Құрманғазыда жұмыс қарқынды

2024 04 02 15 02 55 2 Жаңалықтар

Құрманғазы ауданында өзендердің су басу қаупі бар жағалаулары мен сағалар анықталып, осал бөгеттерді бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, қазір ауданда су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерінің аса қауіпті учаскелеріне Шортанбай, Көптоғай және Дыңғызыл ауылдық округі аумақтары кіреді. Аудан бойынша жалпы су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы 264 км (Қиғаш –158 км, Шарон – 106 км). Барлық бөгеттердің техникалық төлқұжаттары жасақталып, ауылдық округтердің теңгеріміне алынды.

-Шортанбай, Көптоғай және Дыңғызыл ауылдық округіндегі аса қауіпті учаскелердің зерделеу жұмыстарының нәтижесінде темір-бетонды құрылыс салу қажет деген шешім қабылданды. Қазір жауапты мердігер мекеме «Tolagai-2050» ЖШС-мен құрылыс жұмыстары басталып, Дыңғызыл бойынша 120 шақырымға 450 тонна қап топырақ, Шортанбайға 200 шақырымға 400 тонна қап топырақ қойылды, ал Көптоғай ауылында 400 метр ұзындықтағы бөгеттің аласа жерлері көтерілді,- деді аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов.

Сондай-ақ оның айтуынша, төтенше жағдай орын алған кезде көшірілетін халықты орналастыру мақсатында аудан әкімдігінің қаулысымен 26 эвакуациялық қабылдау пункті мен 5 эвакуациялаудың аралық пункті бекітілді. Құрманғазы аудандық аграрлы-техникалық колледжі мен аудандық білім бөлімімен халықты орналастыру жөнінде келісім алынды.

-Көшірілетін халықты азық-түлікпен және эвакуация кезінде автокөліктермен, жанар-жағар май отынымен қамтамасыз ету жөнінде аудан кәсіпкерлерімен келісімшарттар жасалды. Қиғаш, Шарон өзендерінің деңгейлері туралы ақпарат «Казгидромет» РМК мекемесінен күнделікті алынып отыр. Аудандық штаб құрылып, мәселе аудан әкімінің бақылауында,- деді М.Хасанов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз