Жарнама
Жаңалықтар

Робототехника бойынша өткен облыстық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Бүгінде әлем жылдам өзгеріп, технология қарыштап дамуда. Бұрын кинодан көріп, қиял-ғажайып кітаптардан ғана оқитын роботтар қазір көз алдымызда, өмірімізге дендеп еніп кетті. Қуанарлығы сол, бұл салада мұндай «ақылды» құрылғыларды жас таланттар жүзеге асырып жатыр.

Роботехника бойынш а «KazRoboSport — 2023» республикалық чемпионатының Атырау облысындағы іріктеу кезеңінде жас дарындардың заманға сай техниканың қыр-сырын терең меңгергеніне куә болдық. Абай атындағы оқушылар орталығының спорт за лында өткен конкурс облыс әкімдігі және облыстық білім беру басқармасымен жасалған меморандум аясында Атырау қаласының жастарын дамыту бастамасы негізінде ұйымдастырылды.

Басты мақсат – балалар мен жастардың STEAM және робототехника саласындағы техникалық шығармашылығы мен қажетті дағдыларын дамыту, әрі көпшілікке осы бағыттарды насихаттау. Конкурсқа 6-1 8 жас аралығындағы балалар қатысты. Мектеп, қосымша білім беру орталықтары, университеттерді қоса алғанда әр топта екі адамнан құралған барлығы 77 команда бақ сынады. Атырау қаласынан басқа, Жылыой, Қызылқоға, Мақат, Индер аудандарынан да қатысушылар келді.

Жеті аталым бойынша сынға түскен командалардың басты ерекшелігі – робототехника саласын ұлттық ойындармен ұштастыру. Атап айтқанда, балалардың құрастырған роботтары арқан тартысып, асық атысты және «ақ сүйек» ойнап жарысты.

Бұл үш номинация бойынша Әмірбек Әнуар мен Егор Повстянко («Терең ой» оқу орталығы), Інжу Кенжебекқызы мен Инабат Жанғабылқызы (Қызылқоға аудандық Оқушылар орталығы мектебі), Алина Истомина және Венера Серікқалиева (JasSpace кеңістігінің оқушылары) жеңіс тұғырынан көрінді.

Сондай-ақ, командалар «Робосумо 10*10», «Желілер бойынша жарыстар», «Робо-сума 25*25», «Кегельринг квадро» номинациялары бойынша сайысты. Нәтижесінде Нұрсұлтан Ғалымжан мен Жақсылық Әбілмансұр (JasSpace кеңістігі), Әли Өтепберген мен Ердәулет Қараша («Терең ой» оқу орталығы), Алмагүл Жексенбай (Мақат ауданы Х.Санбаев атындағы орта мектеп) бірінші орынды жеңіп алды. №32 орта мектептің оқушылары Әлия Зұлқайыр мен Индира Салауатова да жеңіске жетті. Барлық жеңімпаздар Астана қаласында қараша айында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама ұтып алды. «ҚазРоботикс» Қазақстандық робототехника федерациясы Атырау филиалының директоры Асқар Алданның айтуынша, робототехника балалардың бәсекеге қабілетін арттырып, креативті ойлау жүйесін дамытады. Қазір бұл бағыттағы үйірмелерге сұраныс жоғары.

– Өткен жылдармен салыстырғанда, қазір балалардың робототехникаға қызығушылығы артып келеді. Балан ң конструкцияға қызығушылығы болса, оны осы салаға бейімдеген дұрыс. Бұл үйірме жас буынның бағдарламалау мен алгоритмдік ойлау қабілетін, техникалық қиялын дамытады. Келешекте сұранысқа сай маман болуға дайындайды. Робототехника негізінен бірнеше пәнді бір арнаға тоғыстырады. Математика, физика, информатикамен қоса, тіпті биологияның заңдылықтары да қажет. Күнделікті өмірде алып жатқан білімді де тәжірибеде қолдануға тура келеді. Сондықтан, біз бүгінгі конкурсты STEAM бағытта жастарға білім беріп, дамытып жатқан Орталық Азияның Еуразия қорымен бірлесе ұйымдастырдық, — деді Асқар Алдан.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button