Сапалы қызмет – тұтынушыға құрмет «Қазпошта» алдына қойған міндет осы

сапалы қызмет Жаңалықтар

Тұтастай алғанда, аймақ поштасының тарихына 156 жыл толған екен. Бүгінде оны жаңа технологияны енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жақсарта отырып, «Қазпошта» акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалы жалғастыруда. Жалпы, пошташылар – өз ісін жан-тәнімен сүйетін еңбекқор ғана емес, сонымен қатар, талантты  жандар. Олар спортпен де, шығармашылықпен де шұғылдануға уақыт табады. Міне, осы ерек дарынын Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған Бүкіләлемдік пошта күні кеңінен паш етті.

%d1%81%d0%b0%d0%bf%d0%b0%d0%bb%d1%8b-%d2%9b%d1%8b%d0%b7%d0%bc%d0%b5%d1%82

Пошташылар мерзімдік баспасөзге жазылуды ұйымдастыруды еш ұмытқан емес. Әр жылы оны түрліше қызықты етіп өткізіп, оқырманды өзіне тарта біледі. Облыс орталығының алаңдарында болған мұндай шаралар қалалықтардың жадында ұзақ сақталады. Жалпы, өмірімізді күнделікті газет-журналсыз елестету мүмкін бе? Айта алмас едік. Жүректерді жалғайтын жылы хаттар да сондай. Оларды ең әдемі СМС-хабар да алмастыра алмайды. Жақын адамыңның конвертке салынған сырлы сезімін ешқандай электронды хатпен салыстыруға келмейді. Өзіңе ғана таныс қолтаңбамен жазылған ыстық лебізді оқудың өзі ғанибет емес пе?! Міне, пошташылар жиналғандарға соны жеткізе білді. Сайып келгенде, сонау соғыс жылдары майдан даласынан келген үш бұрышты хаттар желісімен кейін деректі және көркем фильмдер түсіріліп, бүгінгі ұрпақ өткен тарихымыздан тәлім алды. Пошта қызметінің бір ерекшелігі де – осы.

Ал, салтанатты шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованың, «Қазпошта» мекемесімен тікелей жұмыс жасайтын бірнеше еңбек ұжымы жетекшілерінің қатысуы мерекенің маңызын одан әрі көтерді.

Алдымен жиналғандарға жылы сөзін арнаған «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Өтепбаев сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады, оларға ерен еңбектері үшін алғыс айтты.

Сіздердің жасампаз жұмыстарыңызсыз, – деді ол, – бүгінгі өмірімізді көзге елестету қиын. Пошта қызметі ардагерлерінің арасында 20-дан 45 жылға дейін еңбек өтілі бар жандар кездеседі. Бұл қызметтеріңіз қаншалықты қиын да күрделі болғанымен, о баста сүйген мамандықтарыңызға адалдықтарыңызды көрсетеді.

Мекеме басшысы өздерімен сенімді әріптес болған «Атырау-Ақпарат» ЖШС, «Хоум кредит» және Ұлттық банктері мен өзге кәсіпорын жетекшілеріне алғыс сезімін білдірді. Қазір пошташылар дамудың жаңа сатысында. Мәселен, «Трансформация» бағдарламасы бойынша көрсетілер қызмет сапасы артады, келушілерге ісін шапшаң тындыруға жағдай туғызылады. Сөзінің соңында Бауыржан Өтепбаев пошта саласы ардагерлері мен қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыс етті.

Елбасының бес институционалдық реформасында халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту талабы да қойылғанын айта келіп, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова жиналғандарды шаһар басшысы атынан құттықтады.

Пошта ұжымының, – деді ол, – әркез халыққа сапалы қызмет көрсетуге ұмтылып отырғандығы қуантады. Мұны күнделікті өмірде өзіміз де байқап жүрміз. Қаншама жаңа технология өндіріске енгізілгенімен, алдыңғы кезекте адам факторы тұрады. Сондықтан, жеке жауапкершіліксіз, тәртіп пен еңбексіз бәрібір биік межеге жету мүмкін емес. Сіздерді әр отбасы асыға күтеді.

Бұл күні Атырау қаласының Алғыс хатымен Ләззат Сергейқызы, Балжан Ғарифоллақызы, Сәуле Сақупова, Сағира Сакирақызы және басқалар марапатталды.

Облыстық қоғамдық – саяси «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен «Қазпошта» облыстық филиалы көп жылдық стратегиялық әріптестер екендігіне тоқталды.

Журналистер газет жасайды, – деді ол, – ал, оның оқырманға дер кезінде жетуі пошташыларға байланысты. Газетке жазылу науқанында да олар әр үйге кіріп, үгіт те жүргізеді. Міне, сол үшін сіздерге мың алғыс. Алдағы уақытта да қарымқатынасымыз мықты боларына сенімдімін.

Байланыс қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті төрағасының орынбасары Тамара Максина бір топ қызметкерге Құрмет грамотасын табыс етті.

Құттықтаулар легі концерттік бағдарламамен өріліп жатты. Сахнаға тек кәнігі әншілер ғана емес, пошта қызметкерлерінің өздері де көтерілді. Исатай ауданындағы Жанбай селосынан келген пошташы Зира Төлеуішеваны зал толы халық ду қол шапалақтап қарсы алды. Оның домбыраға қосылып салған әні, расында да, баршаны баурады. Сөйтсек, ол Астанада өткен пошташылар байқауында жеңімпаз да болыпты.

Зейнеткерлікке дейін үштөрт жыл қалды, – деп күледі ол, – бірақ, мен оны ойлап та жүргенім жоқ. Төрт ересек балам, үш немерем бар. Ал, жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әр үйге қуаныш сыйлаған қандай жақсы! Бұл адамға күш береді екен.

Шара барысында пошта қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылған суреттер байқауының қорытындысы жарияланды. Оған қатысқандардың бәріне ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Әрине, мереке барлығына ұнады. Әсіресе, бір-бірімен жиі жүздесе бермейтін ардагерлер өзара қауышып, мәз болысты. Сонау жастығын еске алып, бүгінгі тірлікке шүкіршілік етті. Мәселен, Шегебай Отаров осы салада 42 жыл еңбек етіпті. Институтты тәмамдаған бойда осында келген екен, содан зейнеткерлікке бір-ақ шығыпты. Ешқайда қызмет ауыстырмаған.

Маған жұмысым да, ұжымым да қатты ұнайды, – дейді ол, – сонау сексенінші жылдары бас инженер болдым. Ол кезде мерзімдік баспасөзді алдырушылар өте көп еді. Әр көп пәтерлі үйдің кіреберісінде секциялық пошта жәшіктері тұратын. Ал, қазір газетжурналды, хатхабарды  әр пәтерге жеткізу, шындығында, қиын. Жоғары қабатқа көтерілу керек. Кейде иелері үйінде болмай шығады, көршілеріне жалынып, алып қалуын өтінеді. Негізі, пошташылар көп уақыт бір учаскеде жұмыс жасағандықтан, сол жердегінің бәрін танып, әр отбасының өз мүшесіндей болып кетеді. Мен басшылықтың осындай жүрекке жылы тиер шара ұйымдастырғанына разымын.

Расында да, Пошташылар күні өте тамаша атап өтілді. Әр ауданда қызмет істейтін әріптестер бас қосты, бір-біріне жақсылықтар тіледі. Біз де соған қосыламыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз