Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Қосшағыл ауылының тұрғындарымен кездесті
Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылының тұрғындарымен кездесті.
Мұнайшылар клубында өткен кездесуде Сенатор Парламент қабырға сында атқарылған жұмыстарды баяндап, заңдағы өзгерістер туралы түсіндірді.
Сондай-ақ , ол Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауыл тұрғыны Манас Ізтұрғанов Жем өзенін реттеу мәселесін алға тартса, «Бота» шаруа қожалығының жетекшісі Қалабай Елемесов төрт түлік мал үшін қажетті су мен жайылымдық жер мәселесін көтерді. Оның айтуынша, далада қазығын қағып қойған, бірақ, пайдаланылмай бос жатқан жер телімдері бар.
Сенатор Президент тапсырмасына сай Жер кодексіне өзгерістер енгізу, бос жерлерді қайтару мәселесі қаралып жатқанын айтты. «Жергілікті билік пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, тиісті шарасын алуы тиіс» деді ол.
Сенатор Сәрсенбай Құрманұлының айтуынша, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары қадағаланады. Ал, дәрі-дәрмектердің шектеулі бағасы белгіленді. Сондай-ақ, ол ҚР Премьер-Министрмен кездесіп, Атырау облысына қатысты көтерілген он мәселенің қатарында Құлсары-Мұқыр тасжолы құрылысы бар екеніне тоқталды. Алдағы уақытта бұл жолға да жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осындай кездесу Мақат ауданындағы Доссор кентінде де өтті.