ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕРЛЕРГЕ АРНАЛДЫ

Ел өміріндегі ерекше даталар – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесіне орай, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде салтанатты жиын болып өтті.

Қауіпсіздік саласының ардагерлері арнайы шақырылған жиын 3-ші Украин майданына, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға, Берлин операциясына қатысып, ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен екі мәрте марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері, қауіпсіздік саласының майталманы подполковник Кенжебай Мәденовтің мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Бұдан соң жиналғандарды атаулы мерекелермен құттықтаған Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ақдарбек Кенжебеков отты жылдары қазақ халқының ерен ерліктің өшпес үлгісін көрсеткенін атап өтті. Салтанатты шара одан әрі қауіпсіздік саласының ардагерлерін марапаттаумен жалғасты. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының бұйрығымен запастағы полковниктер – Нариман Иглашев, Тілекқабыл Айтқалиев, Бексұлтан Мақашовтар «Ұлттық қауіпсіздік органдарының Құрметті қызметкері» төсбелгісін тағынды. Сондай-ақ, департаменттің бір топ қызметкеріне арнайы атақ берілді.
Салтанатты шара одан әрі генерал-майор Бисен Саппаевтың рухына арналған волейбол турнирімен жалғасты. Мемлекеттік және құқық қорғау органдары арасында ұйымдастырылған турнирге барлығы тоғыз команда қатысты. Жарыс нәтижесінде бірінші орынды облыстық ішкі істер департаментінің құрама командасы иеленді. Кедендік бақылау департаменті мен облыс әкімі аппаратының құрама командалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Атап өтерлігі, аталмыш шараларға генерал-майор Бисен Саппаевтың, подполковник Кенжебай Мәденовтің ұрпақтары қатынасып, марқұм болған тұлғалар туралы естеліктерімен бөлісті.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз