Қызылқоғадағы мәдениет үйінің құрылысы не себепті тоқтап тұрғаны айтылды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аймақтағы қайта қолға алынған «сақалды құрылыстардың» қатарында ауылдық округтердегі мәдениет үйлерін де атап өткен еді.
Шалғай елді мекендерден заманауи талапқа сай жабдықталған мәдениет ошағының бой көтергені, әрине, қуанышты жаңалық. Өйткені, көптеген ауылдарда бұрынғы кеңестік шаруашылық кезінде салынған клубтардың бүгінде орны да қалмаған.
Қайрат Талапұлының келтірген дерегіндегі, мәдениет нысандарының алды 2020 жылы бастап салынған. Айталық, сол уақытта Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылынан 300 орындық мәдениет үйі бой көтеріп, көп ұзамай Құрманғазының Азғырынан да осы тектес құрылыстың тұсауы кесілді. Тек соңғысы 100 көрерменге шақтап қаланған екен. Ауыл мәдениеті саласындағы нағыз қарқынды құрылыс өткен жылы басталыпты. Атап айтқанда, Жылыой ауданының Шоқпартоғай, Тұрғызба, Майкөмген ауылдық округтерінен де 200-300 орындық мәдениет ошақтарының іргетасы құйылған. Жылыойлықтардан Күй атасы Құрманғазы атындағы ауданның құрылысшылары да қалыс қалған жоқ. Бір мезетте Хиуаз бен Котяевка ауылдарынан 300 орындық жаңа мәдениет үйлерінің қабырғасы қалана бастады.
Бұл салада көңілге көлеңке түсіретін жайттар да жоқ емес. Соның бірі – Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылдық округінен бой көтере бастаған мәдениет үйінің құрылысы. Оның тоқтап қалғанына бірнеше жылдың жүзі болып отыр.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтің айтуынша, кезінде 301 млн. теңгеге бағаланған 400 орындық мәдениет ордасының іргетасы 2017 жылдары бастап құйылып, қабырғасы қалана бастаған екен. Бірақ мердігер мекеменің жауапсыздығынан жұмыс аяғына дейін жеткізілмеген. Арада бір жыл өткеннен кейін құрылыс қарқынынан жаңылып,бірте-бірте саябырсиды. Тендерді ұтып алған ақтөбелік «Автостройконсалтинг» ЖШС ақыры өз міндетін орындамай, жұмысын аяқтамай жөніне кетеді.
– 2021 жылы облыстық құрылыс басқармасы мердігер мекемені сотқа беріп, арадағы келісім-шарт түбегейлі бұзылды. Енді бағасы қайта қаралып, жобалық сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіледі. Сонан соң қайтадан тендер өткізіп, мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстары содан кейін жалғасары анық, — дейді бөлім басшысы Д.Нығметов.
Мұқырлық өнерсүйер қауым ауылдағы мәдениет ошағы құрылысының тезірек қалпына келгенін қалайды. Әзірге құр қабырғасы ғана қаланып, қалқиып тұрған мәдениет үйінің құрылыс алаңынан қазір тіршілік нышаны білінбей тұр.
Ербол ҚОШАҚАНОВ