«Мұнайлы астанада» жарты жылда не өзгерді?

WhatsApp Image 2019 07 17 at 08.57.38 Жаңалықтар

Atr.kz/17 шілде, 2019 жыл. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық мәслихаттың депутаттарына өңірдің ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында дамуы туралы баяндады.

Атырау облысының әлеуметтік – экономикалық дамуына өсім тән. Алдымен, өңір экономикасының дамуына мұнай-газ секторы ықпал етіп отыр. Соның ішінде, индустриялық-инновациялық даму жобалары бар. Өткен төрт жылда жалпы сомасы 3,17 трлн. тенге 35 жоба іске асырылып, бұл қосымша 3,8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Облыс әкімі атап өткендей, экономиканы диверсификациялау өңірдің көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 22,3 млрд. теңгені құрады. Агроөнеркәсіп секторын қаржыландырудың арқасында тамшылап суарылатын егістік алқабы 2,8 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл егістіктің жалпы аумағының үштен бірі. Су тапшылығын сезініп отырған аймақта тамшылап суару әдісі шаруаларға үлкен көмек болары сөзсіз.

WhatsApp Image 2019 07 17 at 08.57.37 1

Мүйізді ірі қара малдың саны тұрақты өсуде. Ауылдық кәсіпкерлердің несиеге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» арқылы жеңілдетілген мөлшерлемемен несиелеуге жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. 2013-2019 жылдары осы мақсатта 2 млрд. 357 млн. теңге бөлініп, 416 бизнес-жоба қаржыландырылды. 2019 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында перспективалық ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мемлекет қазынасынан 900 млн. теңге бөлінді.

Облыс әкімі атап өткендей, тұрғын үймен қамтамасыз ету халықтың әл-ауқатының негізі болып табылады. Жыл басынан бері облыста 378,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау және білім беру саласы қызметкерлері үшін 297 пәтерлік 4 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Барлығы, биыл 3395 пәтерлік 40 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, 5 531 пәтерлік 77 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Қазіргі кезде облыс халқының 98,4% табиғи газбен қамтылған. Азғыр өңірінің 10 ауылын газдандыру арқылы бұл көрсеткіш 99,5% жетеді. Азғыр өңірін газдандыру жұмыстары аяқталды, газды елді мекендерге жеткізу жұмыстары басталды.

WhatsApp Image 2019 07 17 at 08.57.37

​Есеп беру кезінде облыс әкімі Үкіметтің 15 шілдедегі кеңейтілген отырысындағы Президенттің берген тапсырмаларына тоқталды. Осы тапсырмаларды орындау үшін өңір басшысы жергілікті атқарушы органдардың алдына өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар міндеттер қойды.

​«Қарапайым заттар экономикасы» аясында сұранысқа ие және оларды Атырау облысында шығару тиімді болатын халық тұтынатын тауарлардың өндірісін ұйымдастыру қажет. Агроөнеркәсіп саласындағы бағдарламалардың, жобалардың тиімділігін арттыру үшін оларға талдау жасалады.

​Өңір басшысы, сондай-ақ, адресті әлеуметтік көмекті тағайындау, жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды қолдау, медициналық қызмет сапасын жақсарту, авариялық жағдайдағы мектептер мен үш ауысыммен оқытатын мектептер проблемасын шешу мәселелері, экологиялық ахуалды жақсарту шаралары жөнінде тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар орталығы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз