«ҚАЗАҚСТАНДА САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС»
Еліміздің берекетін қашырған белгілі бір топтар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мықты стратег екенін шамалай алмаған секілді. Атырау мемлекеттік университетінің ұстазы, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов бұл туралы «Атырау» газетінің редакциясында арнайы ұйымдастырылған «дөңгелек үстелде» айтты.
– Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «ақымақтар байқамаған шамасын» деген өлең жолдары ойға оралады. Екі жарым жыл ішінде белгісіз күштер қазіргі Мемлекет басшысын дұрыс бағалай алмағанға ұқсайды. Ал, сарабдал да сабырлы саясаткердің артында үлкен стратегия жатқанын аңғармаған сияқты. Бұл қиындықтар мемлекеттігімізді нығайтпаса, еш әлсіреткен жоқ. Қайта, Қазақстанның әлемдегі орнын бекіте түсті. Бізде уран өндірісі жолға қойылғандықтан, ядролық қаруға қатты көңіл бөлетін Иранның өзі соңғы оқиғалардан кәдімгідей үркіп отыр.
Мұстафа Шоқай ауылына жазған бір хатында орта ғасырлық сана-сезімнен арылу керектігін жазған екен. Сол сөз қазіргі жағдайға арналып айтылғандай. Яғни, бұл не деген сөз? Бұл – жемқорлықты жою, ұлттық сананы жаңарту, азаматтық қоғам құру. Сондықтан, алда қазақстандықтарды оң өзгерістер күтіп тұр. Әсіресе, саяси реформалар жүзеге асуы қажет, — деді редакция қонағы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суретті түсірген: Мәлике ҚУАНЫШЕВА