Ескі базар. Ерекше көрініс…

whatsapp image 2024 03 11 at 11.24.063 Жаңалықтар

Атыраулықтар «Ескі базардың» бұрынғы қалпын сағынатын сыңайлы. Баяғыда ығы-жығы болып жататын халықтың қарасы қазір де толастамаған. Көпшіліктің осы күнге дейін жаппай ағылып келуінің сыры неде? Көптен бері бас сұқпаған базарға біздің де табан тіреп, аяқ басып тұрғанымыз осы. Айналасында қаптаған көлік, ескіліктің естелігіндей бұрынғы ғимараттар өткен заманды еске түсіріп, құдды сол уақытқа сапар шеккендей әсер қалдырады.

Қазір қалада қаншама супермаркет, гипермаркет, қала берді сауда ойын-сауық орталықтары бар. Соған қарамастан тұрғындар әлі осы жаққа ағылады. Мұнда әдетте ұсақ-түйек заттан бастап, азық-түлік, балық, үй жануарлары сатылады. Бағасы арзан дейін десек, өзге базарлардағы бағадан 50-100 теңге көлемінде ғана айырмашылығы бар. Соған қарағанда тұрғындар үйреншікті әдетімен осы жерге келгенді ұнататын секілді.

Балапан баптаған Ырысты апай

Базарды аралап жүріп, 50 жылдан бері құс сатумен айналысып келе жатқан Ырысты Үмбетова апайды жолықтырдық. Жасы 70-ке таяп қалған зейнеткер күннің ыстық-суығына төзіп, алты баласының нәпақасын әуелден осы жерден тауып келе жатыр екен. Зейнет жасына жетсе де, қол қусырып отыруды білмейтін Ырысты апайдың дегенмен, өмірге деген ынтасы ерекше. Айналасына үнемі шуақ шашып жүретін адамға ұқсайды. Ол кісі бұл жолы базарда әтештерін саудалап тұр екен. Әрқайсысының бағасы 3500-4000 теңгеден.

whatsapp image 2024 03 11 at 11.24.061

«Базар ашылғалы осында сауда жасап келемін» деген кейіпкерімізге журналистік әдетімізбен көкейдегі көп сұрағымызды қойып жатырмыз.

Жарты ғасырға жуық өмірі базармен тікелей байланысты болып келе жатқан кейіпкеріміздің бұрынғы «Колхоз базары»  мен қазіргісінің айырмашылығы туралы айтары бар екен.

– Кезінде базарда арнайы павильондар,  сауда жасауға ыңғайлы етіп жасақталған жер бар еді. Қазір ғой тақыр жерде тұрып сауда жасаймыз. Мына жабындыларын әркім өзі қолмен жасап алған. Әсіресе, жаңбырлы күндері қиын. Кешегі қар еріген кезде мына жерден адам жүре алмай қиналды. Ал,  басқа қалаларда құс сататындарға арнайы көлеңкелі орын бөлініп, жәшіктер беріледі екен. Бізде мұндай жағдай қарастырылмаған. Қазір тұрған орнымның ақысы 1 мың теңге. Менен басқалары 5–8 мың теңге аралығында ақша төлейді, сататын тауарына байланысты, – деді Ырысты апай.

«Тек құс пен олардың жұмыртқасын сатасыз ба?» дейміз біз.

– Жоқ, көктемгі мезгілде балапан шығарамын. Ал, табысым әр кезде әрқалай. 2-3 тауық сатсақ, оның ақшасына жемін аламыз, артылғанын өзімізге жұмсаймыз. Қазіргі уақытта ай сайын төлейтін несиеміз бар. Зейнетақымды алған бойда соны төлейміз. Сол үшін жүрміз ғой мұнда, – деп күлімсіреген апай күннің жылы уақытында 40-50 шақты құс ұстайтынын, қысқа қарай оның санын  азайтатынын айтып қалды.

«Қазір үйімде 10 тауық, 4-5 әтешім бар. Ал, балапандарды инкубатордан шығарамыз. Бүгінде жеке кәсіп ашып, тауық өсіріп, сататындар көп қой, қажетімді солардан сатып аламын» деді ол.

Байқауымызша, тауық өсірудің өзіндік қиындығы бар екен. Әсіресе, күннің салқын уақытында құстарға ерекше күтім керек көрінеді. Қора жылы болмаса, тауық жұмыртқа бермейді. Ертелі-кеш жарықты қосып қоюға оның бағасы тым қымбат. Олардың ішетін суының жылы болуы да маңызды болып шықты. «Қазақта «Бейнетсіз зейнет болмайды» дейді ғой, ішер асымызды ешкімге қол жаймай осы кәсіппен тауып отырмыз» деген апай жолдасы екеуі үш ұл, үш қыз өсіріпті. Олардың бәрі бүгінде аяқтанған екен.

whatsapp image 2024 03 11 at 11.24.062

Сұхбатымыздың соңында «Ырысты апайдың саудасы жүре берсін» деген оймен 100 теңге тұратын үй жұмыртқасының 10 данасын сатып алдық. Балаларының қамын ойлап жүрген осындай әйел адамдардың қажырлы еңбегі мен таудай талабы бүгінгі қоғамға үлгі болғандай.

«Мұндағы өнім едәуір арзан»

Ескі базарға барып тұрып мұнда келушілерді бірер ауыз сөзге тартқанды жөн көрдік. Соның бірі – егделеу жастағы әйел сауда орнында сатушыларға да, келушілерге де жағдай жасалмағанына шағымданды. «Үйреніп қалғасын осында келе береміз. Бірақ айналаны жинастырып, қолайлылық туғызу қажет қой» деді ол.

Ал келесі сұхбаттасушымыз базарға кәуап пісіруге ет алу үшін келіп тұр екен. «Мен мұнда сиректеу болса да бас сұғамын. Басқа сауда орындарымен салыстырғанда мұндағы өнім бағасы кәдімгідей арзандау» деген пікірін айтты ер адам.

Иә, ескі базардағы күнделікті көрініс бізге ерекше әсер сыйлады. Сондықтан, одан арыла алмай, тезірек қағазға түсіруге асығып, базардан қимастық сезіммен шығып бара жаттық…

Малика ТӘКЕЖАНОВА,

Суреттер – автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз