару құрылымдарында көптеген өзгерістер
болатынын атап өтті.


«Жергілікті қоғамдастық жиынының өкілеттіктері кеңейтіледі. Бюджет түсімдерін тек коммуналдық меншік нысандарына, салық түсімдеріне қарамай жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыру арқылы арттыру жолдарын қарастыру қажет» деген облыс басшысы ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастықтың қазіргі жиналысын қайта құру арқылы өкілді органның функциялары бар алқалы жергілікті өзін-өзі басқару органы – Кеңес құрылатынын да жеткізді.
«Сайлауалды бағдарламаларыңызда көзделген міндеттер жоспар күйінде қалмауы тиіс. Барлық мәселелердің орындалуын қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Өз тарапымнан орынбасарларым мен аудан әкімдеріне қолдау білдіруді тапсырамын» деген Махамбет Досмұхамбетов сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде халық тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің
бірде-біреуі ескерусіз қалмауы тиіс екенін баса айтты.

Жолдас ҚАЙДАРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз