Сәлімжан Нақпаев қоғамдық қабылдау өткізді

img 20220219 wa0101 Жаңалықтар

Атырау облысына іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев қалалық «Nur Otan» партиясының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.

Мәжіліс депутаты тұрғындарды қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Оларды толғандырған мәселелер де әртүрлі. Халық қалаулысымен кездесуге алдын ала тіркелген тұрғындардан өзге де азаматтар қабылдауға келіп, түйткілді мәселелерін көтерді.

Кездесуде тұрғын үй, жол, қаңғыбас иттердің мәселелері сөз болды.

Бюрократияға бой үйретпеу керек

Мәжіліс депутаты көтерілген әр мәселе бойынша қала әкімдігі мен оған қарасты мекеме өкілдерінің сөзіне құлақ түріп, кез келген тұрғынның арыздары аяқсыз қалмау керектігін тапсырды.

– Бүгінгі таңда қол қусырып отыруға болмайды. Қаланың аумағы өсіп келеді. Облыста қаражат бар. Сіздер өздеріңізге жүктелген міндет бойынша мәселе көтеріп,  ұсыныстарыңызды айтыңыздар, «бізге тиісті емес, біздің құзыретімізге жатпайды» деп жылы жауып қоюға болмайды. Тұрғындарға барынша ашық болып, бюрократиялық жүйеден алыс болу керек, – деді Сәлімжан Жұмашұлы.

Қаңғыбас ит

Халық қалаулысы қаңғыбас иттердің мәселесіне де үңіліп, мұның өзекті екендігін айтты. Оның айтуынша, бұған бір жақты қарау дұрыс емес.

– Қоғамдық белсенділер айтты деп, адамның өмірі мен денсаулығын қатерге тігуге болмайды ғой. Тіпті жанашыр болса, қаңғыбас иттерді өздері асырауы керек, – дейді тұрғындар.

Жергілікті белсенділердің ит асырайтын питомник салу жөнінде ұсыныс айтып келетіндігі белгілі, ал, жауапты тұлғалар бұған қыруар қаражат қажет екендігін айтады.

Тыныштыққа сызат түспесін

Сондай-ақ, кездесуге қаңтар айындағы шеруге қатысты деген себеппен уақытша ұстау изоляторында тергеуден өтіп жатқан азаматтардың ата-аналары мен жақындары жанайқайларын жеткізіп келді. Қабылдауға келген тұрғындар алды отыз бесті алқымдап, арты жиырмаға енді толатын өрімдей жастардың тағдырына алаңдайды.

Мәжіліс депутаты изоляторда қамауда отырғандардың мәліметін мұқият жазып алып, мәселелерін облыстық ішкі істер департаменті мен облыстық прокуратура басшыларымен кездесуінде көтеретіндігін жеткізді.

– Елдегі орын алған жағдай бәрімізге оңай  болған жоқ. Мұндай бұзақылық елдің тыныштығы мен бейбітшілігіне сызат түсіреді. Біздің тәуелсіздігіміз өзімізге ғана қажет. Осындай тосын жағдайлар кезінде халқымыз бір-бірін сабырға шақырып, ұйысуымыз керек. Құзырлы органдар республиканың түкпір-түкіпірінде орын алған жағдайларға тиісті бағасын береді деп есептеймін. Атырау облысында болған жағдайға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ішкі істер департаменті мен прокуратораның басшыларымен кездесуден соң, балалардың ата-аналары және жақындарымен кездесетін боламын, – деді депутат.

(Толығырақ газеттің алдыңғы санынан оқи аласыздар)

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз