ӨРКЕНИЕТКЕ ІЛЕСКЕН ӨҢІР

Индерде бір күнде бірнеше әлеуметтік нысанның тұсауы кесілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында ел азаматтарының әлеуметтік жағдайын ұдайы назарда ұстап, мейлінше қамқор көзқарас танытып отыруды айырықша жүктегені белгілі. Елбасы тапсырмасын аймақтарда өз мәнінде жүзеге асыру барысында Атырау облысы алдыңғы лекте көрініп келе жатқан өңірлердің бірі деуге болады. Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарымен Индер ауданында болып, жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, бірнеше әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру салтанатына қатысты.

 

Егіннен  елге ырыздық

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарын аудандағы ірі елді мекен Есбол ауылдық округінде орналасқан «Слава» шаруа қожалығынан бастады.

Аталған шаруа қожалығы 117 гектар жерге бау-бақша дақылдарын егуді қолға алыпты. Оның ішінде 60 гектары тамшылатып суару әдісімен жүзеге асырылады. Барлығы 130-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған шаруагер картоп, көкөніс дақылдарынан өнім алып, әрісі Атырау, берісі аудан орталығындағы сауда нүктелеріне шығарып үлгерген. Ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген мәселелерге тоқталған облыс әкімі аудандағы каналдарды күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне назар аударып, оны тиісті мемлекеттік орындар алдына қоятынын айтты.

– Күні кеше ғана еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енді. Елбасымыздың дана саясатының  арқасында  жүзеге асқан келісім ел экономикасын одан әрі арттыруға мол мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Болашағы баянды ұйымның ең бірінші талабы – өндірілген өнімнің сапасы жоғары болуында. Сондықтан да, өнім өндірушілер осы жайға баса назар аударуы қажет. Жергілікті жерде өндірілген өнім әлемдік ры-нокқа жол тартсын,- деген Б.Ізмұхамбетов шаруагерлер жұмысына сәттілік тіледі. 

130  отбасы баспаналы  болды

Халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Облыс басшысының тікелей бастамасымен 60 пәтерлік екі тұрғын үй салынды. Пәтер иелерін құттықтауға келген өңір басшысы былайша ой өрбітті:

– Облыста тұрғын үйге қатысты үлкен мемлекеттік жобалар жүзеге асуда. Жыл соңына дейін 1284 пәтерлік 22 үй тапсырылады. Ендігі кезекте аудан орталықтарына, ауылдық елді мекендерге көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Мәслихат сессиясының шешімімен Жанбай, Доссор және Индер ауданы орталығына бөлек жоспар жасақтадық. Биыл 2 жылға 2 млрд-тан астам қаржы бөліп отырмыз. Жоспар бойынша былтыр екі 60 пәтерлік үй салуды қолға алған болатынбыз. Турасын айту керек, соңғы 30 жыл көлемінде мұндай көп қабатты тұрғын үй бұл ауданда салынған жоқ. Облыс бойынша осындай 9 үй салу жоспарланса, Индер ауданы алғаш болып құрылысты бітіріп отыр. Тапсырылған жұмыстарды ыждағатты орындай білгені үшін аудан әкімі Серік Арыстанға алғыс білдіремін.

Осындай қарқынды жұмысты ескере отырып, алдағы жылы тағы бір 60 пәтерлік тұрғын үйді салуды көздеп отырмыз.

Көптің көкейінде жүрген «Атырау-Индер» тас жолы күрделі жөндеуден өткізіліп, аяқталды. Жалпы құны 21 млрд. теңгені құрайтын аталған жол дер кезінде жөнделді деп есептеймін,- деп жаңа пәтерге қоныстанушыларға пәтер кілттерін табыс етті.

Облыс басшысы келесі кезекте Шығыс мөлтекауданындағы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы негізінде жалпы сметалық құны  178 миллион теңгеге бағаланған мемлекеттік қызметшілерге арнап 3D технологиялық панелімен салынған 10 тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Айта кетерлігі, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер алдына келер жылы асфальт жолдар салынатын болып отыр. 

Жаңа  емхана – дертке  дауа

Аудан орталығындағы қуаныш жаңа аудандық емхананың ашылуымен жалғасын тапты. Жиылғандарды құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов дүние жүзінде орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан даму жолының қарқынын тоқтатпай отырғанын, бұл Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан  игі істер екендігін айтып өтті.

– Облыс әкімдігі қызметін бастаған кезімде Индер ауданында өткір мәселе болып тұрған медицина мекемелерін, мәдениет үйлерін, тұрғын үйлерді алғашқы кезекте салуды қолға алған болатынмын. Енді, міне, соның бірқатары жүзеге асып жатқанына өзім де қуанып тұрмын. Бұл – кез келген ел мен қаланың ортасында тұратындай қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған, құны 1 млрд. 150  млн. теңгеден асатын емхана, – деді.

Бұдан соң облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мен ардагер дәрігер Сабырғали Сидеғалиев ғимараттың тұсауын кесіп, жаңа емханамен танысып шықты.

