Атыраулық үш кәсіпорын республикалық конкурстың жеңімпаздары атанды

img 3101 Жаңалықтар

Атыраулық кәсіпкерлер республика бойынша үздіктер қатарында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» атты Президент сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Сонымен қатар, «Qazaqstan Project Management Awards-2023», «Іскер», «Қазақстанның үздік тауары», «Ұлы дала елі», «Іскерлік кемелдік» байқауларының және «Парыз», «Asmar бизнесті тану» сыйлықтарының марапаттары табысталды.

Атыраулық «BorkitSafety LLP» ЖШС ірі кәсіпкерлік субъектісі ретінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты атанды. Серіктестік қазақстандық нарықта 15 жыл жұмыс істеп келеді және сапалы және инновациялық жеке қорғаныс құралдарын өндіруде әлемдік көшбасшылардың жеткізушісі және дистрибьюторы. Компанияның тігін фабрикасында JUKI, KANSAI, TAJIMA және басқалары сияқты әлемдік көшбасшылардың компьютерленген жабдықтары қолданылады. Серіктестіктің ел аумағында 7 өкілдігі бар. Өткен жылы компания өз клиенттеріне шамамен 2 млн дана жеке қорғаныш құралын сатты.

355c1585 4702 4914 88bb 496f5cc4acb4

-Компанияның ең маңызды активі – біздің кадрларымыз. Қазіргі уақытта бізде 350 адам жұмыс істейді, оның ішінде өндірісте 250-ге жуық адам бар. Қызметкерлер үшін біз жайлы жағдай жасауға тырысамыз. Яғни тамақтану, тасымалдау, мотивациялық бағдарламалар, ел ішінде де, шетелде де оқытуға аса көңіл бөлеміз. Бүгінгі жеңіс – бұл біздің әрбір қызметкеріміздің жетістігі және компанияның дамуына қосқан үлесі, бұл одан әрі өсу мен жаңа жетістіктер үшін серпіліс, – деді «Borkit Safety» ЖШС бас директоры Сергей Деревянко.

Ал «Абылай Хан» кәсіпорны «Іскер» сыйлығына ие болды. Бұл марапат Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсқа және өз қызметінде табысқа жеткен, өз тауарларын үнемі жетілдіруге және оның сапасын жақсартуға ұмтылатын «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық көрме-конкурсына қатысушылар арасынан компанияларға беріледі. Серіктестік 1999 жылы құрылды және балықты өндірумен, өңдеумен, сақтаумен және сатумен айналысады. 

-Қазір кәсіпкерлерге өз өнімдерін өндіруге баса назар аударылып, «сатып алу-сату» қағидатын ұстанбау маңызды. Бизнесті қолдау мен дамытудың нақты тетіктері бар және оларды пайдалану қажет. «Алтын Сапа» және «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық конкурстары – бұл өңірлік кәсіпкерлерге өз өнімдері туралы мәлімдеуге, оның артықшылықтары мен бәсекеге қабілеттілігін бүкіл ел көлемінде көрсетуге көмектесетін тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі қуатты алаңдар. Жергілікті компаниялар жыл сайын жоғарыда аталған байқауларға қатысады және әрқашан жеңімпаздар атанып жүр. Бұл олардың жұмысының жоғары сапасының көрсеткіші екені сөзсіз,- деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

Сонымен қатар, салтанатты рәсім барысында Атырау облысының «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ «Парыз» сыйлығының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша алтын наградасының иегері атанды. Кәсіпорын Атырау облысындағы қайырымдылық жобаларына 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, экология, мәдениет және спорт салаларындағы жобалар. 

Айта кетейік, биыл республика бойынша «Алтын сапа» сыйлығын алуға 221 компания өтінім берген болатын. Олардың ішінен 14 лауреат іріктеліп алынып, олар дипломдармен, конкурс эмблемасымен және 450 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз