Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Сергелдең (Хат ізімен)

Аtr.kz/11 маусым, 2020 жыл.  Белгілісі сол, газет редакциясы – қоғамдық пікірдің алаңы. Айтар ойы мен қосар пікірі бар жанның бәрі газетпен байланысады. Олар жақсы жаңалығымен бөліскісі келсе де, біреуден жәбір көрсе де, заңсыздыққа душар болса да – редакцияның көмегіне жүгінеді.

Біз әңгімелегелі отырған Атырау қаласының тұрғыны Серік Дәулетбаев та осыдан жиырма жыл бұрын редакциядан қолдау күткен азаматтың бірі бо­латын. Әр жылдары газетімізде ол туралы бірнеше мақала («Жүрегі жаралы жігіт», «Жансебіл») жазылды. Ал, жуырда ол редакцияға тағы да аяқтай келіп, мұңын шақты.

 И ә , к ө п ш і л і к к е түсінікті болу үшін Серік жөнінде аз-кем баяндап өтелік. Сонау 90-шы жылдары оның отырған үйі өртеніп, шиеттей баламен айда­лада қалады. Анда-мын­да арызданып жүріп, зорға дегенде өте ескі, жарығы мен жылуы нашар жатақхананың аядай бір бөлмесіне көшеді. Жазда ыстық, қыста суық тап-тар бөлмеде әйелі және бес баласымен – барлығы жеті жан тұрады. Негізгі мамандығы электрик болғасын ол әлденеше рет токқа да түседі. Түрлі деңгейдегі жарақат алады. Бір сүрініп, бір құлап, бір тұрып, шиеттей бала­ны асырау қамында бо­лады. Кезекті жұмыс орны – отбасылық емханаға (қазіргі №4 емхана) электрик болып жұмысқа тұрады. Ол тек өзінің міндетін ғана емес, сонымен қатар, емханадағы ағаш шебері, сантехник, апарып-әкеліп тастау секілді қара жұмыстарды да қоса атқарады. Ал, бірде одан аталған мекеме әкімшілігі емхананың қосымша бөлігін бұзып беруді сұрайды. Мұны олар: «Сырттан басқа кісілерді шақыртуымызға да болар еді. Бірақ, сен көп балалысың ғой, саған қосымша болсын деп отырмыз…» — деп түсіндіреді. Әйелі кіші баланың күтімімен үйде, асыраушы бір өзі болғасын Серік бұл өтінішке қуана келіседі.

Рас, адам алдында не жатқанын, не боларын, оның қандай пайдасы мен зияны тиерін білмейді. Білсе, өмір бойы бейнетке қалар ма еді?! Бүгінде Серік «сол жапсырма­ны бұзуға неге ғана келістім екен!» деп, өзін жерден алып, жерге салады. Өйтпегенде қайтсін, жұмыс істеу барысын­да үстіне бірнеше кило болатын тас құлап, жамбасы сынады. Содан бері емделу, ота жасату. Сынған жамбасқа пластмас­са, титан сияқты бекіткіштер орнату. Аязды күндер і денесіндегі темір суық тар­тып, тоңдырады. Салқыннан түрлі ауруға шалдықтырады. Бірақ, өзіне қанша ауыр болса да, бір үйлі жанның асыраушысы жұмыстан қалмайды. Қандай қиын бол­са да, асқан итжандылықпен жұмыстарында жүре береді. Ал, соңғы кездері жағдайы күрт нашарлап, көшеде құлап қалады. Себебі, соңғы титан- тірек тиісті ұзындықтан артықтау салынғандықтан, жылдар өте келе, Серіктің жүріп-тұруы әбден нашар­лайды. Рентгенге түскенде, бір аяғының екіншісінен төрт елідей ұзын екені белгілі бола­ды. Бұл туралы оған астаналық білікті дәрігер-хирург айтып, ота жасау үшін 500 мың теңге қаражаттың қажеттігін есіне салады.

