Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономикаҚоғам

СарапTime: Құрманғазы ауданындағы «халықаралық дәліздің» жөндеу жұмыстары қашан аяқталмақ?

Ресеймен шектес Жүзарал жерінің ежелден негізгі күнкөрісі – балық кәсіпшілігі. Жері құнарлы болғандықтан, ауыл шаруашылығына да қолайлы. Бірақ, мұнымен бүкіл шаруаның түйіні шешіліп тұрған жоқ. Әсіресе, облыс орталығымен қатынау үшін жол азабын тартып жүрген жұрт тақтайдай тегіс жолды телміре күтіп отыр.

Құрылысы шекарадан басталған «халықаралық дәліздің» жөндеуі қашан бітетіні беймәлім. Жергілікті жұрттың жағдайын жақсарту үшін бұдан өзге нендей істер атқарылмақ? Алыстағы азғырлық ағайындар ше, олардың не айтары бар?

Сәрсенбіде облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен онлайн форматта өткен есеп беру жиынында Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды баяндады. Тек жүзеге асқан істер жарияланып қойған жоқ, алдағы жоспар да жария етілді.

«ШортанбайЖыландыға» жаңа көпір

19 ауылдық округке қарасты 50-ге жуық елді мекеннің басын құрайтын ең үлкен ауданның ауыз толтырып айтар жетістіктері бар екен. Күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер де жеткілікті. Мысалы, инфрақұрылым, инвестиция көрсеткішінің төмендігі – жұмыссыздықты туындатып, елдің тұрмыс жағдайын төмендетіп отыр. Сондықтан, өндірісті дамыту аудан үшін емес, алақандай ауыл үшін де өзекті.

Өңірде өнеркәсіп көлемі 2019 жылмен салыстырғанда төмендеген. Аудан басшысы мұның себебін шикі мұнай өндірісінің азаюымен түсіндірді. Елдегі пандемияға байланысты ауданда құрылыс ауқымы азайғанымен жол құрылысы қарқынды. Атап айтқанда, Бірлік, Сафон, Теңіз, Котяевка, Нұржау ауылдарындағы кірме және ауылішілік көлік жолдары жақсы салынған. Оның көпшілігі пайдалануға берілген.

Ал, биыл Сафон мен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған Нұржаудағы жол жаңғырту жұмыстары жалғасады. Олардың қатарында «АқкөлҚызылоба-Жыланды-4 разъезд-Қиғаш» бағыты бар. Ақкөлде де ауылішілік жолды жаяу жүргіншілер жолымен бірге қайта жаңғыртып, облыстық маңызы бар «Құрманғазы-Приморье-Бірлік-Котяевка» автомобиль жолының 0-29 учаскесінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Есеп беру кезінде ауыл ішінің жолына қатысты сауал көп болды. Мысалы, Афанасьев бекетіндегі кірмежол «АтырауАстрахан» халықаралық дәлізінің жоспарына енбеген. Аудан әкімі егер қажет болса тұрғындарға қолайлы етіп жол төселетінін айтып қуантты.

Биыл Бұзаусылан, «ШортанбайЖыланды» жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады. Бұл – жылдар бойына қылкөпірдің үстімен жандарын шүберекке түйіп өтіп жүрген Үлкен Ганюшкино және Жыландының тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық. Ұзындығы 82 метр болатын өткелдің қазір тіреулері қисайып, ашық-шашық тұр. Шаршап тұрған «шайтанкөпірден» талай адам қыста мұзға, жазда суға құлағанын Асылбек Мәжитұлы есімді зейнеткер айтты. Қайрат Талапұлы жаңа көпірдің құны 124 миллион теңгеге бағаланғанын айтып, 2 жылда толық аяқталатынына сендірді.

Азғырдағы ауқымды істер

Алыстағы Азғырдың халқы проблемасын жыл сайын айтып, әбден шаршаған. Бірақ енді оған жол берілмейді. Себебі, аудан әкімінің айтуынша, бұл аймақта бірқатар жұмыс бастау алыпты.

  • – Азғыр өңіріндегі 9 елді мекенде ұялы байланыс және мобильдік интернет желісі орнатылып, халық игілігін көруде. Асан ауылдық округіне қарасты Асан мен Үштағанды басқа ауылдармен байланыстыру үшін Асанға 62 метрлік мұнара орнату қажеттілігі туындады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Осыған қолдау көрсеткен облыс басшыларына алғысымызды білдіреміз. Ал, Сүйіндік, Балқұдық, Жалғызапан, Азғыр, Егіндіқұдық, Батырбек, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Қошалақ ауылдарына жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын магистралды және 67,6 шақырым ауылішілік газ құбыры тартылды. Көгілдір отын желісіне әлеуметтік сала нысандары толықтай және тұрғын үйлердің тең жартысы қосылды. Сондайақ, 49 елді мекеннің 48-і табиғи газбен қамтылып отыр. Азғыр өңіріндегі Қоянды топтық су құбырына қосымша 6 ұңғыма қазу үшін жоба жасақталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды, — деді Қайрат Талапұлы.

Ресейден электр қуатын алып отырған азғырлықтар үшін Құрманғазы ауылынан Асанға дейін 110 кВт жоғары кернеулі желі жүргізіледі. Ауыз су беретін Асан мен Үштағандағы ішкі су желісінің құрылысы биыл пайдалануға берілмек. Ал, Сүйіндік пен Азғыр округтерінде су желісін «ҚазСуШар» РМК филиалына сенімді басқаруға беру жұмыстары қолға алынған.

Қиғашқа қатысты көп жоба

Құрманғазы ауданы – балық кәсіпшілігін өркендетуге қолайлы өлке. Бұл салада 6 шаруашылық жұмыс жасайды. Оларға көктемгі балық аулау науқанында бөлінген 2537 тонна квотадан артық 63 тонна балық ауланған.

  • – Былтыр Ресей Федерациясы, Грузия, Украина елдеріне 3361 тонна балық экспортқа шығарылды. Осыған дейін өнімнің басым бөлігі шетелге жөнелтілген еді. Өткен жылы Ресейден инвестор тарту арқылы «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі Бірлік ауылынан балық өңдеу цехын салған болатын. Соның нәтижесінде, науқан кезінде 350 тонна балық еуростандартқа сәйкес өңделді. Теңіз ауылында салынып жатқан осындай цех та биыл іске қосылмақ, — деді аудан әкімі.

Қ.Нұртаевтың айтуынша, «СевКаспий ФИШ» ЖШС 2 миллиард теңге инвестиция салып, балық қорын көбейту, бекіре тұқымдас және қара балықтың 10 млн-нан астам шабағын қолдан өсіруді қолға алған. Егер жоба толық жүзеге асса, су маржанын Қиғашқа қайта жіберіп, экспортқа жаңа өнім шығаруға бел шешіп кіріспек. Бұған 1 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа тартылмақ. Балық шаруашылығына басымдық беріп отырған аудан одан басқа, егін, мал және құс өсіруді дамыту мақсатында 244 шақырымдай жанама су айдындарын тереңдетуді көздепті. Ол Қиғаш өзенінің суын молайтып, гидрологиялық режимін жақсартуға мүмкіндік береді екен. 75 шақырымдық «Кобяково-Забурунье» суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту үшін қажетті құжаттар да жасақталып жатқан көрінеді.

Әр салада серпін бар

Ауданның әлеуметтік саласында да ілгерілеу байқалады. Әсіресе, тұрғындарды жұмыспен қамтуға айрықша маңыз беріліп отыр. Мақсатты шаралар 2072 адамды қамтып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% пайыз болыпты. Шалғайдағы халық жеке кәсіппен айналысудың тиімділігін түсініп алған. Әсіресе, жастардың бизнес бастауға деген ынтасы жоғары.

Былтыр аумағы 1953 шаршы метрлік 10 кәсіпкерлік нысаны пайдалануға берілген. Соның бірі – «Атырау-Астрахан» жолы бойындағы заманауи нақыштағы 40 орындық қонақ үй. Аудан әкімі Құрманғазыда апаттық мектептер толығымен жойылғанын, үш ауысымда оқитын мектептер жоқтығын атап айтты. Дегенмен, ауыл халқының саны өсуіне байланысты қазіргі талапқа сай келмейтін 5 мектепке жаңадан н е ме се жапсарлас құрылыс салу, 8 балабақшаға ғимарат салу қажет. Қазір медицина саласының мамандарына да оңай емес.

Ең қиыны – маман тапшы. Аталған ауданда 71 дәрігер, 354 орта буын қызметкері еңбек етсе, 14 дәрігер (жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог, инфекционист, педиатр, балалар невропотологы, т.б.) жетіспейді. Былтыр ауданда коронавируспен ауырған науқастарға арналған 80 орындық бөлімше ашылып, аудан орталығындағы облыстық өкпе аурулары санаториясында 40 төсектік карантин бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Науқастарды оңалту мақсатында қосымша 8 орын да дайындалған.

Бүгінгі ахуалға қарамастан, мәдениет пен спорт саласындағы жұмыстар да жанданып келеді. Мәдени-көпшілік және бұқаралық спорт шаралары онлайн форматта ұйымдастырылып, саланың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға да көңіл бөлініп отыр.

Мәдени ошақтар салынады

Онлайн кездесуде тұрғындар көп сауал қойылды. Сауалдың төркіні сан түрлі. Мәдени ошақтарға қатысты сұрақтарға Қайрат Талапұлы былайша жауап қайтарды.

  • – Б а й д а , П р и м о р ь е , Б і р л і к , Көптоғай округтерінде клуб ғимараты ж а ң а д а н с а л ы н а д ы . А л , Те ң і з , Шортанбай ауылдық округтерінде мәдениет үйлерін жаңарту қажет. Бұл мәселе қаржы бөлінуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асады, — деді аудан әкімі.

Хиуаз ауылында да жылдар бойы жырға айналған мәдениет үйінің құрылысы басталады екен. Ол үшін жобалық-сметалық құжат жасақталып жатыр екен. Ауданда демалыс орындарының жоқтығын әлеуметтік желі арқылы тұрғындар айтты. Ал, 1982 жылы салынған орталық стадионның қазір әбден сыйқы кетіп, тозған. – Иә, бұл өзекті мәселенің бірі. Демалуға қолайлы жағдай жасап, салауатты өмір салтын насихаттауда бұл нысанның маңызы жоғары. Стадионды кері жасақтауға жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда, — деп жауап берді аудан әкімі. Атап өту керек, Құрманғазы ауданында 4 туристік демалыс орнының құрылысын жүргізу үшін жер телімдері бөлінген. Салынатын туристік базалар жоғары деңгейдегі сервистік қызметімен ерекшеленбек.

Баспана – басты мәселе

Үйі жоқтың күйі де болмайтыны ақиқат. Қазір ауданда баспанаға сұраныс артқан, тұрғын үй кезегінде 935 адам тұр. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жүзарал жеріндегі әлеуметтік-экономикалық бағыттағы шаралардың маңызына тоқталды.

  • – Тұрғындарды жайлы баспанамен қамту мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Кадырка елді мекенінен 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысын биыл аяқтап, халық игілігіне табыстайтын боламыз. Ал, білім беру саласы бойынша өткен жылы «КТК» компаниясының демеушілігімен Ақкөл ауылындағы 290 орындық балабақшаның және Азғыр өңіріндегі Балқұдық орта мектебі асханасының, денсаулық сақтау саласы бойынша аудан орталығынан 75 орындық жаңа аурухананың құрылысы аяқталып, ол да қолданысқа тапсырылды. Бұдан басқа, осы жылы Асан ауылында медициналық пункттің және Азғыр ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылыстарын бастау жоспарда тұр, — деп, жақсы жаңалықтарымен бөліскен облыс басшысы «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы туралы да айтты.

Қ а з і р 2 7 7 ш а қ ы р ы м д ы қ «халықаралық дәліздің» 20 шақырымы толықтай аяқталды. Құрманғазы ауылынан Байда ауылына дейінгі 40 шақырым биыл салынып бітпек. Ал, қалғаны жоспарға сәйкес, 2022 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Махамбет Жолдасқалиұлы ауданның перспективасын қалыптастыру үшін нақты тапсырмалар жүктеді. Соның бірі – жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін қарастырып, кәсіпкерлікті қолдау шараларын жалғастыру.

Екіншіден, қоғамдық тәртіпті қалыптастыру бағытында полиция департаментімен бірлескен жұмыстарды күшейту.

Үшіншіден, Құрманғазы ауданы Ресей мемлекетімен шекаралас болған соң, коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалау.

Төртіншіден, жол қатынасын реттеу, жол бойында сервистік нысандарды көбейту, ауылдарды инфрақұрылымдық дамыту және халықты таза сумен қамту жобаларын сапалы әрі мерзімінде іске қосуды жүйелі ұйымдастыру.

P.S.:

Соңғы кезде қоршаған ортаның тазалығы мен көгалдандыру мәселесіне баса көңіл бөлініп келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Былтыр Құрманғазы ауданы бойынша 7000-ға жуық тал егіліп, аудан орталығындағы қоқыс алаңы қоршалып, қалпына келтірілген. Әрине, әкімнің еңбегіне ел бағасын бере жатар. Ал, қоршаған ортаның тазалығына әр адам жауапкершілікпен қарауға міндетті. Өйткені, парасатты адамның санасын жаңғыртуы тек өзіне байланысты.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button