Атырауда қанша және қандай этностар тұрады?

EAS 785 1 Жаңалықтар

Atr.kz/1-наурыз, 2019 жыл. Қазақстан аумағына 1940 жылдан бастап 1 миллион 200 мыңнан астам түрлі ұлт өкілдерінің көшірілгені бізге тарихтан белгілі.

EAS 785 1

Тың игеру кезінде де жерімізге 600 мыңнан астам адам қоныстанған. Бір кездері түрлі этностар солақай саясат салдарынан елімізге еріксіз  қудаланып келгенімен, қазір олар «Отаным – Қазақстан» деп өздеріне пана, қорған болған қазақ халқына алғыстарын білдіреді.

Солардың бірі – армян ұлтының өкілдері. Елімізде 15 мыңнан астам, ал, аймақта 400-ге жуық армян бар. Олардың басым көпшілігі облыс орталығында тұрады. Армяндар өңірдегі өзге ұлттар секілді этномәдени бірлестікке шоғырланып, мәдениеті мен салтын, тілін сақтап, дамытуда. Олар жаздың жайма-шуақ күніне келетін «Вардавар», ғашықтар арасындағы сезімді нығайтуды көздейтін«Терендез» ұлттық мерекелерін дәстүрлі түрде атап өтіп келеді. Атыраудағы Успен соборы маңында бой көтерген армян христиандарының символы саналатын Хачкар ескерткіші де елімізде өзге ұлт өкілдері дініне, тіліне қарай бөлінбейтінін, олардың ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға бар мүмкіндік қарастырылғанын айқын аңғартып тұрғандай. Армян халқының нышаны «Хач» – армян тілінен аударғанда крест, ал, «кар» тас дегенді білдіріп, «тас-крест» деп аударылады. Алайда, «хачкар» – тас қана емес, бұл армян халқының тарихын бейнелейтін ескерткіш. Ал, армян халқының тарихы қазақ жерімен  тығыз байланысты.

Қазақстандағы армян диаспорасы ХХ ғасырдың екінші  жартысында  Армениядан  күштеп  көшірудің  нәтижесінде  қалыптасты.  Қоныс  аударушылардың негізгі толқыны Қазақстанға ХХ ғасырдың бірінші жартысында тың және тыңайған жерлерді  игеру  жылдарында  Кеңес  үкіметінің жүргізген саясатының салдарынан, сондай-ақ Закавказье оқиғаларынан кейінгі 80-90-шы жылдары келген. Армяндар әсіресе, Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар қалаларына көптеп қоныстандырылған.

Жергілікті «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Гагик Плузянн 1 наурыз  – Қазақстанда тағдыр тоғыстырған көп этностың ортақ тарихын құрметтеу күні екенін айтады.

«Өзгелер секілді армяндар да Алғыс айту күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. Себебі, бұл мерекенің мән-маңызы тарих қойнауынан бастау алады десек, асыра айтқанымыз емес. Солақай саясат салдарынан жер ауған ұлттардың ішінде армяндар да болды. Біздің ата-бабаларымыз да тағдырдың тәлкегіне ұшырады. Дегенмен, сондай сәттерде тілі, түрі басқа деп жатсынбаған қазақ халқына қарыздар екенімізді біз ешқашан ұмытпаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, 1 наурыз Алғыс айту күні болып белгіленгеннен бері жыл сайын жақсылық пен адамгершіліктің, бауырмалдықтың нышаны ретінде атап өтеміз. Театрландырылған көрініс пен концерттік қойылымдар арқылы өткенімізді бейнелеп, тәлім-тәрбие ретінде бүгінгі ұрпаққа жеткізгіміз келеді. Өткенсіз бүгін жоқ. Тарихты біліп өскен ұрпақ қана халқының, ұлтының жанашыры бола алады» – дейді ол.Иә, сан мыңдаған ұлттарды ынтымақ бесігінде тербеткен Қазақ елінің феномендік сипатын әлем үлгі етуде. Өйткені, халқымыз үшін  адамгершілік, бірлік, бауырмалдық ұғымдары бәрінен биік.