Атырау қалалық тұрғын үй секторында «тұрмысы ауыр от­басы» ретінде кезекте тұрған Дәулетбаевтарға, жеті бірдей жан екендері ескерілместен, 2008 жылы «СМП-163» шағын- ауданының 5-ші блогы 2-ші қабатынан бір ғана бөлме беріледі. Екі жыл өткеннен кейін, Серіктің қайта-қайта шағымдануымен, тұрғын үй секторы басшылығы олар отырған бұл пәтерді жетім балаға ұсынып, бұларға «Алмагүл» шағынауданындағы №29 үйдің 6-шы қабатынан (шатыр) үш бөлмелі пәтер ұсынады. «Сыйға тартқан жылқының тісін қарамайды», «жоқтан – жақсы» демесеңіз, «крыша» болған соң жазда – ыстық, қақаған қыста суық болатын көрінеді.

– Уақытта тоқтау жоқ, зулап жатыр. Сол кездегі үйелмелі-сүйелмелі алты баламыздың біреуі шетінеді. Бесеуі есейді. Дәрігерлердің салғырттығынан (құлағының барабанын жарып жіберген) саңырау болып қалған кіші ұлымыздың да мүмкіндігі шектеулі. Жасы 21-ге келген­мен ештеңе естімейтіндіктен, жақсы жұмыстарға орна­ласа алмауда. Екі қызымыз тұрмыста. Бір ұлымыз үйленді. Одан үш немере сүйіп отыр­мыз. Қалғандары да ержетуде. Қазір сол шатырдағы пәтерде тоғыз жан болып тұрып жатырмыз. Әсіресе, қыста өте қиын: қабырғалар мен үйдің төбесі көгеріп, мұздақ қатады. Немерелеріме обал, ауру-сырқаудан шықпайды. Пәтерімізді сатайық не жер үйге айырбастайық десек, қолымызда үйдің біздің меншігіміз екенін растайтын құжаты жоқ. Кезінде маған тұғын үй секторындағы аза­маттар: «Бес жылдан кейін бұл баспана өзіңіздің иелігіңізге өтеді» — деп еді. Қазір, міне, бес жыл емес, он жыл өтті, тып- тыныш. Мен осы жайымды айтып қайда, кімге бармадым?! Бәрі де: «Қалған қалдық (остат. стоимость) ақшасына сатып ала аласыз, ол — 4 млн. 500 мың теңге» — дейді. Мен мұнша ақшаны қайдан аламын? Ба­сымызда түрлі қажеттіліктерге алған банк несиелері, оған қоса күнделікті ішіп-жеміміз бар. Қазір аурулығыма байла­нысты жұмыста да жоқпын. Үшінші топ мүгедегі ретінде 39 500 теңге жәрдемақы ала­мын. Бұл қай жыртығыма жамау болар? – деп аһ ұрады Серік.

Бір үйлі жанның асырау­шысы әрі қамқоршысы Серік Дәулетбаевтың төрт рет ток көзіне түсіп, жеті рет түрлі отадан шыққанын, соған қоса, тұрмыс тауқыметін бір кісідей тартып келе жатқанын білеміз. Лауазымды қызметтердің ба­сында отырған азаматтардың құлағына алтын сырға, әрине. Басқа басқа, пәтер ұсынарда тайға таңба басқандай көрініп тұрған мүгедектігі бар адамдарға ең төменгі қабаттан берсе, болмай ма? Олар екінші-үшінші қабаттан дәметпейді, біріншіден берсе –соның өзі жеткілікті.

«Былай тартса – арба сы­нып, былай тартса – өгіз өлетін» халге жеткен Серіктің бүгінгі жағдайы осындай. Қолына таяғын ұстап, енді ке­туге оқталған ол есіне бірдеңе түскендей кейін бұрылып: «Мен енді қайда барарымды білмеймін. Сосын өзімнің сүйікті газетімнің редакция­сына, мына сіздерге келдім. Айтып отырған әңгімемнің бәрі – шындық. Сонда мен секілді өзі кедей, өзі мүгедек кісі ешкімге керек емес пе?!» — деп, кабинетте отырған бәрімізге сұраулы да мұңды жанарымен қиыла қарағанда, мен өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамымыздың дәрменсіз жандарға осынша дәрменсіздік танытқанынан ұялдым. Біздің мақсат – біреуді даттау, екіншіні жақтау емес, өзіміз куә болып отырған жайды қаз-қалпында ұсыну.

Лиза СЕЙТІМОВА,

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button