Республика күні: Эссе байқауының жүлдегерлері марапатталды
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 25 қазан ұлттық мереке – Республика күніне орай белсенді студенттерге, магистранттар, мен жас оқытушыларға арнап дөңгелек үстел өткізілді.
Жиын барысында философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Өмірбек Бекежан және гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы Айдын Лұқпанов сөз сөйлеп, ұлттық мерекенің маңыздылығы жөнінде сөйледі. Ғалымдардың Қазақстанның егемендікке қол жеткізуі, тәуелсіз елдің тұңғыш төл Декларациясының қабылдануы тарихын сол кезеңнің куәгерлері ретінде жатық баяндап беруі студенттердің тақырыпқа қызығушылығын арттыра түсті. Сондай-ақ, профессор Сәния Ибрагимова да өз кезегінде шетелдерде жүргенде Қазақстан мемлекетін жақсы танып жататынын, осындай азат елдің өкілі болғанын мақтаныш ететінін айтып, жастарды туған елдің патриоты болып, ұлттық құндылықтарды биік ұстауға шақырды.
Жиын соңында Республика күніне орай студенттер арасында жарияланған «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырындағы эссе байқауының қорытындысы жарияланды. Ол бойынша қазақ тілінен 1-3 орындарды Ерқанат Жұмабаев, Қарлығаш Оразбайқызы, Жанарай Қалим; орыс тілінен Мәдина Нұрғожиева, Ирина Глебус, Дарья Шаратова; шет тілінен Елдар Ерұлан, Айжұлдыз Тілеш иеленіп, жеңімпаздарға ақшалай сияпат тағайындалды. Эссе байқауының жүлдегерлерін университет ректоры Саламат Идрисов марапаттады.