Жаңа емхананың ерекшелігі сол, негізінен мүгедектерді оңалтуға бағытталған. Мысалы, арнайы жасақталған бөлмеде мүгедектерді оңалтуға арналған бірқатар жабдықтар қондырылған. Артромат, вертикализатр сынды тағы басқа аппараттар сырқат жанның аяқ-қолдарын, саусақтарын қимылдатуға, сүйеп тұрып жүруге, бойын тіктеуге, тағы басқа да дене мүшелерін қимылдатып, жаттығуына мүмкіндік береді екен. Невролог дәрігер Айжан Ермекқалиева айтып өткендей,  инсульт соғып, аяқ-қолы сал болып қалған сырқаттарды да дер кезінде осындай аппараттармен қимыл-қозғалысына әрекет етсе, оңалып кетуіне мүмкіндік зор.

– Басты мақсат – мүгедек жанды төсекте жатқыза бермей, қимыл-қозғалысына әсер етіп, мүмкіндігінше сауығып кетуіне жәрдемдесу. Ал оған емханада барлық жағдай жасалған,- дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаева.

Сонымен қатар, рентген, зертханалық, офтальмологиялық, тағы басқа да заманауи  құрал-жабдықтар бар мұнда. Енді сырқат жандарды  бұрынғыдай облыс орталығына не басқадай емдеу орындарына сабылтпай, жаңа емханада емдеуге болады.

 

Бөденеде   берекелі іс  бар

Өзге өңірлермен қатар, өркені өсіп келетін Бөдене ауылында бүгінде қуаныш көп. Кірме жолы төселіп, жаяу жүргінші жолы салынған ауылда осы күні фельдшерлік-акушерлік пункті де пайдалануға берілді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында халықты қуанышымен құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мұндай жақсылықтардың әлі де жалғасатынын айтты.

– Елбасымыз қашан да халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударып келеді. Әсіресе, халық денсаулығының жақсаруына септігін тигізер осы фельдшердік-акушерлік пункт (ФАП) секілді нысандар облысымыздың мол мүмкіндігінің арқасында әр өңірде салынып жатыр. Өйткені, мемлекет үшін оның халқының амандығы – басты байлығы. 

Ел экономикасының дамуында әрбір еңбек адамының үлесі бар. Сондықтан, әркім алдымен «мемлекет маған не берді?» деп емес, «мен отбасыма, ауылыма не жасай алдым?» деп өмір сүрсе, біз бағындырмайтын белес жоқ. Жасыратыны жоқ, қазір шетелге шықсақ бізді «қазақ!» деп анық таниды. Мұның барлығы Президентіміздің парасатты саясатының, көрегенді көшбасшылығының, әлемдегі беделінің, елдегі татулықтың арқасында мүмкін болып отыр, – деп елге береке тіледі.

Бұдан соң, сөз алған  еңбек ардагері Қараша Мәулет халық сұранысын қанағаттандырып отырған облыс әкімі мен аудан басшыларына ауылдастары атынан алғысын білдіріп, Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалып жатқанына шын қуанышты екендігін жеткізді.

Сән-салтанаты келісті фельдшерлік-акушерлік пункт қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Жатып ем алуға лайықталған күндізгі екі керуеттік бөлмеден басқа мұнда дені сау балалар бөлмесі, алдын-ала егу бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, зертхана мен залалсыздандыру бөлмесі бар. Әсіресе, ақ халаттылар анализді айыру үшін енді аудан орталығына шаппай, осы жерден анықтауға мүмкіндік жасалғанына қуанулы.

Мың жарымға тарта халқы бар мекеннің тұрғындарына медицинаның қолжетімділігін арттырған жаңа нысанда бір дәрігер, бес орта буын және бір кіші маман қызмет көрсететін болады.

Аталмыш нысанның ашылуынан соң тыл ардагері Бағыт Еңсепов те облыс басшысына өз ризашылығын айтты: «Әкем кешегі фашистік Германияға қарсы соғысқа кеткенде, біздер бала болсақ та еңбекке ерте араластық. 1943-1944 жылдары өгіз арбамен колхоздарға жанар-жағармай тасыдық. «Ердің ерден несі артық, елге сіңген ісі артық» демекші, артында айта жүрерлік ісі қалған адамның ғана тарихта ізі қалады. Сондықтан, біз облыста жасалып жатқан әрбір игілікті ісіңізге сәттілік тілейміз».

Іссапар аясында облыс басшысы «Нұр Отан» аудандық филиалы үйінде қоғамдық қабылдау өткізіп, мұң-мұқтажбен келген тұрғындарға көмек болатынын айтты.

Бір күнде 130 отбасын баспанамен қуантып, медицина саласын соны жаңалықпен жаңа деңгейге жеткізген қос нысан пайдалануға берілген күн аудан халқы үшін ұмытылмас сәтке айналғаны анық.

Иіре білген істің игілігі болатынын ұғындырған Индер жеріндегі қуанышты күндер болашақта да жалғасын таба бермек. Өркениетке ілескен өңірлердегі дамуға құлшыныс бұған мол мүмкіндік туғызады.

Арал БАЙЖІГІТОВ, Сұңқар КӨШЕКОВ,

Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз