Сарсаңға салған субсидия
Былтыр өңірде жалпы сомасы 95,6 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Өңір шаруалары 10,3 мың гектар аумаққа егін егуді жоспарлаған еді. Бірақ егістік алқапты тасқын су басып кетіп, бұл көлемнің тек 5,3 мың гектары ғана игерілді. Қуаныштысы, өңірде төрт түліктің басы өсіп, өнімі молайып келеді. Облыста агроөнеркәсіп секторды өркендету мақсатында 3 инвестициялық жоба қолға алынса, ондағы жұмыс орнының саны 90 штаттық бірлік екен. Ал биыл жалпы құны 26,2 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның негізінде жаңадан 187 жұмыс орны ашылмақ.
Есепті мерзімде еншіленген жетістіктермен қатар кейбір кемшіліктердің болғаны да жасырын емес. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай – көктемгі су тасқынының салдарынан 288 сиыр, 764 ұсақ жандық, 158 жылқы, 63 түйе және 532 үй құсы шығын болған. Арнайы комиссиялардың шешімімен шығын болған малға қатысты түскен 208 өтініш иесіне 274,4 млн. теңге өтемақы төленді. Егін шаруашылығындағы залалды өтеу жөнінде түскен өтініш саны – 106. Мамандар шығын болған егістік көлемінің болжамды сомасын 1,1 млрд. теңгеге бағалады. Осыған орай салаға жауапты басшы-мамандардың уәжіне құлақ түріп көргенбіз.
– Облыс бойынша мал өсіретін 2349 шаруашылық бар. Алдыңғы жылы өңірде 768 шаруашылық мал азығының шығынын қайтаруға субсидия алған еді. Соңғы төрт жылда ғана бұл мақсатқа 5,8 млрд. теңге жұмсалған. Өкінішке қарай, өткен жылы бұл мақсатта бірде-бір шаруагерге мұндай қолдау көрсетілген жоқ, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Аймақтың аграршыларын алаңдатқан жайттың бірі ағыны қатты, арыны күшті тасқын судың беті қайтқан соң оның салдарынан бүлінген инфрақұрылымдарды, әсіресе жолдар мен көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарының жөнді жасалмауы. Тіпті, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Қызылқоға ауданында жарамсыз болып қалған жолдардың соңғы екі-үш жылдан бері қараусыз қалып, жөндеу көрмеуі қалың бұқараның орынды ренішін туғызды. Оның үстіне мал суару үшін қазылған құдық пен шабылған ірі сабақты шөпке субсидияның берілмей қалуы шаруаларға «жығылғанға жұдырық» болып тиіп отыр. Осы және өзге де өзекті мәселелер мен қордаланған проблемалар биыл оң шешімін тауып, шаруаның көңілі жайлана ма деген көкейді күпті еткен сауал әзірге жауапсыз қалуда.
«Ауыл аманаты» қаншалықты орындалды?
Президенттің тапсырмасымен басталған «Ауыл аманаты» жобасы да жүйелі іске асып келеді. Ол үшін бюджеттен қаралған 761 млн. теңгеге 83 жоба қолдау тапқан. Оның 50-і мал шаруашылығына қатысты болса, 30-ы шағын және орта бизнесті дамытуға арналған. Ал 3 жоба егін шаруашылығын өрістетуге бағытталыпты.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы инвестициялық 6 жобаны іске қосу жоспарда тұр. Әуелі өңірдегі егістік алқабының көлемін 20%-ға ұлғайту, су үнемдеу технологиясының қолданылу аясын арттыру, ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту көзделген. Сосын Махамбет ауданында «Жұмағалиева Н.М.» шаруа қожалығына қосымша 4 гектар жылыжай құрылысы басталып, Атырау қаласында сыйымдылығы 6000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы іске қосылмақшы.
Бұдан бөлек, облыс орталығынан «Жолмұханов Б.А.» шаруа қожалығы 15,5 тонналық көкөніс қоймасын салса, Индер ауданында «AI Agro KZ» ЖШС 2000 гектар алқапта жаңбырлатып суару тәсілімен көпжылдық жоңышқа дақылын өсіруді ойластырған. Атыраулық «KazGrowIrrigation Systems» ЖШС жылдық қуаты 500 дана жаңбырлатқыш құрылғысын жасап шығаратын зауытты іске қосуға бел буыпты.
Ерте қамданғаннан ұтарымыз бар ма?
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкіметтің қолдауымен республикамызда биылғы көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын өткізуге қазына қаражатынан 700 млрд.теңге бағытталатын болып шешілді. Оның 560 млрд. теңгесі – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ынан бөлінеді. Қалғаны капиталдың нарықтық көздерінен тартылады. Бұл туралы agrocredit.kz. сайтында хабарланды.
2024 жылдың қараша айында Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаржы көздерін осы бастан іздестіріп, мерзімінде қаржыландыру көктемгі егіс пен күзгі егін жинау жұмыстарын межелі мерзімінде және сапалы жүргізуге кепілдік береді» деген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының пәрменімен фермерлерге арналған жеңілдетілген несиені желтоқсан айынан бастап беру ұйғарылды. Осындай мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде егіншілікпен шұғылданатын шаруагерлер науқандық жұмыстарды уақытылы бастап, сәтті аяқтауға, берекенің берік негізін қалап, күткендегідей сапалы да мол әрі ысырапсыз өнім жиюға мүмкіндік алғалы отыр.
Ұлттық аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы Алмат Әшірбековтың айтуынша, шаруашылық құрылымдарын несиелеу жүйесіне енгізілген оңды өзгерістердің арқасында бастапқы кезеңнің өзінде республика бойынша жалпы саны 700-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден өтінім қабылданып, қаржыландыру сомасы 82 млрд. теңгені құраған. Соның ішінде, 176 агробірлестіктің өтініші қанағаттандырылған. Бұдан басқа 500-ден астам шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылықтан тиісті құжаттар жинақталып, оларды 60 млрд. теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету көзделген. Мұнда еліміздің өзге өңірлерімен қоса, атыраулық аграршылардың үлесі барын айта кеткеніміз ләзім. Егер, 2024 жылы бұл мақсатқа барлығы 320 млрд. теңге бағытталғанын ескерсек, жылдан-жылға несие сомасының ұлғайып, оны иелену мүмкіндіктерінің молая түскенін аңғару қиын емес.
Дәулетқали АРУЕВ
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА