ӘКЕ АМАНАТЫ

немесе  дос  туралы  соңғы  сыр

Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық – өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Халық арасында достық туралы мақал-мәтелдер жеткілікті: «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының – өзі де жақсы». Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын.

 

Менің әкем Табылды Өміралиев өзінің саналы ғұмырында төңірегіне дос жиған, оның қадір-қасиетін қатты бағалаған адам еді. Қарапайым еңбек адамы болғанымен,  оқып-түйгені мол, достыққа берік, өзгеге көмектесуге әр кез дайын тұратын қайырымдылығымен бөлектеу жаратылған жан болды. Оны жастық шағынан бірге жүрген достары да жиі әңгімелеп отыратын. Өткен жылдың қазан айының 21-і күні қатты науқастанып, облыстық ауруханаға түсті. Ақ халатты абзал жандардың берген емін қабылдап, денсаулығы шүкірленді. Келесі күні қасында болған маған өзінің өміріндегі бізге беймәлім сырларымен бөлісті. Ес білгелі араласатын қимас достарының біразы – Жоламан Қабдолов,  Орынғали Зұлқарнаев,  Сиғуат Шутиров,  Амантай Жалғасбаев,  Алпамыс Теміров сынды ағаларымның фәниден бақилыққа аттанғанына да біраз жылдың жүзі болды.

Әлі есімде, осыдан он жыл бұрын әкем 60 жасқа толғанда мерейлі жасымен құттықтаған достары оған су жаңа «Волга» автокөлігін сыйға тартып кеткенде, ауылдастар шын достықтың қандай болатындығын сезінгендей болды, көктоғайлықтар мұны біраз уақытқа дейін айтып жүрді. Бұл жерде мәселе бағалы сыйлықта емес, Құрманғали Қағазов, Мұхтар Әліпқалиев ағаларымыздың әкемізбен адал достығында, бір-біріне деген сыйластығы мен ықылас-ниеттерінде   ғой.

Аурухана төсегіне таңылып, сырқаттанып жатса да, әкем өзінің жан досы, әрі құрдасы, Атырау журналистикасына шынайы қолтаңбасын қалдырған Алпамыс Теміров туралы біраз әңгімеледі. Араға бірер күн салып, маған «қызым, мына мақаланы «Атырау» газетіне апарып  берерсің. Менің оған мүмкіндігім жарамас. Биыл Алпамыс досым 70 жасқа толады. Аруағы риза болсын» деп жазған қолжазбасын ұсынды. Кейін  әкем өмірден өтті. Әке аманатын орындауға асықтым. Ол өзінің жан досы туралы былайша ой толғапты:

«Облыс өмірінің айнасы –  кешегі  «Коммунистік еңбек», бүгінгі «Атырау» газетінде өзіндік орны мен  шежірелі ізін қалдырған абзал азаматтардың бірі – досым Алпамыс еді. Турашыл, еңбекқор, өзінің фототілші кәсібін шебер меңгерген, адамға үнемі қуаныш сыйлап, жақсылық жасап жүретін ақжарқын мінезімен есімізде қалды. Биыл тірі болса, 70 жасқа толған мерейлі жасын тойлар едік. Өмірден тым жас кетті. Небәрі 48-де болатын. Сол ауыр қайғы ұрпақтарының анасы, адал жары Клараның да ғұмырын қысқа етті. Досымды еске ала отырып, олардың ұрпақтары – қызымыз Гүлмираға, ұлдары Мэлс пен Асланбекке әке-шешелерінің көре алмай кеткен қызықтарын көруге  жазғай деп тілеймін. Жан-жақтарыңа адал да,  сенімді достар жинауларыңа, әке мерейін үстем етулеріңе тілектеспін. Береке-бірлік дарыған әулет болғайсыңдар, қарақтарым» деген әкем мақаласының соңғы жағына мынадай өлең шумақтарын жалғапты:

«Сұңғақ бойлы, терең ойлы, сүйсіндірген нар тұлға,

Әзіліңмен есте қалдың, ойнап-күлген қалпыңда.

Фотоаппаратың иығыңнан бір түспей,

Отты жанар тұнушы еді бір ерекше жарқылға.

Сені білген талай жанның есінде ғой күлкің де,

Киіктейін зымыраған күндер бізден өтуде.

Сал-серіше көруші едік, ардақтаушы ек мақтана,

Ғайып болып  кетті-ау көзден қимас достар бұл күнде…»

Ауылдан қалаға келген сайын өмірден өткен достарының зираты басына барып, дұға бағыштауды әдетке айналдырған  әкем осы жолы Алпамыс досының басына барып, зиярат ете алмағандығына өкінетіндігін айтты. Мен інім Дарханды ертіп, Алпамыс ағаның  үлкен ұлы Мэлс  үшеуміз жан досының зираты басына барып, аруағына  дұға бағыштадық.

Дос – биікке жетелейтін, қуанышыңа ортақ, қиындықта демеу болатын жан. «Жігітті досына қарап таны» деген қазақ пәлсапасы да өте орынды айтылған. Бұл ұғым аласармасын десек, әрбір адам дос тұрғысынан да адал міндет атқарғаны абзал. Сонда ғана достықтың құны жоғары болмақ дер едім.

Әке аманатын орындаушы –

Денарай ТАБЫЛДЫҚЫЗЫ,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз