Жарнама
Жаңалықтар

Сапасыз құрылысқа қашан тоқтау салынады?

Қай мемлекеттік бағдарламаны алсақ та, сыбайлас жемқорлық дерегінің кездесетіні өкінішті. Демек, оның алдын алу шаралары әлі нәтижесіз. Бұл жолы «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес отырысына осы мәселелер арқау болды.

сапасыз құрылыс

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің былтыр құрылыс және тұрғын үй салаларына жүргізген бақылау қорытындысымен қоғамдық кеңес мүшесі Ұлықбек Тінәлиев таныстырды. Оның айтуынша, кемшіліктердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу заңдылықтары талаптарының сақталмауынан болып отыр. Мәселен, облыстық құрылыс басқармасына 2015-2016 жылдарға бөлінген бюджеттік несиелерді беру, оны пайдалануда өрескел қателікке жол берілгендігі анықталды. Мұндай құқық бұзушылықтар Индер, Жылыой, Махамбет аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде де орын алып отыр. Нәтижесінде, негізсіз жұмсалған қаражат қазынаға кері қайтарылды.

— «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары бойынша бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына бірқатар басқарма мен бөлімдерге тиімділік аудиті жүргізілді. Анықталған кемшіліктерге сәйкес тиісті жазалар қолданылды, — деген ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облысы бойынша департаменті құрылыс саласында былтыр 42 құқық бұзушылық дерегін анықтағанын атап айтты. Оның 28-і мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде жасалған. «Қолжетімді баспана», «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламаларынан 106 млн.теңге көлемінде шығын болса, оның 80,3 млн.теңгесі кері қайтарылған.

Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлы Әйтиева бір басқарманың өзінде осынша фактілердің орын алуы ойға сиымсыз жағдай екенін, бұл алдымен өзімізге сын екенін жасырмады.

— Мемлекеттік бағдарлама бойынша мердігер компаниялармен жиындар өткізілмей ме? Өкінішке орай, жыл сайын жемқорлық деректері азаймай отыр. Демек, алдын алу, түсінік жұмыстары әлі кемшіндеу. Құрылыстың сапасына баға берудің өзі қиын. Ақшасы төленіп, аяқталмай қалып жатқан нысандар қаншама? Осыған тоқтау салатын кез келген жоқ па? – деді Нұрлы Тельманқызы.

Айбөпе Сабырова

Суретті түсірген: автор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button