СарапTime: Малдың терісі мен жүні қоқыс жәшіктерінде текке тентіреп жатыр…

f28d3b74f01ffe1f0e73ed2ebcb6f045 big Жаңалықтар

Соңғы уақытта елді мекендерде малдың терісі мен жүні ешкімге керек болмай, текке жатқандығы жөнінде жиі жазылып жүр. Расында да, анау жылдары ауыл аралап, қорада қапталып тұрған осындай нәрсені түгін қалдырмай тиеп кететін адамдар қайда? Халық арасында бұларды «агент» атайтын. Бұл кісілер осы кәсібімен-ақ қалталы саналатын. Олар жинаған жүгін әрі қарай жөнелтетін. Тіпті жоспарлы тапсырма саналатын. Енді не күйге түстік? Ауылдың кешегі алтынға балаған шикізаты бүгін қаланың бас ауыртатын керексіз күйкі затына айналғаны ма?

ЕЛТІРІНІҢ ЕРТЕҢІ БАР МА?

Жақында автобуста жетпістің жетегіне ілескен, тіпті оны да еңсерген болуы мүмкін, ер адамды кездестірдім. Алдымдағы орындыққа жайғасты. Көзім бірден басындағы бөркіне түсті. Көгілдір түсті елтіріден тігілген. Пайдаланғанына біраз жыл болса керек, шеті аз-кем қырқылыпты. Бірақ, әбден иленіп, сапалы жасалғаны соншалық, иесіне әлі талай уақыт қызмет ететін тәрізді. Ал, қазір бұл бағалы шикізатты даярлау барысы қалай?

6,5 МИЛЛИОН ҚОЙ ҚАЙДА?

Жалпы, қолдағы деректерге қарағанда, сонау жылдары одақтың құрамында болсақ та, республика жекелей есепте қаракөл қойын өсіру көрсеткіші бойынша әлемде алтыншы орында саналған екен. Тек Шымкенттегі зауытта ғана жылына 2,5 млн. дана елтірі даярланып, шетелге шығарылған. Әрине, алтынға бағаланған. Сол қазыналы кез қазір қайда? Ауылдағылар табысты саладан неге бас тартты? Әлде мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілмей жатыр ма? Немесе мұндай малды бағу қиын ба? А у ы л ш а р у а ш ы л ы ғ ы ғылымдарының докто – ры Қосыбек Ырзағалиевтің а й т у ы н ш а , қ а р а к ө л қ о й шаруашылығының тарихы тым тереңге кетеді. Сонау 1907- 1910 жылдары бірқатар Батыс елдері мен Бұқарада қойдың осы тұқымы жоспарлы түрде өсіріле бастайды.

Ал, 1909-1914 жылдары республикаға Оңтүстік Африкадан қаракөл қойы әкелініп, жергілікті қылшық жүнді намаква, блинхоар, рондериб және басқа тұқымдармен будандастырылады. Оның бер жағында, яғни жиырмасыншы-отызыншы жылдары бұл іс бір ізге түседі. Сөйтіп, селекциялық жұмыстарға мән беріледі, шөл және шөлейт аймақтарда қажетті жем-шөп қоры жасақталады, өнімділігі мен жұғымдылығы мол мал азығы даярланады. Республика бойынша негізі табиғаты жұмсақтау оңтүстік өңірде алдымен қолға алынса керек. Кейбір деректерге қарағанда, күллі одақ бойынша қаракөл қой шаруашылығына қатысты жалғыз ғылыми-зерттеу институты Шымкентте ашылыпты. Мәскеулік мықтылар жазы ұзақ, қысы жылы өңірлерге көбірек мән берген сыңайлы. Өйткені, сол кезде Шым қаламен шекаралас Өзбекстанда осы кәсіп мықтап дамыған. Қазір да жаман емес. Бұл жөнінде кейінірек айтамыз.

Ат а л м ы ш ш и к і з а т т ы ң маңыздылығы соншалық, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО көмек қолын созған мемлекеттер қарыздың қайтарымына қаракөл елтірісін сұраған. Сонымен есептесуге келіскен. Демек, алтынға пара-пар нәрсе әлемдік деңгейде аса жоғары бағаланған ғой. Батыстың бизнес иелері де көл-көсір табыс қайдан келерін білген. Сірә, соғыстан соң күллі одақ бойынша қаракөл қойын өсіруге біржола бетбұрыс жасалып, барлық назар осы жаққа бағыталуы жоғарыда айтқан борыштан құтылудың жолы болса керек. Тек алпысыншы жылдары ғана республикада 6,5 млн. қаракөл қойы бағылуы – бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткіш. Бүгінде солар қайда? Табысы толымды, пайдасы көлкөсір тұяқтыдан неге қол үзіп қалдық?

22 КЕҢШАРДАН КІМ ҚАЛДЫ?

Ау ы л ш а руа ш ы л ы ғ ы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевтің бізге ұсынған деректеріне қарағанда, республиканың батысында, соның ішінде бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысында да, қаракөл қойларын өсіруге мықтап ден қойылыпты. Неге екені қайдам, Құрманғазы ауданы ғана тыс қалып, басқа өңір түгел қолға алыпты. Сөйтіп, 22 қаракөл қойын өсіруге бейімделген кеңшарларда барлығы бір миллион шамасында мал бағылған. Аз нәрсе емес. Бүгінгілердің илануы қиын дәйек. Елтірінің өзі бірнеше түске бөлінеді екен. Мәселен, «Бақсай» мен Ленин атындағы кеңшарлар бұқар, Исатай ауданы мен «Гурьев» асыл тұқымды зауыты көк, Индер, Қызылқоға мен Жылойдағы шаруашылықтар қара түсін өсіруге бағытталыпты. Көрдіңіз бе, әр аймаққа жоспарлы түрде бөліп тастаған. Маған автобуста кездескен бейтаныстың басындағы көгілдір бөрік кімдікі екен? Қайтсе де, сол кездегі сапаның мықтылығы ғой, қазірге дейін сақталғаны. Ал, облыс республика бойынша қаракөл қойын өсіретін алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі болыпты.

Тағы да ғалымның айтуынша, Атырауда жылына 280-300 мың дана елтірі даярланып, оның бірінші сұрыптылығы 81 пайызға жетіпті. Облыс бірнеше рет одақтық және республикалық деңгейдегі жарыстарда бірінші орынды жеңіп алып, ауыспалы Қызыл туды иеленген. Жалпы, қаракөл қой шаруашылығына аса мән беріліп, оны ғылыми тұрғыдан дамытуға назар аударылған. Яғни, арнайы мамандар дайындалған, озық шаруашылықт ардың тәлімді тәжірибесі таратылған. Мал басын асылдандыруға ден қойылған. Әсіресе, «Гурьев» зауытында, «Правда», «Ембі», «Коммунизм таңы», «Қызыл ту», «Бақсай», «Ленин атындағы к е ң ш а р л а р д а т ы м – т ә у і р нәтижелерге қол жеткізілген. Осы салада озат аталған шопандар ең жоғары марапаттарға ұсынылған.

Алдыңғы жылы ма екен, әлеуметтік желіде СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы мүшелерінің қыстық пальтолары мен бөріктерін қалай ауыстырғаны жөнінде бейнежазба тарады. Қазіргі шенеуніктердей емес, сол кездің кісілері бір киімді бірнеше жыл киетінге ұқсайды. Содан осы салаға жауапты адам бюро мүшелерін жаңа киіммен қамтуды ұйғарыпты. Өздеріне сездірмей, кезекті отырыс өткен соң бөлек бөлмеге жинап қойған пальтолар мен бөріктерді ұсынған. Әрине, тегін емес, ақысын кейін бәрінің жалақысынан ұстаған. Адалдықтың асқан белгісі бұл. Бүгінгілер бір теңге де төлемей, бергенін алып жүре береді емес пе?

Жә, көздің жауын алған әдемі киімге таңқалған барлығы материалы қайдан екенін сұрайды ғой. Сөйтсе, Қазақстандағы қаракөл қойының елтірісі екен. Жылуына сұлуы сай. Қай елге де қысылмай киіп баруға болады. Жоғарыда айттық қой, елтірінің алтынға баланып, шетелге сатылғанын. Демек, басқа мемлекеттер басшылары да осы шикізаттан тігілген киімді киген шығар-ау. Кеңес әскері генералдарының басындағы папахасы көнекөздердің жадында шығар. Сол да біздің елтіріден тігілген. Ендеше, ауыз толтырып айтарлық мақтанышымыз естелікке ғана айналғаны ма?

Айтпақшы, арада бірнеше жыл салып, Қонаевтың сол пальтосын бұрынғы басшысына шын берілгендігін ғұмырының соңына дейін сақтаған жүргізушісі базарда саудалапты. Қайтсін, қартқа қаржы қажет болған ғой. Сонда сыры да, сыны да кетпеген дүниені тау халқының өкілі қалтқысыз танып, лайықты бағалап, сұраған ақшасын саудаласпастан төлеп алып кетіпті. Бізге жеткен әңгіме осы. Атырауда бұл с а ланың қарышты дамығаны соншалық, әр жылы республиканың өзге өңірлеріне бес-алты мың таза қанды қаракөл қойы жіберілген.

Аймақта еліміздің қаракөл қой шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу институтының Батыс бөлімшесі құрылған. Оның жанынан тек осы бағытта 17 кеңшар арнайы келісіммен мал басын асылдандырумен айналысқан. Соның нәтижесінде экономикалық тиімділігі артып, барлық қой шаруашылығынан түсетін табыстың 80 пайызын қаракөл өсірушілер берген. Мәселен, 1989 жылы облыстық агроөнеркәсіптік өндіріс еншілеген 48,1 млн. сом пайданың 25,7 миллионы осы саланың үлесінде екен. Жартысынан көбі ғой. Енді сол молшылықтан бір-ақ сәтте қол үзгеніміз бе? Әлде қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма? Бұл бағытта нендей шараларды жүзеге асырған жөн?

КЕШЕНДІ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Аймақтағы қой шаруашылығымен шұғылданатын біраз адаммен тілдестік. Дені еділбай қойын бағады екен. Басқаларымен салыстырғанда содан түсетін табыс толымдырақ. Егер тері-жүн тәрізді шикізатқа деген мемлекеттік көзқарас түпкілікті өзгермесе, онда қазіргідей етті-майлы салаға ден қойылып, келешекте де сол бағытта жалғаса береді. Өйткені, ешкімге төрт түліктің қай түрін бағуға байланысты бұйрық берілмейді. Бас-басына би болған, бұйдасы бос кеткен заманда кімнің немен айналысса да еркі өзінде. Бәрін нарықтық қатынастарға аудара салады. Ау, сонда мемлекеттік мүдде қайда қалады? Кеше елтіріден көл-көсір пайда тапқан аға буынның бүгінгі ұрпағы ұсақталып кеткені ме? Өкінішті-ақ. Мамандардың айтуынша, мұндай ахуалдың қалыптасуына елімізде жеңіл өнеркәсіптің тоқырауы да себеп.

Бұрынғы тігін фабрикалары қайда? Таза елтіріден тігілген аяқ киімдер неге сөреде толып тұрмайды? Әлде сұраныс жоқ па? Әрине, бар. Тіпті мұқтаждық байқалады. Әр жылы Атырауда қараша айында Ресейден әкелінген тондардың жәрмеңкесі өтеді. Жерлестеріміз жаппай барады. Бағасына қарамастан сатып алады. Қайран қыруар қаржымыз көлденең көк аттының қалтасында кетіп жатыр. Сонау жылдары қаракөл тон мен жағалы пальтолар өзімізде де даярланып еді ғой. Енді шетелден таситын күнге жеттік. Үш күндік қозының елтірісі әлемдік аукционде аса жоғары бағаланады екен. Одан тігілген киім көркемдігімен қатар, жылылығымен де құнды көрінеді. Әлде қаракөл қойын бағу қиын ба? Мүмкін оған ерекше күтім керек шығар? Тіпті де олай емес.

