ЕЛБАСЫмен кездескен ЕРЕК күн
Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. Атырауда Елбасымен талай мәрте жүздесіп, етене амандасқан азаматтар жетерлік. Мемлекет басшысымен кездесу, турасын айту керек, қай елде де кез келгенге бұйырмайтын бақыт. Мұндай құрметке ерен еңбегімен, толайым табысымен дараланғандар ғана ие болады. Солардың бірі – «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Оразғали Қаршегенов. Астана күні қарсаңында онымен тілдесіп, біраз сауал жолдағанбыз.
– Оразғали Төлеуғалиұлы, Елбасымен кездесіп жүрген жансыз. Сонда қандай әсерде боласыз?
– Алдымен, Нұрсұлтан Әбішұлының есімі тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатындығын айтқым келеді. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтеді. Сонау Жәнібек пен Керей кезінен бергі тарихымызды түгендеп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, аласапыран шақта талай ұлттың тағдыры таразыға тартылып, кейбірі жойылып та кеткен жоқ па? Ал, қазақ халқы өзін сақтап қалды.
Сенімділік. Біз де біраз ауыртпалықты бастан кештік. Оны бүгінгі ұрпақ көрген жоқ. Бірақ, білуі тиіс. Ол үшін біз айтып отыруға міндеттіміз. Жалақы төленбеді, зейнетақы берілмеді. Елбасымыз сол сын сағатта да келешекке сенген-ді. Сол сенім елді есеңгіретпей алып шықты. Мен Елбасымен кездескенде оның бойындағы осы сенімділікті сезінемін. Бастағалы тұрған ісіне өзі де сенеді, өзгені де сендіреді. Бұл – ел басқарған азаматқа ең қажет қасиет. Жеңісіне сенбеген қолбасшы әскерін басқара алмайды.
Бауырмалдық. Елбасымыз республикадағы ұлттар мен ұлыстарды ұйыта білді. Қазақ халқы әуелден бауырмал ғой, қиын-қыстау кезде талайға құшағын жайған. Президент осы татулықты одан әрі бекітті. Достық туын желбіретті. Таразы басын тең ұстады. Әлемге Қазақстанның бейбітшіл мемлекет екендігін паш етті. Соның айқын айғағындай ядролық сынақтар жүргізуден бас тарттық.
Қарапайымдылық.Кездесу кездерінде көріп жүрміз, баршамен терезесі тең адам ретінде сөйлеседі. Қазақта «халқыңа құл болмасаң, еліңді басқара алмайсың» деген сөз бар. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дейді. Соның бәрі «халық» деген ұғымның ұлылығын көрсетеді. Елбасымыз соны санасына мықтап түйген.
Көрегенділік.Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық кезінде де түбі биік белестерге жететіндігімізді айтқан-ды. Сол тура келді. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елулігіне ендік. Ендігі меже – отыздық.
– Бастапқы кездегі қиындықтар туралы жақсы айттыңыз. Оның бәрін көзіміз көрді. Соған қарамастан Елбасымыз мемлекет астанасын Ақмолаға көшірді.
– Бұл – ерлікке пара-пар іс. Ол кезде экономикамыз әлі оңалып та кете қоймаған. Сол шақта ел астанасын көшіруді қолға алу – ерекше батырлық.
Осы орайда менің есіме Асан Қайғының жұмбағын Әз Жәнібектің қалай шешкені түсіп отыр. Ойды-қырды шарлап, халқына жерұйық іздеген қадірменді қарт хан ордасына түседі ғой. Әз Жәнібектің ордасын орталықтан ел шетіндегі Сарайшыққа көшіргелі жатқан тұсы екен. Сонда Асан Қайғы он алты қанат киіз үйдің ортасындағы кілем үстіне қолындағы қымыз ішкен кесесін қойып, «мына кілемді баспай, маған ана кесені алып беріңдер» депті. Қос құлаш жетпейтін үлкен кілемді баспай, кесеге жету мүмкін емес. Орда толы жақсылар мен жайсаңдар жұмбақты шеше алмаған. Сонда Әз Жәнібек кілемді шетінен бүктеп, кесені қолына алған екен. «Міне, көрдің бе, ордаң елдің ортасында болуы керек» деген екен абыз ақсақал.
Кезінде орыс патшасы І Петр Санкт-Петербург қаласын тұрғызғанда «Еуропаға терезе аштым» деген екен. Ал, Астана – Еуропа мен Азияның нақ ортасы, кіндік тұсы. Екі алып құрлықты жалғастырып тұр. Әрі-бері жүргендер бұрылмай кетпейді. Қос өркениет өтеді үстімізден.
Бұрынғы Ақмола мен қазіргі Астананы салыстыруға келер ме? Шағын ғана облыс орталығы шын мәнінде тұтас елдің астанасына айналды.
Жалпы, Елбасы мен Астана – егіз ұғым. Ендеше, еліміздің бас қаласы – берекеміздің де бастауы. Ал, елінің ертеңін ойлау – ерге бұйырған енші.
Амандық АБДОЛ