СарапTime: АЙРАН ішкен мен ШЕЛЕК жалағанның айырмасы
Статистикалық деректерге сүйенсек, желілік маркетингтің шырмауына елде жыл сайын мыңдаған адам түсіп қалады екен. Соның бірнешеуі ғана табыс тапса, дені желінің басындағы көшбасшының табысына жұмыс жасайды, деп хабарлайды Atr.kz тілшісі.
Тіпті, деңгей қуып, тез дәрежеге жетем деп несие алып, оған алған тауарын ойдағыдай өткізе алмай, қарызға белшеден батып жатқандары тағы бар. Мұндай сәтсіздікке бір емес, жүздеген жанның ұрынғаны да аян. Бұл не құдірет?! Айды алақандай, жерді тебінгідей етіп, төбеңізден төмен қарай алтын құятындай сөйлейтін «сетевиктер» тақырыбына толығырақ үңіліп көргенбіз.
«Суырылған сетевик»
Балаларыммен бірге түскі асты алдыма ала бергенім сол, біреу қақпаны дүрсілдетіп қоя берді. Туысымның қасындағы бейтаныс қыз үйге жайраңдап кірді. Құдды, мені бұрыннан танитындай. Жарты сағаттан соң келісілген кездесуім бар болатын. Асығыс екенімді айтқанымда, «жиырма минут қана уақытыңызды аламыз» деп қиылды. Өзінің айтуынша, «компаниясының рейтингі бойынша республикада төртінші орында тұрған директоры» екен.
Жə, əңгіменің басын бет күтімінен ба с т а ғ а н б и ке ш п л а н ш е т і н де г і шетелде қыдырған суреттерін көрсетіп суырылып отыр. Түскі ас жайына қалды. Ақыры, қызықтыра алмасын білді ме, психологиядан да аз-кем қозғап кетті. Байқаймын, əр нəрсенің басын бір шалғанымен, бір саланы терең меңгермеген. Себебі, айтып отырғаны мен білетін кəсіби косметологтар мен психологтардың кеңесіне қарама-қайшы дүниелер. Анығын айтқанда, адамды арбаудың арзан айласы. Байқағаным, мақсаты – мені өз командасына қосу. Бүгін-ертең аяқталатын «акцияларын» айтып, маркетингтік қадамдарын да жасап көрді.
«Бұл айда мұндай дүниеге жоспарым да, бөлінген ақшам да жоқ. Қаңтар айына ойланып көрейін» деп сытылуға тырыстым. «Өкініп қалмаңыз» дегендей сыңай танытты. Осылайша, күліп кірген күлімкөзім үйімнен үндемей ғана қабағын түйіп шығып кетті.
40 жыл кешіккен шындық
Жиырма минуттан бір сағатқа созылған «үгіт» жұмыстарында менің назарымды аударған желіліктердің жаттанды ақпараты – «Америкада х а л ы қ т ы ң 5 0 п а й ы з ы ж е л і л і к маркетингпен айналысады». «Құдайы қонағым» кеткен соң, осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін, əдеттегідей əлеуметтік желіден мұхит асып, білім алып, қызмет етіп жүрген қазақстандықтарды іздедік. – АҚШ-тағы желілік маркетинг туралы сұрақтар жиі келеді, — деп бастады əңгімесін оңтүстіктің тумасы Назым Қанқожаева.
- – Тіпті кейбіреулер Америкада отырған маған «америкалық компанияға жұмысқа тұрыңыз» деп, елден əріптес болуға шақырады. Ал, Америкада желілік маркетингтің негізі 1920 жылдары қаланып, 1950- ші жылдары дəуірлеп, 1970-1990 жылдары өзінің шырқау биігіне жеткен. 1980 жылдары желілік маркетинг компанияларының қызметі əбден құлдырап, көптеген соттасу процестері болған. Осы мəліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы «бум» 40 жылға кеш жүріп жатқанын байқауға болады.
Ал, желілік маркетингті жарнамалау мақсатында ел алдындағы ханымдар «АҚШ-та елдің 50 %-ы айналысады» деген аңыз-əпсанаға келсек, 2018 жылғы ғылыми зерттеулерге қарағанда, халықтың 7,7 %-ы ғана өмірінде бір рет болса да айналысқан жəне оның 60 %-ын əйелдер құраған екен. Назым замандасымыз келтірген дəйектерге сенуге тура келеді. Себебі, зерттеу бойынша 47%-ы салған ақшасын жоғалтқан, 27 %-ы табыс таба алмаған, тек 25 %-ы ғана ақша тауыпты.
