ҚАСІРЕТТІ ЕСКЕ АЛУ

оны қайталамау үшін қажет
Ұлттық аза тұту, яғни 31-мамыр күні қалың қазақ сталиндік жүйе қолдан ұйымдастырған геноцид құрбандарын еске алды. Халқымызды миллиондап қырған бұл жылдардың қасіреті еш өшпейтіндігін әділетсіздіктің құрбаны болған боздақтардың рухына тағзым еткен шара барысында жанымызбен тағы бір мәрте ұғынғандай болдық.

Зобалаң жылдардың құрбандарын еске алу шарасына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қызыл империя саясатының қанды шеңгеліне іліккен құрбандардың тарих сахнасындағы рөлінің еш өшпейтіндігін, ұрпақ санасында, ұлт жүрегінде мәңгілік сақталатынын атап өтті. «Сонау зұлмат заманның зардабын тартып, запыранын ішкен кезеңде халқымыздың рухы еш өшкен емес. Халқымыздың жартысы қолдан жасалған аштықтың құрбаны болып, жартысы қуғындалып кеткенде де қазақ халқының бірлігі бұзылған жоқ. Десек те, нәубет жылдар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов сынды ұлт зиялыларын адам қолымен жасалған зұлматтың құрбаны етті. Сондықтан да, бүгінгі күнге қазақтың өткенінің сан ғасырлық шерлі беттерін паш ететін күн деп қарауымыз керек. Сондай-ақ, бұл – тарихи әділеттіліктің салтанат құрған күні. Ендігі жерде мұндай атаулы дата тарих қателігін қайталамау үшін де керек» деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанмен бірге облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов негізгі шараны, яғни, боздақтар рухына тағзым етіп, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімін бастады. Колоннаны одан әрі Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков пен қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш, облыстық мәслихат, облыс әкімдігінің аппараты, облыстық басқармалар мен мекемелер ұжымдары жалғады. Жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым еткен колоннаның қатарында, сондай-ақ, барлық деңгейдегі күштік құрылымдар, облыстық тексеру комиссиясы, әлеуметтік сала мекемелері де болды.
«Бұл күннің мен үшін маңызы ерекше. Өйткені, әкем Қойшыбай Есенбаев – жалған жаламен қанды репрессияның құрбанына айналған адам» деді біз тілдескен қала тұрғыны Ақжай Қойшыбаева. «Әкем Қызылқоға ауданының тумасы. Өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеген кісі. Қарабау, Тайсойған, Қаракөл мектептерінде орыс тілінен сабақ берді. Кейін Халел Досмұхамедовпен жұмыстас та болды. Қазақ – талай қасіретті басынан өткерген халық. Елімізді үш мәрте жайлаған аштық, ұлт зиялыларын қынадай қырған репрессия, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Осындай нәубет жылдардың нәтижесінде бүгінгі тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Ендігі жерде біздің жас ұрпағымыз қазақтың басынан өткен нәубеттерді біліп жүрсе екен» дейді пікірлесіміз.
«Бұл – Қазақ еліне келген ылаң. Сондықтан, бұл баршамызға ортақ қасірет» деді облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бізбен әңгімесінде. Пікірлесіміз сталиндік қуғындау машинасына кезінде ағасының да іліккенін айтады. «Нарын құмының ортасында отырған адамға «мемлекет құпиясын таратты» деген жала жабылды. Арада біраз уақыт өткен соң мен зұлматтан кейінгі оңалту операцияларына қатыстым. Сол кезде жазаланғандардың папкасын алдыртып қарағанымда, көпшіліктің домалақ арыздың, дәлелі анық емес «айтты» деген сөз үшін қудаланғандарын көрдім. Бұл жылдар көптеген қасіретті құпияны бүгіп жатыр. Ақтаңдақтар ақиқаты әлде де болса кеңінен зерттеуді қажет етеді» дейді ол.
Иә, қалай десек те, қанды жылдар қасіреті ұлт тарихынан еш өшпек емес. Ұлттық аза күні туралы айтқан уақытта, біз оның қандықол жендеттерін жазалауды да естен шығармауға тиіспіз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз