Қобыз сарыны

тағзым Жаңалықтар

(элегия)

Қобыз сарыны. Жан дүниеңді шымырлатар, мынау тылсым дүниедегі қайғы мен мұңды, арман мен шерді, шаттық пен қуаныш сезімін жеткізер әуеннің құдіреті қандай ғажап десеңізші. Осы бір қасиетті өнерді бойына сіңіріп, Атырау аймағынан ең алғаш кәсіби жоғары білім алған музыка маманы, колледжіміздің негізін қалаған ұлағатты ұстаз, іскер басшы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры Нариман Сиражұлы Сиражев ағамыздың  дүниеден озғанына да бір жыл толып қалыпты.

тағзым

Адам өмірінің өлшемі өмір сүрген күндерімен, жылдарымен емес, ғұмырындағы мәнді тірлігімен, елге тигізген пайдалы істерімен бағаланады.  Сондай келер ұрпаққа үлгі-өнегесі қал-ған тұлғалардың бірі колледжі-міздегі «ұстаздардың ұстазы»  атанған Нариман аға еді.

Нариман Сиражұлы 1955 жылы бұрынғы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының орталығы – Ганюшкино селосындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, сол жылы күзде өнердің қарашаңырағы – Алматы  мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. Консервато-рияда оқып жүрген Нәкеңнің қазақтың аспаптық кәсіби музыка өнерінің дарабоз тұлғасы академик Ахмет Жұбановтың өзінен дәріс алып, оның болашағынан көп үміт күтер сүйікті шәкірті   болғанының өзі кім-кімнің де маңдайына жазыла бермейтін зор бақыт еді. Бұл жайды әңгіме арасында Нариман ағаның  өзі де: «Ахмет Жұбановтай ұлы тұлғаның көптеген музыкалық ірі шығармаларын өз қолыммен жазып едім» деп ұстазын еске алып, мақтаныш етіп айтып отыратын еді.

1960 жылы консерваторияны жақсы бітірген Нәкең Гурьевте жаңа ашылған музыкалық училищеге келіп, қобыз-прима мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Ол кезеңде училищедегі оқу процесінің жаңа қалыптаса бастаған кезеңі еді, кәсіби жоғары білімі түгіл, арнаулы орта білімі бар музыка мамандарының өзі саусақпен санарлықтай аз болатын. Сол уақыттарда Нәкең іргетасын қалаған училищеде белгілі домбырашы, композитор С.Құсайынов – директор, белгілі домбырашы Б.Рзаханов, қобызшы Р.Нұрпейісова (Сейілхан ағаның жұбайы), А.Черная, Т.Галоган, Е.Нұрашев, И.Колтайс,  В.Ишханов, Е.Беликов, А.Жұбанышев, М.Құспаналиев, А.Вахирев, О.Герлах және тағы басқалар алғашқы ұстаздар болды. Нариман аға өзінің іскерлігі, өз қызметіне деген аса мұқияттылығымен танылып, 1965-68 жылдары училищенің ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі, 1968-69 жылдары Құрманғазы атындағы облыстық балалар музыка мектебінің директоры, 1969-77 жылдары Гурьев музыка училищесінің директоры қызметтерін  абыроймен атқара білді.

1969 жылы колледжіміздің бұрынғы оқу корпусының ал-ғашқы іргетасы Ақ Жайықтың жағасына жақын әсем жерге қаланғанда студенттер мен ұстаздардың қуанышында шек болған жоқ. Алайда, басталған құры- лыстың сол кездегі әдет бойынша тұрғызылғанмен, аяқталуға келгенде тұралап қалатыны бар емес пе? «Материал жоқ, қол күші жетіспейді» деген сылтаумен ішкі жұмыстары тұрып  қалған училище құрылысын Нәкеңнің өзі қолға алғаны бар. Яғни, құрылысшыларға училищенің ұстаздары мен студенттері көмекке келді. Жаз мезгілінде студенттер екі ай демалыс уақыттарында үйлеріне бармай, еңбек етіп, 1972 жылдың ішінде оқу корпусы, әрі жатақханасы бар әсем бес қатарлы жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Бұл Нариман ағаны көптен толғандырып, көңіліне маза бермей жүрген арман-тілегінің орындалуы еді.

1981 жылы Нариман аға Құрманғазы атындағы облыстық балалар музыка мектебінде орын алған моральдік, психологиялық ахуалды түзеу үшін облыстық білім басқармасының тапсырмасы бойынша қайта директор болып тағайындалып, 1982-87 жылдар аралығында музыка училищесінде тағы да басшылық қызмет атқарады. 1992-97 жылдары  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музыка факультетінің халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болды. Ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесінің арқасында әдістемелік еңбектерін жазып, мемлекеттік  жоғары аттестациялық комиссияның 1994 жылы 24 қарашадағы шешімі бойынша «доцент» ғылыми атағын алды.