P.S.

Иә, сан мыңдаған ұлттарды ынтымақ бесігінде тербеткен Қазақ елінің феномендік сипатын әлем үлгі етуде. Өйткені, халқымыз үшін  адамгершілік, бірлік, бауырмалдық ұғымдары бәрінен биік.

Сіз не дейсіз?

Андрей КОРАБЛЕВ, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Ортақ  Отанымыз

– Қазақ ұлты депортацияға ұшырап, туған елінен қуылып, жер ауып келген талай ұлттың өмір сүруіне пана болды. Өздерінің сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне қарамастан қолындағы барымен бөлісті. Сөйтіп, өзге ұлттардың өмір сүріп, отбасын сақтап, еңбек етуіне жағдай жасады.

Біз де осы жерде туып-өсіп, жергілікті халықпен бір үйдің баласындай өмір сүрдік. Бірге білім алып, бірге есейдік, қуанышта бірге күліп, қайғыда бірге мұңайдық. Сондықтан, бәріміздің Отанымыз бір. Ал, атқарып жатқан жұмыстарымыз да – осы елдің болашағы, игілігі үшін!

Бүгінде Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Облыстың өзінде 80-нен астам ұлт өкілдері, 19 этномәдени бірлестік бар. Ең бастысы, әр адамның еңбегіне қарай алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасалған. Ендеше, тағдыр тәлкегімен өзге елге жер аударылған халыққа құтты қоныс болған Қазақ еліне алғысым шексіз.

Ольга ГАУН,

неміс ұлтының өкілі:

Жат демей жақын тартты

– Менің  ата-әжем Қазақ топырағына 1942 жылы жер ауып келген. Неміс халқының тең жартысы Орал облысына жіберілсе, қалғаны сол кездегі Гурьевке қоныс аударылды. Ағайындық қатынасты біржола жою үшін отбасы мүшелерін жан-жаққа әдейілеп үзетін болған. Дегенмен, менің ата-әжем мен туыстарым бір-бірінен ажырамауға тырысқан. Сондай қиын-қыстау кезеңде жер ауып келген жат жұрттықтарға жергілікті халық қана көмек қолын созып, бауырына тартты.

Ол кездері заманның қиындығына қарамастан, адамдардың ниеті таза болған. Қазақ халқы  өз жерінде көптеген ұлт өкілдерін ашық-жарқын қарсы алып, бір үзім нанды бөлісіп жеген. Осылай Отанынан жырақ қалғандардың көкейлеріне келешекке деген сенім ұялатты. Міне, сондықтан да Қазақ халқына алғыс айтамыз!

Надя  АЛЕКСАНДРОВА,

көп балалы ана:

Бұдан асқан бақыт жоқ

–Біз бұл күні қазақ халқының қамқорлығын еске аламыз. Себебі, ата-бабамыз депортацияға ұшырап, тағдыр тауқыметін тартқан шағында қазақтар қолұшын созды. Осы жерден әр этнос өз үйін, өз отбасын, өз Отанын тапты. Мен өзімді сондай ұрпақтың бірі санаймын. Қазақ халқы панасыз қалған шақта ата-бабаларыма қонақжайлылық танытса, олардан өрген ұрпақ мен де еңбек етіп, көп балалы ана ретінде үйлі болдым. Бүгінде балаларыммен жайлы баспанамда, берекесі артқан бейбіт елде өмір сүрудемін. Адамға бұдан асқан бақыт жоқ!

Облыстағы  этностар саны:

  • Орыстар – 33711;
  •   Кәрістер – 3161;
  •     Татарлар – 2333;
  •       Украиндар – 792;
  •         Немістер – 475;
  •           Болгарлар – 244 және тағы

 басқа да ұлттар бар.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз