Жарнама
Жаңалықтар

Алғалық шаруаларды не мазалайды?

Жуырда Атырау облысы орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан Алға ауылына жолымыз түсті. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына таяу Жайық бойының сол жағында негіз қалаған ауылға бүгінде көшіп келушілердің қатары көп. Мұны ауылдың кіреберісіндегі жаңадан салынып жатқан үйлерден анық аңғаруға болады. Негізінен ауылдың тұрғылықты халқы мал бағып, егін егуді кәсіп қылады. Уақыт өте келе тұрмыстың талабына қарай алғалықтардың дені түрлі салада еңбек етіп жүр.

Жарық болса, қарық болады

Ата кәсіптен қол үзбей келе жатқан азаматтардың қатарында «Дәуіт» шаруа қожалығының иесі Медет Үмбетов бар. Алғаға дейін облыстық маңызы бар Атырау–Индер тасжолымен жүйткіп жеттік. Көздеп шыққан басты мақсатымыз ауылдан он бес шақырымдай жерде Егіз арнасының (канал) маңында орныққан шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысу еді. Ауылдың байырғы тұрғындары, ардагер мұнайшы Айса Үмбет пен абзал ұстаз Лида Қапизованың шаңырағында дүниеге келген төрт баланың тұңғышы Медет болса, оның соңынан ерген қарындасы Әйгерім тұрмыс құрып, кенже інісі Құрметтің өз алдына отау тігіп кеткеніне де бірнеше жыл болған.

sharualar

Он алтыға енді аяқ басып, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан кезінде Мұқыр ауылында тұратын нағашы атасы Хафиз Амандосов атаған жылқысы Медеттің Қамбар ата тұқымына деген қызығушылығын арттырыпты. Үйдің үлкені болған соң отбасына, қоғамға жауапкершілігі оның бойында ерте қалыптасқан. Ауылдағы орта мектепті 1996 жылы ойдағыдай тәмамдаған ол дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп алады. Сосын қазір Жетісу облысының құрамына кіретін Жаркент қаласында 1997-1999 жылдар аралығында әскери борышын өтейді. Әскерден келіп, Атырау мұнай өңдеу зауытына өрт сөндіру қызметіне жұмысқа тұрған Медеттің жұмысы 2004 жылы Теңіз мұнай кен орнына ауысады. Сол жылы жары, бір ауылдың түлегі Гүлнәр Нәжімеденовамен отау құрып, ата-анасы мен бауырларын қуантады. Бүгінде Ғазиз, Әйкенай, Табиғат, Айсезім, Томирис, Қапиза, Хиуаз есімді жеті перзент сүйіп, алдының қуанышына кенеліп отырған бақытты ата-ана. Биыл тұңғышы Ғазиз Арай атты келін түсіріп, олардан Шахназым атты немере сүйді.

Алға ауылындағы қара шаңырағынан қарсы алған Медеттің «Газель» көлігімен шаруа қожалығына бағыт алдық. Қар қалың жауса омбылап, жаңбыр жауса балшыққа бататын қара жолмен теңселіп келеміз. Егер қатынас қиындаса, ауыл әкімі қадери-халінше техникамен көмектеседі екен. Әрине, шаруашылық үшін «Нива», «Газель» секілді жетекші дөңгелегі бар автокөліктері де бар. Ал, қыстаққа дейін тасжол төсеуге әзірге қалта көтермейді.

Шаруагердің айтуынша, мәселе басқада. Әңгіме арасында Медет жарықтан қиындық көріп отырғанын айтып қалды.

– Қыстаққа жақын жерден электр желісі өтеді. Әкімдік ықпал етсе, электр қуатын жүргізіп беру қиын емес деп ойлаймын. Ұсыныс айтылып-ақ жатыр. Нақты жауап жоқ. Үкіметтің берген күн энергиясын алғанымызбен, пайдаға аспай тұр. Одан соң өз қалтамыздан үйдің жарығына ғана шамасы жететін күннен нәр алатын батарея сатып алдық. Жарық болса емін-еркін жұмыс істеуге болар еді, — деді Медет Айсаұлы.

Осылайша бар мен жоқты түгендеп келе жатып, қожалық басына да келіп қалыппыз. Бас-аяғы 339 гектар аумақты алып жатқан шаруа қожалығындағы қызғылт шатырлы үйдің төбесі алыстан көзге түсті. Мұнда жарықтан басқа, жанға керектінің бәрі бар. Монша, қасапхана, киім сақтайтын орын шаруа адамының қажетіне жарап-ақ тұр. Таңертең сағат 8.00-ге дейін жайылымға шығатын ұсақ жандықтың маңырап, түйенің боздағанынан құлақ тұнады. Төрт түлікке арналған бөлек қора-қопсы, шөп жинауға арналған пішен аулалар да сақадай сай салынған. Теңіз кен орнында жиырма жылға жуық уақыт өрт сөндіруші болып еңбек ететін Медеттің екі апталық демалысы шаруа қамымен өтеді екен.

Дәулеті артқан қожалық

Медет ресми түрде қожалық ашпас бұрын 2009 жылы айғыр сатып алыпты. Ісі алға басып үш жылдан соң үйір құралады. Артынша түйе, қой мен сиырдың басын көбейтіп, бүгінде қолға алған жұмыстары ілгерілеп келеді. Жыл өткен сайын мал басын арттыруды көздеп отыр.

– Қазақ малмен күнелткен ғой. Ал, жылқы малы біздің ата кәсібіміз. Алғашында Қалидолла деген кісіден осы жерді сатып алдым. Алдымен үй көтеріп, сосын қора салдық. Сүтті түйелерді Маңғыстау облысы мен Құлсары маңынан әкелдік. Шаруашылық болған соң шығын да көп. Техниканың жанармайы, жұмысшылардың ас-суы, киім-кешегі бар. Көмекшілердің балаларын оқытуға да мүмкіндігінше жәрдем көрсетеміз. Қосымша шұбат сатып жатырмыз. Аудандық ветеринариялық станцияның қызметкерлері жарты жыл сайын барлық малдың қанын жеке-жеке алып, тексеріп отыр. Өнімді халық тұтынған соң бұған айрықша назар аударамыз. Ветеринарлар өз жұмысын қатты қадағалайды. Қазір қысқа әзірленіп, жемшөпті жинақтап бола келдік. Ірі малдың барлығы жайылымда, қолда тек сауын түйелер ғана, — деп шаруагер өз жағдайына тоқталды да, сол маңдағы суат көзі – каналдарды тазалауды өтініш етті.

sharua 3

Әкесі Айсаның ағасы Дәуіттің атын иемденген шаруа қожалығы 2016 жылы ресми түрде жұмысын бастапты. Содан бері Айзада Жанбосынова, Ерсұлтан Мәшеков, Алексей Шубин, қойшы Андрей Сергеевтер қожалық жұмысына көмектесіп, бір үйлі жандай еңбек рақатына кенелген.

Біз барған күні жылқының қыстақтан жетпіс шақырым жердегі жайылымда, сиыр малының жақын маңда өрісте жүргенін білдік. Бүгінде қожалықта 400 қой-ешкі, 100 түйе (20 сауын), 200 жылқы, 10 сиыр бар екен.

Осы маңдағы жиырма шақты шаруа қожалығының да басты уайымы – электр жарығының жоқтығы.

– Көршілес жатқан қожалықтарға бірге ұсыныс беру туралы ескертіліп келеді. Бірнеше мәрте мотор әкелгенмен бұзылып қала береді. Олардың бағалары да ұшынып тұр. Дәнекерлеу жұмыстарын жасаса жарық көтермейді. Малға бидайды ұсақтап беру үшін де электр қуаты қажет. Өкіметтен шаруа қожалығын дамыту үшін берілетін 1 миллион теңге мардымсыз. Жер шұрайлы, мал бағуға қолайлы болған соң жәрмеңкелерге қатысып, сүт, шұбат, ет өнімдерін тапсырып тұрамыз. Әсіресе қаладағы «Ас болсын» асханасы – тұрақты тапсырыс беруші. Қожалықта «Газель» мен «Нивадан» бөлек, трактор, мотоцикл секілді қажетті техникалар бар, — деді Медет.

Шаруасы күйлі қожалық иесінің әкесі Айса қарт пен анасы Лида әжей немере-шөберелерін бағып, балаларына қолдау танытып келеді. Бүгінде жапырағы жайылған үлкен әулет.

Түйін:

Жергілікті атқарушы органдар өз құзыреттеріне сай жыр болған жарық пен жолдың жағдайына назар аударып, мұң-мұқтажына көңіл бөлсе шаруалардың жұмысы дөңгеленіп, көңілдері жайланып, қолға алған ісі ілгерілеп, ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосар еді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button