Академик Хисмет Үкібаев бастаған ғалымдар 1974-1998 жылдары облыста бұл бағытта үлкен селекциялық жұмыс жүргізген. Сөйтіп қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен еділбай саулығын қаракөлдің сұрхандариялық сұр түсті және қарақалпақтық қошқарларымен будандастыруды қолға алған. Бұл ғылыми ізденіс одан әрі өрістеп, нәтижесінде дүние жүзінде теңдесі жоқ «Атырау елтірілі, етті-майлы құйрықты қойы» аталатын тұқым өмірге келді. Байқап отырсыз ба, құрметті оқырман, тек терісі ғана емес, еті де кәдеге асады екен. Төрт тұяқтының бұл түрі оның жаңа тұқымы ретінде бекітілген. Авторлар ұжымы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Бұл қойдың тағы бір ерекшелігі – елтірілік және еттілік өнімділігі жоғарылығымен бірге шөлейт өңірде жыл бойы жайылуға жарамдылығы. Ауа райының кез-келген қатаңдығына тез бейімделеді. Жеңіл-желпі қыста қораға қамалмай, жайылыспен-ақ шығуға болады. Атыраудың климатына сұранып-ақ тұрған жоқ па? Ендеше, неге қолға алмасқа? Дүниежүзілік деңгейде топшыласақ, қазір Африка мемлекеттері, Ауғанстан қаракөл қойын өсіруде көш бастап тұр. Дамыған елдер қажетін солардан алады.

Жоғарыда айттық қой, о баста Қазақстанға бұл мал өткен ғасырдың басында Оңтүстік Африкадан жеткізілген. Бірақ, содан бері отандық ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оларды өзімізде де өсіруге болатындай дәрежеге көтерді. Әттең, сол жетістікті жалғастыра алмай жатырмыз. Кешегі кеңестік одақ бойынша бұл кәсіп Өзбекстанда жақсы жолға қойылған. Көршілерміз ақ мақтамен ғана емес, елтірімен де саудасын шалқытып отыр. Соны сыртқа сатып, қазынасын толтыруда. Неге солардан көш кейін қалдық?

 Осы материалды жазу бар ы с ы н д а б і р а з а д а м м е н тілдестік. Солардың бәрі дерлік мемлекетік қолдаудың кемшін екендігін айтады. Қазір облыста қаракөл қойынан қол жазып қалғандаймыз. Тіпті тұқымы мүлдем құрып кетуі де ықтимал. Ешкім керек етпесе, әрине, солай болады. Ал, оның аймақты жерсініп кеткендігі, мал басының шапшаң өскені, дүниежүзілік деңгейде жоғары бағаланғаны, республикада алдыңғы қатарда болғаны бүгін ертегідей естіледі. Бәсекеде бәсін кемітті. Нарыққа төтеп бере алмады. Шаруашылық басшылары түптің түбінде түсер толағай табыстан гөрі бүгінертең табар азды-көпті пайдасын көбірек ойлайды. Бұларға да реніш жоқ, жәй терісін өткізе алмай отырғанда, елтірі даярлау жеңіл ме? Соншама тер төккенде лайықты бағасына сата ала ма? Шыққан шығынның қайтарымы кемісе, орнын кім толтырады? Жекеменшік тігін орындары шикізатты шетелден тасуға әуес. Үкіметтің үн қататын тұсы осы. Түрлі қолдауын көрсетіп, қамқорлық танытса, сыр берген саланы сауықтырып жіберуге мүмкіндік мол. Демек, тиісті мемлекеттік бағдарлама қажет. Соны жүзеге асыратын нақты тетіктері жасақталуы тиіс. Сонда бұл бағытта да биіктен көрініп, біріншілікке қол жеткіземіз.

P.S.

Жақында әлеуметтік желіде кеңестік кездегі балалардың қыста неге тоңбайтындығы жөнінде бейнежазба көрсетілді. Оның бір ғана жауабы бар, ол – бәрінің табиғи теріден тігілген, биязы жүннен тоқылған киім кигені. Аяқта байпақ, үстінде тон, қолында қолғап. Барлығы – төрт түліктің шикізаты. Еш нәрсе ұмыт қалмаған. Бұлар аға ұрпақ өкілдеріне жақсы таныс. Ал, бүгінгі бозбала мен бойжеткенге беймәлім. Олар сырты жылтыр, іші тықыр қысқы киіммен бүрсеңдеп жүр. Бұған, турасын айтқанда, біз де кінәліміз.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз