Қиындыққа тап болғандарды қайта әлеуметтендіру орталығы ашылды
Мұнда өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және құқықтық көмектер көрсетіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Ескі ғимарат 1977 жылы бір қатарлы болып салынған болатын. Апатты деп танылған ғимарат бұзылып, үш қатарлы етіп қайта салынып, 70 орыннан тұратын орталық ретінде пайдалануға беріліп отыр. Бірінші қабатының 20 орыны әртүрлі жағдайлармен түнеуге түскен адамдарға арналған бөлімше болса, 10 орыны мобильді әлеуметтік патруль қызметіне арналған. Екінші қабаты орталықтың қызмет алушылары үшін 40 орынмен жабдықталса, үшінші қабатында әкімшілік қызметкерлерінің бөлмелері орналасқан.
Орталықтың ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін арнайы қатысып, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.
— Бүгін қаламызда 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында тағы бір жаңа ғимарат ашылып отыр. Орталық 70 орынмен жабдықталған. Бұл жағдайы төмен, өмірде әртүрлі қиындықтарға тап болған азаматтарға уақтылы көмектесуге арналған. Ғимаратта қызмет алушылар үшін арнайы жағдайлар жасалған. Мұндай іс-шаралар олардың өмірге деген құлшынысын оятып, жақсы жағдай қалыптастыруына жәрдемдеседі деген сенімдеміз. Біз осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жаңа ғимараттар ашуды жоспарлап отырмыз. Жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Ш.Кейкін.
Бүгінде орталықта 19 адам қызмет алады. Олардың бесеуі зейнеткер, төртеуі түрлі санаттағы мүгедектігі бар жандар, екеуі құжатсыз және құжаттары рәсімделген 8 тұрғын дәрігерлік бақылауға алынып, қызметтер көрсетілуде. Сондай-ақ түнде қону бөлімшесіне күн сайын әртүрлі жағдайдағы 10-12 адам келіп түнеуде.
Сонымен қатар мобильді әлеуметтік патруль қызметімен жыл басынан бері бірнеше қаңғыбастыққа салынған азаматтармен ашық сөйлесу іс-шаралары жасалып, олардың 40-ы орталыққа қабылданып, қызметтік қолдау көрсетілуде.