Қызылқоға және Махамбет аудандарында кәсіпкерлер саны артқан
32 мыңға жуық тұрғыны бар Махамбет ауданында шағын жəне орта бизнес нысандары жыл санап көбейіп келеді.
Бүгінгі бизнес саласы тек мал бағып, егін егуден өзге кəсіптермен толығуда. Көлік жөндеу орталығы, ұлттық қолөнер шеберханасы, кондитерлік тəттілер шығаратын цех секілді 1737 шағын бизнес нысаны жұмыс істеп тұр.
«Қазіргі таңда Махамбет ауданы бойынша 7 кəсіпкер 51,3 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Оның ішінде 4 кəсіпкер 11 млн. теңге қайтарымсыз несиеге ие болды. Соның арқасында ауданымызда қолөнер шеберханасы, сəн салондары ашылып жатыр. Халық жұмыспен қамтылуда», — дейді Махамбет ауданы əкімінің орынбасары Нариман Биғали.
Кəсіпкерліктің қанат жаюы жаңа жұмыс орындарының пайда болуына себепкер екені даусыз. Бір ғана Махамбет ауданы бойынша 50-ге тарта адамға тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Мемлекеттің қаржылай қолдауын сезінген кəсіп иелері жаңа жобалар ұсынуда. Биыл ауданда 5 кəсіпкер ауыл шаруашылығын өркендетуге, 3 кəсіпкер жеке бизнесін дамытуға жоба ұсынып отыр. Оның ішінде өңір үшін жаңа сала – малдың жүнін өңдейтін цех, алма, лимон шырынын шығаратын кəсіпорын бар.
Төрт түліктің бабын тамыршыдай тап басатындар Қызылқоға ауданында да жеткілікті. Тек көпшілігі айналымға салатын ақшаның аздығынан тұсалып келген еді. Енді мемлекеттік түрлі бағдарламалар ауыл азаматтарына бизнестің белестерін бағындыруға игі ықпал ете бастады. Былтыр Қызылқоға ауданында 58 кəсіпкер 633 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.
Қызылқоға – бірыңғай ауыл шаруашылығына маманданған аудан. Сол себепті шағын жəне орта бизнес те мал шаруашылығымен байланысты. Соңғы 5 жылда өңірде мал басы 15 пайызға артса, ол да осындай игі бастамалардың нəтижесі. Мемлекет қолдауын сезінген ауылдықтар қазір жаппай асылтұқымды мал басын көбейтуге көшті. Атап айтқанда, «авердин-ангус», «ақбас» секілді асыл тұқымды сиырларға сұраныс көп. Сондай-ақ, еліміз бойынша қолға алынған «ұлттық кəсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы да өз жемісін бере бастады. Жаңа бағдарламалар арқылы былтыр 7 жоба қаржыландырылды. Əсіресе, мал шаруашылығын қолға алғандар баршылық.
«Атакəсіпке ден қойғандар үшін алғашқы кезеңде 5 млн. теңге жеңілдетілген несие бере аламыз. Қайтару мерзімі 7 жыл жəне оның алғашқы 2 жылы жеңілдік мерзімі деп есептеледі. Яғни, алған малы төлдеп, көбейгенше мемлекет қарасады. Ал, ауылдан басқа кəсіп ашамын дегендерге 6 млн. теңгеге дейін несие қарастыра аламыз», — дейді Қызылқоға аудандық кəсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбөпиева.
Арыстанбек КЕНЖЕ