ОН БАЛАЛЫ ОТБАСЫ БІР БӨЛМЕДЕ ТҰРАДЫ

Қаланың «Авангард» ықшамауданындағы бір кездері «Геофизика» мекемесіне қараған жатақхананың бесінші қабатындағы бір бөлмесі. Кәдуілгі бөлме емес, қойма ретінде пайдаланылып, «бытовка» деген атауға ие болған бөлігі. Сол себепті, «500» деген нөмірлі пәтерді таба алмай, жүріңкіреп қалдым. Ал, қуыс-тесігінен жел азынап тұрған ағаш есікті көргенде... алғаш келген ой «мұнда да кісілер тұра ма?» болды. Тұрғанда қандай! Құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде ата-анасы және он баласы тамақ ішеді, сабаққа дайындалып, ұйқыға жатады. Оның алдындағы кіреберіс бір мезгілде асхана мен әжетхананың қызметін атқарады. Бейне құмырсқаның илеуі дерсің!

Осы қыста айналдырған бір бөлменің төбесін су ақпайтындай етіп, бітеп берген «Жүректен жүрекке» қозғалысы волонтерларын шошытқан жағдай менің де жағамды ұстатты. Отыз сегіз жасында он баланы дүниеге әкелген Жанаргүл Нұрымбетова бұл бөлменің де өздеріне тиесілі еместігін айтады. Біз барғанда, үй иесі жұмыста екен. Онысы да тұрақты емес, кейде «отырып» қалғанда бала-шаға тарығып қалады.
Жанаргүлдің де, күйеуінің де атында не үйі, не жері – ешқандай мүлкі жоқ. Шаңырақтың бар байлығы – алды он алтыға толып, арты жастан екі ай ғана асқан он бірдей ұл-қызы. Еліміздің заңнамасына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналарға алты айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік арнаулы жәрдемақы тағайындалады. Ол да жыртықты жамайтындай ақша емес: 11 853 теңге.
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Мұхсина Әлмұханова Ж.Нұрымбетованың 2010 жылы «көп балалы ана» ретінде тіркеліп, 2012 жылы «Алтын алқаға» ие болғанын айтады. Ол 2012 жылдың 26 шілдесінде арызданып, сол күннен бастап жәрдемақы ала бастаған.
– Заң бойынша тиесілі төлем арыз жазған күннен бастап есептеледі. Ол жыл сайын белгілі бір сомаға өсіп отырады. Мәселен, Жанаргүл әуел баста 9980 теңге алған болатын, – деп түсіндіреді Мұхсина Иманбайқызы.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргенде жеке бас құжаттарын жоғалтқан. Оны рәсімдеудің де көп балалы отбасы үшін біраз күшке түскені анық. Өз баспанасы болмағандықтан төрт баланы Жанаргүлдің анасының үйіне тіркеген. Қалғандарына тиесілі мекемелер көмектесіп, бір жерлерге уақытша тіркеуге тұрғызыпты.
Естияр болған балалар әке-шешелерінің осындай халіне ұялып, беттерін басады екен. Мен фотоға түсірмек болғанда улап-шулап отырған топ бала тым-тырақай қашып, лезде жоқ болды. Жанаргүлдің қолында оң-солын тани қоймаған ең кішісі ғана қалды. Отбасының жағдайын жергілікті басшылықтан, Жанаргүл қабылдауына кіріп шыққан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалынан ешкім де келіп көрмеген екен. Ал, әйелдің өзі үй мен жердің кезегіне тек 2012 жылы ғана тұрған. «Кезегіңізді күтіңіз» деген жауапқа еті үйренген сыңайлы.
Одан басқа, «Мен үшін тудың ба?!», «Асырауға шамаң келмесе шұбыртып неге туасың?!» деген сөздер Жанаргүл үшін үйреншікті. Бір қарағанда, өмірге перзент әкелу – үлкен жауапкершілік. Оның бақытты балалығын, оқып, білім алуын қамтамасыз ету – әке-шешенің борышы. Екінші жағынан, бірнеше қарадомалақты дүниеге әкелген, тарихи нәубеттерде саны сиреген қазақтың бүгінгі ұрпағын көбейтіп отырған аналарды «алтын құрсақты» деп дәріптемеуші ме едік?! Салыстырмалы түрде айтсақ, Кеңес өкіметі тұсында көп балалы аналарға айрықша қамқорлық көрсетілген екен. Бес бала туғаннан кейін айына 8 мың, одан кейінгі бала үшін айына 16 мың сомнан беріп, бала саны онға жеткенде мойнына алқа тағып, қолына қомақты ақша ұстатқан. «Батыр ананың» коммуналдық қызметақысы мен жолпұлы тегін еді.
«Қазір жеті бала тапқан анаға «Алтын алқа» беріп жатырмыз. Сол «Алтын алқаның» аты болмаса, заты бар ма? Көп балалы анаға қандай нақты жағдай жасалып отыр? Ешқандай! Біз дүниежүзілік спорт жарыстарында чемпион болғандарға 250 000 доллар сыйақы беріледі; артынан облыстық және қалалық әкімшіліктер жеңімпазға пәтер, қымбат көлік, ақшалай және басқадай бағалы сый-сияпат беріп, үйіп тастайды. Еліміздің көк байрағы көтерілгені жақсы, әрине. Сол жылтыр металдан мың есе артық алтын ұрпақ әкелетін аналардың жайын кім ойлайды? Қазақ билігінің мықтап ойланатын жері – осы. Неге? Мәселен, Алтын алқалы анаға әлеуметтік жеңілдіктер пакетін жасамасқа? Көп бала туғаны жазығы ма? Біздің «Алтын алқалы» аналарымыз шет елге шығып көріп пе? Жыл сайын Еуропаның, Азияның, тіпті мынау туысқан Түркияның жанға жайлы демалыс орындарына барып қайтқан қанша ана бар екен?» депті «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.
Расымен де, ұл-қызға өмір сыйлаған ардақты жандарды сонысы үшін кінәлап, тұқырта бергенше – лайықты күн кешуіне неге жағдай жасамасқа?! Айналып келгенде, осы елдің азаматы саналатын сәбилердің не жазығы бар? Мұндай ахуалдың еліміздегі ең бай облыстардың бірінен саналатын, алпауыт мұнай компаниялары орналасқан Атырауда орын алуы көкейдегі сұрақты одан әрі көбейте түседі.
Бұл отбасы үшін жақын күндері қандай қуанышты жайлар орын алатынын айту қиын-ақ. Баспана кезегі бір-жар жылда келмейді. Тырбанып, жер алып, үй салуға шамалары жоқ. Туған-туыстары өз бала-шағасынан жырып, бұларға көмектесетіндей ауқатты емес. Екі ортада, балалар өсіп келеді. Биыл тұңғыш қыздары 9 сынып бітіреді. «Колледжге түсетін болар» дейді Жанаргүл. Оның ізінен іні-сіңлілері де оқуын бітіріп, мамандық игеріп, отау құруы тиіс. Бірақ… оның бәрі қалай боларын кіреберісінде қол жуатын, дәрет алатын, одан әрірек тамақ пісіретін плита орналасқан; одан кейінгі ұяшықтай бір бөлмесінде он екі адам ас ішетін, ұйықтайтын баспанасымаққа қарап отырып, көзге елестету тым қиын!

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз