Қазақстанда кім қай қызметке тағайындалды?
Өтіп бара жатқан апта ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен және Мәжіліс депутаттарының қолдауымен еліміздің Премьер-Министрі қызметіне Асқар Мамин қайта тағайындалды.
Сонымен қатар 7-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің спикері лауазымына Нұрлан Нығматулин сайланды. Мұнан бөлек, төменгі палатаның 7 тұрақты комитетінің төрағалары да қызметтеріне кірісті.
Ал Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетіне парламенттік оппозициядан Ерлан Барлыбаев, («Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы), Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Жәмила Нұрманбетова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне Қанат Мусин, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Айгүл Құспан, Қаржы және бюджет комитетіне Марат Құсайынов, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне Альберт Рау, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне парламенттік оппозициядан Александр Милютин (Қазақстан халық партиясы) төраға болып сайланды.
Сондай-ақ осы аптада Юрий Залыгин Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып Ермұханбет Дәулетбаев тағайындалды. Ермұханбет Дәулетбаев өңірдің бас санитар дәрігері қызметін де қоса атқарады. Ол Қарабалық ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы болған. Қызылорда облыстық экология департаментіне жаңа басшы келді. Бұл қызметке Нұржан Өмірсерікұлы тағайындалды.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың өкімімен Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы болып Венера Мұстапаева тағайындалды.
Мемлекет басшысының өкімімен Бақытжан Берікбайұлы Темірболат «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды.
ҚР Парламенті Сенатының баспасөз хатшысы қызметіне Данияр Рамазанов тағайындалды.