Статистикаға қарасақ, ұтқаннан ұтылған адамның саны үш есеге жуық. Ал, Қазақстанда мұндай нақты есеп жоқ. Сол себепті, дəл дəйекті тап басып айту қиын, бірақ, дамыған, азулы мемлекеттің өзінде желілік маркетингтің дəурені ұзаққа созылмағанын қаперімізге алу қажет.
Желінгеннің құқығын кім қорғайды?
Оқу жəне жұмыс жағдайымен Американың бірнеше штатында тұрған Назымның айтуынша, мұнда «маркетинг» ұғымы біздің елден əлдеқайда алда.
- – АҚШ «Membership» карта беру арқылы əр үйде неше адам барын, отбасылық табысын қалай жəне неге жұмсайтынын дəлме-дəл есептеп шығарады. Яғни, машиналық есептеу саласы мықты дамып кеткен. Сол арқылы қандай тауарға жарнама жасау керектігін анықтап, сіз жиі пайдаланатын тауардың жеңілдігі туралы ақпаратты жіберіп отырады. Сауда ісі маркетинг арқылы жүргенімен, бұл халықтың дені желілік маркетингпен айналысады деген сөз емес, — деді ол.
Жасыратыны жоқ, Америкада желілік маркетинг жүйесі қатаң бақылауда. Тіпті, алты штатта арнайы ережеге сай сата алмаған тауарын қайтара алады, осы тəріздес тұтынушы құқығын қорғайтын басқа да заңдары бар. Ал, бізде ше?
А т ы р а у о б л ы с ы б о й ы н ш а тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбаршын Сұлтанова:
- – Желілік маркетингке тіркелуші жеке тұтынушы болмағандықтан, оның құқығын қорғау біздің департаменттің құзырына кірмейді. Ал, оның азықтүлікке жатпайтын тауары сапасыз не жарамсыз болса, тұрғындар бізге шағым түсіре алады. Əзірге ондай арызданушы болған жоқ. Жуырда интернетдүкеннен алған тауар суреттегідей болмағандықтан, сатып алушы бізге шағым түсіріп, мəселесі оң шешілді, — деді.
Заң өкілдерінен желілік маркетингке арналған заңның жоғын, сосын мемлекеттік кірістер департаментінен олардың желілік маркетинг болып арнайы тіркелмейтіндіктерін білдік. Яғни, салық органдарында сауда-саттық саласы болып жалпылама негізде тұрғандықтан, мұнымен айналысатын қанша ұйымның барын тап басып айту қиын. Демек желілік маркетингке тіркеліп, желінген көп. Ал, олардың мүддесін қорғайтын да, одан сақтайтын да ешқандай құқықтық негіз жоқ. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып жатқан заман ғой. Қорытындысын, көзі қарақты оқырман өзі бағамдай жатар.
Желілік бизнес немесе блогерлік?
- – Декреттік демалысқа шыққан соң үйден жасауға қолайлы бизнес ретінде желілік маркетингті таңдадым. Əлеуметтік желі арқылы кəсібімді жүргізіп, «команда» құрдым. Тым жақсы табыс та таптым. Бірақ, көп күш жұмсалады. Көбісі «өз-өзіңе жұмыс жасайсың, ешқайда бармайсың» десе де, сен тіркелген компанияның тауар айналымын арттырып, соны сататын адам болып есептелесің. Ал, блогерлік істе тек өз-өзіңе жұмыс жасайсың. Өзіңнің контентіңді дамытатасың, əлеуметтік желіңді сауатты жүргізесің. Сол арқылы пайда табасың, — дейді атыраулық блогер Ақбота Совет.
Шынында да, блогер айтқандай өзөзімізге жұмыс жасайтын уақыт келді. Қашанғы өзгенің қаңсығын таңсық көреміз?! Бір сəт ойланайықшы!
Желілік бизнеске құйылған ақшаны өз қолыңызбен «шет елге беріп отырмын» деп есептей беріңіз. Оған кеткен уақытыңыз бен қажыр-қайратыңызды да өзге елдің экономикасына арнап жатқаныңызды ұмытпаңыз. Біз қарапайым балалар жаймасын өзіміз тіксек те, өзіміздің өнімге жұмыс жасап, қаржымыз бен қажыр еңбегімізді жұмсағанда ғана елдің қарыштап дамитынын назарда ұстауымыз керек.
Салтанат АҚТƏЖИЕВА