eac6870

Атырауда «Қауіпсіз жолдар» наразылық акциясы өтті

Жаңалықтар

  Atr.kz/26 қыркүйек, 2019 жыл.  Атырау қаласындағы Баймұқанов көшесі бойындағы көлік жолының жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан жас жігітті жоғары жылдамдықпен жүйіткіген жеңіл көлік қағып өтіп, бір отбасының өрімдей жалғыз баласы оқиға орынында көз жұмды.

Тапа-тал түсте болған жан түршігерлік оқиғаның бейнекөрінісі мен фотосуреттері әп-сәтте әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа тарап, адам өліміне әкелген  қанды көріністі көргендер жағаларын ұстаған болатын.

Осы оқиғадан соң, көпшілік қаламызда қайғылы жол көлік оқиғаларының жиілеп, жолаушылардың жолда жүруі қауіпсіздігі сақтала бермейтіндігін әлеуметтік желідегі сан түрлі парақшаларда жарыса жазып жатты. Олардың басым бөлігі, жүргізушілердің белгіленген жылдамдықтан  асыра жүйіткитіндіктерін тілге тиек еткен. Халық арасындағы осындай наразылықтар әлеуметтік желі төңірегінде ғана қалып қоймай, іс жүзінде де жасалуын көздеген «Нейродетки – чудо есть» қоғамдық бірлестігі еріктілерінен құралған әлеуметтік топ күні кеше жас баланың өлімі болған тұста «Қауіпсіз жолдар» наразылық акциясын  өткізді.

Олар алдымен 17 жасында қыршын кеткен бозбаланы еске алып, оқиға болған орынның тұсына гүл шоқтарын қойып, артынан қолдарына «Байқаңыз, бала!», «Ол өлімге емес, өтуге талпынды», «Жолаушыға жол бер!» сынды жазуы бар плакаттар ұстап күре жолдағы көлік нөпірін бір сәтке бөгеді.  Осы арқылы олар көлік иелерін әрдайым мөлшерлі  жылдамдықпен жүруге шақыруға тырысты.  Сонымен қатар, қоғам назарын тұрғындар үшін аса күрделі проблемаға аударту үшін шығыпты.

-Қаламызда болған осы бір  сұмдық оқиғадан соң біз осындай акция өткізуді ұйғардық. Бұрындары өңіріміздің тұрғындары көлік жолдарының нашарлығына шағым айтып жатушы еді. Ал, бүгінгі күні  кезінде арман болған тақтайдай жол еншімізге тигенде кейбір желөкпе жүргізушілер жол бойында желігіп бір-бірімен жарыса бастады. Оның қандай нәтижеге алып келіп жатқандығын көріп отырсыздар. Сондықтан, біз көлік басқарушыларды жылдамдықты бәсеңдетуге шақырудамыз. Себебі, біздің әрқайсымыздың балаларымыз бар. Біз олардың үйлерімізге әрқашан аман-есен оралуларын тілеп отырамыз, – деді  қоғамдық бірлестіктің директоры Лунара Асыланова.

eac6916
eac6911
eac6876

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған