Қызметі қайнаған «ҚАЗПОШТА»
Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл. Еліміздегі бірден-бір жетекші байланыс операторы болып табылатын «Қазпошта» АҚ қазіргідей төтенше жағдай кезінде халыққа қызмет көрсетуді қалай ұйымдастыруда? Карантин кезінде өңірімізде пошта жеделхаттары мен ақша аударымдарын жіберу, мерзімдік басылымдарды тарату, сәлемдемелерді (посылка) жолдау жұмыстарында қиыншылықтар бар ма? Бір сөзбен айтқанда, қызметіне көпшілік жүгінетін пошта байланысының қазіргі жағдайдағы жұмыс ахуалы қандай?
«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры Алтын Садықованың айтуынша, өңірімізде карантин режимі басталғалы Атырау қаласы мен аудандардағы жергілікті 117 пошта бөлімшелері тұрғындарға тыңғылықты қызмет көрсетуде. Пандемия жағдайы пошта қызметінің жұмыс жағдайына да біраз өзгерістер алып келген.
Қазіргі күні облысымыздағы барлық бөлімшелердің жұмыс уақыты сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін. Төтенше жағдай кезінде 11 халыққа қызмет көрсету орталығы мен 2 бөлімше уақытша өз қызметін тоқтатқан. Қызметкерлер мен келушілердің денсаулығын сақтау мақсатында тиісті шаралар алынып, жедел ақпарат жинаудың онлайн нысаны құрылды. Ол арқылы бөлім басшылары жедел штабқа қызметкерлердің денсаулығы туралы мәліметті күнделікті беріп отырады.
Сәлемдемелер залалсыздандырылады
Бүгінгі күні бөлімшелердің келушілерді қабылдау орындарында арақашықтықты сақтау белгілері орнатылып, қызмет көрсетілетін адамдар санына шектеулер қойылыпты. Барлық газет-журнал тасушы пошташылар мен курьерлер бұрынғы жеткізу жұмыс кестесімен өз қызметтерін атқарып, тұрғындарға мерзімдік басылымдарды дер кезінде жеткізуде. Қызметкерлердің барлығы арнайы қорғаныш киімдері, бетперделер мен медициналық қолғаптармен қамтамасыз етілген.
Осыған қоса, аймақ бөлімшелерінде дезинфекциялық жұмыстар күніне екі рет жүргізіліп, ондағы банкоматтар, посттерминалдар, почтаматтар, төлеу терминалдары толықтай залалсыздандырылады. Сондай-ақ, бөлімшелерге өзге өңірлерден келген сәлемдемелерді дезинфекциялауға жіті көңіл бөлінеді. Сондықтан, өңіріміздегі сәлемдеме қабылдаушылар тапсырыстарының қауіпсіздігіне кепілдік бар. Қазіргі уақытта әр азамат пошта сайты мен post.kz арнайы мобильді қосымшасы арқылы бандероль, сәлемдемелерді (посылка) үйге жеткізуге, курьер шақыртып жөнелтілімді алып кетуге тапсырыс берулеріне болады.
Сонымен қатар, коммуналдық немесе басқа да төлемдерді төлеуге, газетжурналдарға жазылуларына мүмкіншіліктері бар. Төтенше жағдайға байланысты мемлекетіміз жұмыссыз отырған азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем беруде. Қысыл- таяң кезде демеу болар осы жәрдемақыны қазіргі таңда 6 мыңға жуық әлеуметтік көмек алушы есепшот ашу арқылы Атырау облыстық пошта филиалынан алып отыр. Арақашықтық сақтау әдісі қолданылатын бұл операция түрін жеңілдету үшін «Қазпошта» виртуалды карта қызметін іске қосты.
– Карантин кезінде тұтынушыларымызға ыңғайлы болу үшін “post.кz сайтында виртуалды карта қызметі іске қосылды. Яғни, азаматтар виртуалды картаны онлайн рәсімдей алады. Осы арқылы тұтынушыға автоматты түрде есепшот ашылады, — деді филиал директоры Алтын Бақтыбекқызы.
Мобильді топтар қызмет көрсетеді
«Қазпоштаның» тағы бір негізгі қызметі – зейнеткерлерге зейнетақы беру. Бүгінгі шектеу шараларына дейін де жергілікті пошта қызметі 1600 зейнеткердің зейнетақысын үйлеріне тікелей жеткізіп тұрған. Сәуір айынан бастап тағы да 240 зейнеткер қосылған. Ал, осыған дейін тиесілі қаражаттарын аяқтай алып жүрген кейбір зейнеткерлер өз денсаулықтарын күту мақсатында зейнетақыларын карантиннен кейін алуға өтініш білдірген.
Бұдан бөлек, дербес шот арқылы зейнетақы алып келген 5000-ға жуық зейнеткерге банкомат карталары рәсімделіп табысталыпты. Бұл игі істерді бөлімшелер тарапынан құрылған арнайы мобильді топтар жүзеге асыруда. Олар жұмыс барысында кейбір зейнеткерлердің тұрғылықты мекен-жайлары, телефондары өзгергендіктерін анықтаған. Осы себепті, өз зейнет ақысын үйге жеткізіп беруді қалаған зейнеткерлер 36-71-00, 36-71-22, 36-71-23 телефон нөмірлеріне хабарласулары керек.
Пошталық қызметтің кез келген түрін атқаратын бұл мобильді топтар қазіргідей төтенше жағдай режимінде дүйсенбі-сенбі күндері сағат 09.00 бен 16.00 аралығында қызмет көрсетеді. Төтенше жағдайға байланысты барлық әуе және темір жол қатынастары тоқтаса да, бұл саланың жеткізу көліктері қалыпты жұмыс істеп тұр. Сондықтан, тұрғындар мен кәсіпкерлер өзге өңірге жеткізе алмаған заттарын пошта қызметін пайдалану арқылы жолдауларына болады. Осылайша, қызметі қайнаған «Қазпошта» қарбалас шақта да халыққа өзінің мүлтіксіз жедел қызметін ұсынуда.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