ҚҰС ФАБРИКАСЫНА – ҚУАТТЫ ТЫНЫС

оның үшінші өндірістіккешені пайдалануға берілді 

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын мерекелеу басталып кеткен бір тұста Жылыойда жұртшылықты елең еткізген елеулі оқиға болды. Құлсарыдағы құс фабрикасының үшінші өндірістік кешенін іске қосу сәті Наурыз мерекесімен бірге басталды. Оған аудан әкімдігінің басшы буыны мен бөлімдері жетекшілері, фабриканың жұмысшылары және ақпарат құралдарының өкілдері жиналды.

Кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы СырымРысқалиев алғашқы болып сөз алып, жиналған көпшілікті құс фабрикасының үшінші тауық блогінің іске қосылуымен құттықтады.

– Елімізде азық-түлік қажетін өтеу мақсатында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық арнаға түсіру өте-мөте маңызды екенін ескерсек, Атырауда ауыл шаруашылығын дамытуда 10-ға жуық жоба іске қосылып отыр, – деді ол. – Кәсіпорында өсіп-жетіліп жатқан 53 мың асыл тұқымды голландиялық балапандар болашақта мол өнім көзіне жол ашатыны кәміл.

Басқарма басшысы жаңа жүйемен құс өсіруді қолға алған өнім өндірушілерге алдағы уақытта да жемісті қадам тіледі.

Өз кезегінде құттықтау сөзін жалғаған аудан әкімінің орынбасары Жәрдем Ахметов өңірде отандық өнімдер шығаруға бетбұрыс жасалып отырғандығына тоқталды.

Құс фабрикасының директоры Мақсот Мағзұмбаев үстіміздегі жылы құс сою және жұмыртқа цехтары салынатынын, ал қазір фабрикада тәулігіне 55 мың дана жұмыртқа шығарылғанымен, ол кәсіпорын толық қуатына жеткенде 120-130 мың данаға дейін жететінін, сөйтіп таяу келешекте 150 тоннаға дейін құс етін өндіруге де мүмкіндік туатынын айтты.

Салтанатты жиынның соңында С.Рысқалиев пен Ж.Ахметов №3 тауық блогіне кіреберісте керілген лентаны қию рәсімін жасады.

Одан кейін жиналған көпшілік құс фабрикасының ішін аралап көріп, жұмыс барысымен танысты. Фабрика жаңа технологиялар негізінде заманауи озық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Ресейдің Екатеринбург қаласынан әкелінген сарыауыз шөжелер бүгінде бұл жақтың климаты мен ерекшелігіне бейімделіп, қанаттары қатайып, жетіліп қалған.

Өңірдің Индустриялық картасына еніп, өнім беретін кәсіпорынға айналған осы жобаның бастамашысы, «Атырау-Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, құс фабрикасының ірге көтергеннен күні бүгінге дейінгі шығыны 400 млн теңге құрап отыр. Ең бастысы, құбылмалы нарық жағдайында халық игілігін көретін көздеген мақсатқа қол жетті. Құс фабрикасының өнімдері қазір аудан халқымен қатар, «Теңізшевройл» компаниясына және Атырау қаласына да тарайды.

Әрине, бүгінгі жетістік ертеңге өлшем бола алмайды. Қарапайым еңбек адамдары, яғни тауық өсірушілер, жөндеушілер мен операторлар қалтқысыз қызметтерімен ертеңгі күні бұдан да зор табыстарға жетері сөзсіз. Ұжымда Төлеген Анар, Хамиева Шынар, Аманиязова Іңкәр, Сисенбаев Аманияз есімдері жылы ілтипатпен аталады.

– Фабрикада 50 жұмысшы еңбек етеді, енді үшінші кезеңі іске қосылуымен олардың қатары жергілікті мамандармен тағы да толыға түспекші. Жаңа ғимараттың жарығы, газы, суы келіп тұр. Кәсіпорын жанында жуынып-шайынатын, киім ауыстыратын арнайы орын бар. Айлық орташа жалақымыз 60-70 мың теңге аралығында, – дейді жөндеуші Қонақбай Нұрбалаев әңгімеге араласып.

Құлсары құс фабрикасы жыл өткен сайын кеңейіп-кемелденіп, қуаты артып, отандық өнім өрісінде өркен жайып келеді. Кәсіпорынның өнімін тұтынуға жылыойлықтар ғана емес, Теңіз мұнай кенішін игерушілер де, Атырау қаласының тұрғындары да үлкен ықылас таныту үстінде. Өйткені, жергілікті өнім ақпарат құралдарында мамандардың айтып жүргеніндей, алыс-жақын шет елдерден келіп жеткенше 30-40 пайыз шамасында сапасын жоғалтатын өнімдердей емес, экологиялық жағынан таза тауар. Енді ағымдағы жылы іргесі қаланып, қабырғасы бой көтеретін жұмыртқа цехы мен құс сою цехы соңыра іске қосылған шақта, фабрика директорының сеніммен айтқанындай, жылына жұмыртқа өндірісі 120-130 миллионды маңайлап, 150 тонна құс еті өндіріліп жатса, таң қалма!

Қазірде өңірде қанат жайған «Қазақстанда жасалған» акциясының керемет үлгісі осы емес пе!

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз