Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Құрсақта жатып жетім атандым…

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Жастайымыздан әкесіз, жетімдіктің зардабын тартып өстік. Әлі күнге дейін есімде, бүлдіршін қыз болсақ та «әкем қайда?», «ақ тәтем қашан келеді?» деген сұрақтарды анамызға жиі қоятынбыз. Ондайда анам байғұс үндемейтін. Жаулығының ұшымен көзін сүртіп, жүзін теріс бұрып әкететін…

Әкем күйші, жыршы еді Өсе келе ауыл-аймақтан «халық жауының балалары» дегенді жиі еститін болдық. Тіпті, бір күні мынадай жағдай болды. Ауылдың үлкен ақсақалы «сендердің әкелерің кезінде «халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен» дегенді айтты. Бала жүрекке бұл әңгіме қанжар сұғып алғандай әсер етті. «Әкем қайда? Оны неге «жау» деп атайды? Әкем сондай жаман адам болған ба?» деп, үйге еңіреп жүгіріп келген сәтім әлі күнге есімнен кетпейді. Сол кезде анам байғұс қандай күйде болды екен десеңші…

Жүзін жас жуып кеткен анам ұзақ жылғы үнсіздіктен кейін, сол жолы шешіліп сырын айтты. Әкемнің аты Асан Башығұлов екен. Анамның айтуынша, әкем ел ағасы болған. Жетім-жесірлерге, жарлы-жақыбайларға көмектесіп, оларды колхоз мүшесі еткен. Сөйтіп, әрқайсысына бір-бір сиыр малынан бергізген. Әкемді халық күйші, жыршы ретінде де жақсы таныған деседі. Ол кісіні 1937 жылдың қазан айында үйден алып кеткен.

«Нақты қай күні екені есімде жоқ. Әйтеуір, қазанның қара суық түндерінің бірі болатын. Түн ортасы болса керек, қатты шыққан дыбыстан оянып кеттік. Сөйтсек, толған адам тиеген көлік келіп тоқтап, ішінен екі милиция қызметкері түскен екен. Көзге түрткісіз қараңғылықтан олардың жүзі аса анық көріне қоймады. Жөн түсіндірместен, әкелеріңді көлікке отырғызып алып кетті» деген анам ұзақ жылады.

Өкініштісі сол, мен өмірге келмей жатып тірі жетім атандым. Себебі, үндеместердің айдауымен әкемді ұстап кеткен кезде мен анамның құрсағында қалыппын. Апам Назым сол кезде небары екі жаста болған. «Халық жауы» жақсы атақ емес қой. Әкем кеткен соң біздің шаңырақтағы жағдай тіптен ушықты. Анам колхоздың ең ауыр жұмыстарына жегілді. Өгіз арбамен астық та тасыған.

«Сол кездегі Доңызтау деген жерден, Қарауылкелді стансасына дейін астық таситынбыз. Ара қашықтық шамамен 500 шақырым болатын. Үйге араға үш ай салып, бір рет келіп қана тұрдық» деген анамның сөздерін әлі күнге дейін еске алып отырамын.

Колхоз басшылығы тарапынан қатты қысымға ұшыраған анам бір түнде өз жұртына көшіп кетіпті. Әкемнен қалған бір сиырға жүкті артып, бізді нағашыларымыздың ауылына әкеліп тастайды. Апам екеуміз нағашы әжеміздің қолында өстік. Әкем ұсталып кеткеннен кейін араға екі ай салып хат келеді. Онда әкем анама тоңып жүргенін айтып, қолғап пен шұлық салып жіберуді өтінген екен. Хатты оқып, алып-ұшқан анам азық дайындап, қолғап, шұлық салынған дорбаны дереу кіші ағасы Каленнен беріп жібермек болады. Бірақ, Кален аға әкемді таба алмайды.

Алдымен, Жарқамыс ауданының орталығына барады. Ол жерден еш хабар ала алмайды. Ақтөбе, Орал түрмелерін аралайды. Нәтиже болмайды. Сөйтіп, дорбаны түрме күзетшісіне аманаттап тастап кете барады.

Түрме күзетшісіне қалдырылған аманат Анамның айтуынша, әкем марқұм сегіз ағайынды болған екен. Бірақ, олардың бірде-біреуін танымайтыным өкінішті. Ал, анамның төрт ағасы болды. Олар Нұғыман, Еділ, Әбіл және Кален. Ол кісілердің барлығы Ұлы Отан соғысына қатысып, оралмады. Кален ағамнан ғана ел арасында «қара қағаз» аталып кеткен қаралы хабар келді. Басқа ағаларымыз хабарсыз кетті. Кейінірек білдім. Әкемнің Нұрыбай атты немере ағасы болған екен. 19301931 жылдары ашаршылыққа ұшырап, бес баласымен аштан өліпті.

Анамның айтуынша, Нұрыбай ағам балаларына тамақ іздеп жолға шығып, тапқанын әкеле жатқан жерінен ши түбінде жүріп кеткен екен. Әйелі іздеп шыққанда, немере ағам үйге жақын маңнан табылған. Күйеуінің көзін жауып, әйелі үйіне келген уақытта, балаларына да уақыт болған. Осындай қиындықтарды бастан кешірген әулетіміз адал еңбектің арқасында ғана өсіп-өнді. Сол кездегі Үкімет тарапынан қыспаққа тап болған анамыз екі қызын, яғни, біздерді аман-есен ер жеткізді.

Сөйткен анамыз 1986 жылы 86 жасында қайтыс болды. Жалғыз ескерткіш – тілдей қағаз Мен он жасқа келген кезде ғана бірінші класқа бардым. Баршақұм ауылында тұратынбыз. Бір бөлмелі үй ішінде жерде отырып сабақ оқыдық. Сабақтан шыққан соң үш шақырым жер жаяу жүріп, сиыр фермасына келіп бұзау бағатынбыз. Үйге келген соң сығырайған шамның көмегімен сабақ оқып жүрдік. Ол кезде дәптер тұрмақ, қарындаш та, сия да қат болатын. Ағайымыз бір қарындашты үшке бөліп, үш оқушыға беретін. Сияны тарыдан жасайтынбыз. Яғни, тарыны әбден күйдіріп, талқандап, дайын қоспаны суға езгенде, керемет сия шығады.

Осы бір күндер зымырап өтіп жатты. Әкем туралы ақпарат ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келді. Қанша іздесек те, сандаған жылдар бойы әкемнің дерегін таба алмай келдік. Тек арада 61 жыл өткенде ғана, яғни, 1998 жылы Ақтөбе қаласының архивінен әкемнің ақталғандығы туралы анықтаманы таптым. Әкемнен қалған жалғыз ескерткіш осы бір тілдей қағаз болып тұр…

Назымхан АСАНОВА,

репрессия құрбанының ұрпағы,

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button