Ұстаз ағадан дәріс алған 50 шәкірттің жиырма төрті консерватория, жоғары оқу орындары факультеттеріне оқуға түсіп, бітіргеннен кейін республика көлеміндегі үлкен өнер ұжымдарында, оркестрлерде, училище, балалар музыка мектептерінде еңбек етті. Олардың ішінде мақтаныш етер шәкірттері – ҚР еңбек сіңірген әртісі Р.Қойшиева, ҚР білім беру ісінің үздіктері М.Сейітжанова, Н.Елеуова, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Ж.Ермағанбетова, С.Төлепова,  Н.Кұбалиева, С.Мырзағалиева, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушылары О.Қарашева, Н.Абылханова, Г.Ғұмарова және тағы басқалар бар.

Нариман ағаның ғылыми салада жазған оқу-әдістемелік еңбектері де көп-ақ еді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, оның әдістемелік оқулықтары, «Қобыз аспабына өңделіп түсірілген шығармалар мен күйлер жинағы» қазіргі уақытта республикамыздың жоғары оқу орындары мен музыка училищелерінде студенттердің оқу құралы ретінде кеңінен қолданылуда.

Нариман аға өзінің жас ұрпақтарға кәсіби білім берудегі 56 жыл өнегелі ғұмырының 18 жылында ұйымдастырушылық, басшылық, іскерлік, талапшылдық қырларымен танылып, кейінгі әріптес інілері мен шәкірттеріне үлгі тұтар директор, бәрімізге ақылшы, ұжымға аса қадірлі, сыйлы, нар тұлғалы, тұғыры  биік азамат бола білді.

Нариман аға айтулы өнер иесі, үлкен ортаның сыйлы адамы еді. Өмірлік жары Рахимаш апамызбен жарасқан жұптары, жүріс-тұрыстары, сыйластықтары артынан ерген біздердей інілеріне үлгі-өнеге болатын. Ол өте мәдениетті киініп, мәдениетті сөйлейтін. Айтқан сөздері мен тілектерінде артық ештеңе болмайтын. Бәрі тұп-тура, біреуді мақтаса да асыра сілтемейтін, шынайы болып тұратын. Жағымпаздыққа мүлде қас еді.

Нариман аға бірде менің баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларымды оқып: «Нәсіпқали, осы сен біздердегі басқа ұстаздардай емес, жақсы жазатын қабілетің бар. Өнер мен әдебиетке жақынсың, университеттің жанынан аспирантура ашылайын деп жатқан көрінеді. Неге осы «облысымыздың халық аспаптар оркестрлері мен балалар музыка мектептерінің тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация жазбайсың? Ол сенің қолыңнан келеді!», – деп ағалық кеңес айтып еді. Қазір ойлап қарасам, шын жанашырлық  осы екен-ау!..

1998 жылы облыстық «Атырау» газетіне ағаның 60 жасына арнап «Қобыз сазы» атты эссе, алпыс, жетпіс жылдық мерейтойларына арнап, колледжде өткізілген шығармашылық, өнер кештерінің сценарийлерін жазып, оны өзімнің жүргізгенім асыл ағаға деген үлкен сыйластығым, шынайы құрметім болатын. Бір ерекшелік, Нариман аға өзі 56 жыл еңбек еткен «қара шаңырағында» өмірінің ақырғы сәтіне дейін қызметте болды.

Нариман ағаның жұмысқа таңертең ерте келіп, колледж ғимаратының алдында сабақ бастал-ғанша аз уақыт таза ауада серуендейтін әдеті бар еді. Жұмыс кабинеті мұнтаздай таза, аса мұ-қият, үстелінің үстінде артық ештеңе жоқ, жазуы өте әдемі, таза болды. Құжаттары, сабақ журналдары мұқият толтырылып, жазу үстелінде бірнеше қарындаш ұштары сүп-сүйір болып шығарылып, жазуға дайындалып тұратын.

…Өмір-өзен! «Орнында бар оңалар» дегендей, бұл күнде Нариман ағаның шаңырағын ұстап отырған сүйікті жары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ұзақ уақыт ұлағатты ұстаз болып қызмет атқарған ҚР білім беру ісінің үздігі Рахимаш Нәзікенқызы, ұлы Бейбіт, келіні Гүлнар, қызы Марал және немерелері бар.

Таулар алыстаған сайын биіктей түсті. Асқар таудай әке, білікті басшы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы профессоры Нариман Сиражұлы Сиражев ағамыздың жарқын бейнесі шәкірттері мен әріптестерінің жүрегінде үлгі-өнеге болып мәңгілік сақталады.

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,

ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка  Академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз